Соңғы кездері елдің әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті, бай мен кедейдің арасы ашылып кетті, билік халыққа қарайласпайды дейтін әрқилы пікірлер ел ішін кезіп жүргені жасырын емес. Тіпті, бірқатар белсенділер үкіметке ашық талап қойып, митингіге шығып, өз арыз-шағымдарын да айтып жүр. Осы олқылықтардың барлығының орны күні кеше Елбасы өткізген бас партияның кезекті съезінде толып, елдің бұрын-соңды өңі түгілі түсіне де енбеген орасан қаржы әлеуметтік салаға бөлініп, қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі тұрғындарға жәрдемақылар мен демеуқаржылар тағайындалып, алғашқы жұмыстардың шеті көріне де бастады.
Сол жұмыстардың қатарында жергілікті әкімдіктерге өңірлік кәсіпкерлік нысандарды тарта отырып, ауыл-елдегі жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созу жұмыстарын ұйымдастыру да жүктелген еді. Осы іске аудан әкімі бастап жергілікті әкімдік мұрындық болып, оны аудандық мәслихаттың депутаты, өлкеге белгілі кәсіпкер Алмас Аманбаев қолдап, Тұщықұдық ауылында тұратын Жұмағалиевтер отбасына баспана алып беру туралы мәселе көтерілген болатын.
Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев сөзіне сүйексек, ауыл тұрғыны Ишенғазы Жұмағалиевтің өз баспанасы тым ескі, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары құрама материалдан салынғандықтан үй қазіргі кезде апатты жағдайда тұр екен. Әуелбаста екіпәтерлі болып салынған үйдің жартысы бұзылған. Ал, қолдағы 6 бала болса әлі жас. Үйде сексеннен асқан қарт әжесі де бар. Өздіктерінен басқа баспана алуға шамалары келмейді, отағасының жұмысқа тұрғанына да көп болмаған, анасының зейнетақысы мен балалардың жәрдемақысынан басқа табыс көзі болмағасын осы отбасыға үй алып бермекке бекінген жергілікті әкімдік кеше күллі батыс жұртына ортақ, көрісу дәстүрлі қарсаңында Жұмағалиевтер отбасына үйдің кілтін табыс етті. Шараға ауыл ақсақалдары, аудан әкімі, тиісті сала өкілдері мен өңірімізге іссапармен келген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.
Кәсіпкердің қолынан үйдің кілтін алған Жұмағалиевтер отбасының отанасы, «Күміс алқа» иегері Ақмарал Қадирова балаларының атынан кәсіпкерге ризашылығын білдірсе, еңбек ардагері Кәки Сапаров батасын берді. Осындай қуанышты сәтке куә болған министр де мұндай игі шаралардың халықтың жарым-жарты жігі үшін қазіргі кезде өте қажет екенін атап өтіп, мұндай берекелі бастаманың басқа да ауылдық округтерде жалғасуын тіледі.
Жұмағалиевтерге сатып алынып берілген қазіргі үй жарық та еңселі. Бөлмелері жылы, үй көгілдір отынға, ауыз суға қосылған. Мектеп те аса қашық емес. Бастысы балалардың өз бөлмелері бар.
Аслан МҰРАТҰЛЫ