Аялы алақан иесі

Әркім де өзінің қолынан келетін кәсіпке бет бұрып жатқан уақыттағы нарық талабын түсініп, соған сай қарекет қылып баққан жандардың қатарында тұщықұдықтық Балауса Абдуллина да бар еді.

Оның таңдауы массажшы мамандығын меңгеруге түсіпті. Отбасында жарымен екеуі үш қыз тәрбиелеп отырған ол балалары бір-біріне қарайтындай шамаға келген тұста өзінің талап қылған ісіне бел шеше кірісулі.

- Бұл осыдан жеті жыл уақыт бұрын болатын. Ол кезде массаж жасаумен айналысатындар аудан көлемінде некен-саяқ еді. Массаж алсам дейтін үлкен-кіші жандарды жиі кезіктіріп жүргесін бе, осы істі қолға алуды, оған өзімнің ебім де барын ойлана бастадым. Ақыры тәуекел еттім. Әуелі қаладағы білікті мамандардан оқып-тоқыдым, керекті кеңестерін алдым. Олар да өз кезегінде өз ісінің шеберлері болып кезіккеніне әлі күнге дейін қуанып қоямын, - дейді ол.

Осылайша бір кәсіптің иесі болған Балауса сол 2015 жылдан бері ауылдастарына массаж жасау ісімен қызмет көрсетіп келеді. Әрине, алдына үлкен де, кіші де көп келетін болғасын олармен тіл табысуға, жағдайларына зерделей қарауға тырысу өзіне қойған басты талабы да болыпты. Осы талап тұрғысынан көрінуде оған өзінің қарапайым болмысы, көпшіл мінезі, адамдарға ұдайы жанашыр пейіл таныта жүретін қамқоршыл көңілі көмектесті.

Жаңа кәсіпті меңгергелі жеткен жетістігі туралы сұраған бізге «тұтынушыларым жеке парақшама алғыстарын жеткізе жазып жатады, бұл – менің ең үлкен жетістігім» дейді ол. Оның тағы бір жетістігі – өз бетімен біліктілік дәрежесін көтеріп, арнайы сертификаттар иеленуі. Ол «QAZAQ MED CLINIC» кәсіби білім жетілдіру курстарына қатысып, классикалық және емдік массаж циклы бойынша массажист мамандығын меңгерді. «Байтерек» денсаулық орталығы оқуларына да қатысып білімін ұштады. Өз кәсібін жетік меңгеру нәтижесінде тұрақты тұтынушыларын тапты. Оның ізденісті ісі, еңбекқорлығы өзін көпке танытты, тіпті, 2020 жылдың қорытындысында аудандағы «Үздік жеке массажист» те атанды.

Өзі жайында көп айта бергенді құп көрмейтін, қазірде Аққыстаудағы «Алима» халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ғимаратынан бір орынды жалға алып, қызмет қылып жүрген кәсіпкер келіншектің бір мақсаты өз алдына жеке ғимарат иелену екен.

Мақсат биігіне шыға бер, аялы алақан иесі дедік біз де.

Берікбол ҚОНАРОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521