АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

суреттер автордікі

 

 Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданда да жүйелі жүзеге асып жатыр. Бұл жолғы басты мақсат – су арналары мен қоймаларын тазалау, арналарды тереңдету арқылы ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды қайта жандандыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау.

Аудан аумағында ұзындығы 200 шақырымнан асатын төрт ірі канал – Нарын, Бақсай, Сборный, Забурын–Кабякобо суару-суландыру жүйелері өтеді. Осы арналардан бастау алатын бес шағын каналдың жалпы ұзындығы 107 шақырымға жуық. Атап айтқанда: Қызыл үй, Есіркеп, Жасқайрат, Ақай және Марташи каналдары. Қазіргі таңда бұл каналдардың басым бөлігі Атырау облысы әкімдігі жанынан жаңадан құрылған «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағына берілген. Тек Қызылүй каналы бұрынғыша Тұщықұдық ауылдық округінің теңгерімінде қалып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов каналдардың соңғы жылдары лайланып, бітеліп қалғанын айтады.

– Арналар топырақпен толып, судың жүруі қиындаған. Қазір бұл бағытта кезең-кезеңімен тазалау, түп тереңдету, техникалық нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жайылым мен шабындықтарға су жеткізуді жеңілдетіп, шаруалардың тіршілігіне серпін береді,-дейді бөлім басшысы.

 

 

Бүгінде «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қолдауымен және бірқатар мекемелердің демеушілігімен Нарын каналынан бастау алатын Қызылүй каналының әлсіз тұстары бекітіліп, Жұмағазы котлованының аумағы шамамен 3000 шаршы метрге кеңейтіліп жатыр. Бұл іске экскаватор, бульдозер, КамАЗ техникалары жұмылдырылған. Сонымен қатар Қызылүй каналы бойындағы су қоймалары – Дүтбай мен Жұмағазы котловандары да аршылып, тереңдетілуде. Бұл жұмыстар жазғы маусымдағы су тапшылығының алдын алып, ауыл маңындағы табиғи жайылым мен шабындықтарды сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстық «Табиғат» мекемесінің көмегімен Обалы каналы, Жанбай ауылына апаратын Нарын арнасы, Ақай каналы бойында да қазу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр.

 Өңірдегі бұл жүйелі істер – бір реттік шара емес, елдің ертеңіне бағытталған маңызды қадам. Суды ұқыпты пайдалану, табиғи байлықты сақтау – бүгінгі ұрпақтың келешек алдындағы жауапкершілігі.

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT