Қазалы үйге қолғабыс етелік

Өмір болғасын қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні белгілі.

Қуанышты тойларды қызметі бірнеше миллиондаған қаржы құрайтын тойханаларда өткізіп, оның үстіне соншама қаржыға жан-жақтан елге танымал артистерді шақырып шабыламыз. Қонақтардың алдына құстың сүтінен басқаның бәрін қоямыз. Қыруар қаржы шашқан сол тойымыз бас-аяғы 3-4 сағатта өте шығады, бір-екі аптада барған адамдардың да жадынан сызылады.

Жарайды, бұл той ғой, қазақ бар жиғанын тойға шашатын халық, жағдайлары тартып жатса оған не дейміз. «Аттылыға еріп, жаяудың таңы айырылады» демекші, қалғандары үй ішімен несие алып, әлгі 3-4 сағаттың шығынын 5-6 жыл өтеп, сорлап жүргені. Өздері солай шешсе не істерсің, «көрпеңе қарай көсіл» десең намысқа булығады. Мейлі, өздері білсін, менің айтайын дегенім басқа мәселе.

Күні кешеге дейін қайтқан кісіге арнайы қонақасы деген берілген жоқ. Күзеті деп хабарлап, жөн-жосық білетін, аузында иманы бар санаулы үлкен ақсақалдар мен әжелерді шақыратын. Ол адамдарға арналып жандық (ұсақ мал) сойылады және олар сол түні ешқайда кетпей, өзара әңгімелесумен отырып таңды көзбен атыратын. Қалған жанашыр жамағаттың бәрі жаназа намазына, яғни, бақилық болған жанды ақырғы сапарға аттандыру рәсіміне келетін, ауылдастарға сол жаназа намазы ғана хабарланатын. Құранда да дүниеден қайтқан адамның жаназа намазына дәретімен келіп қатысып, топырақ салған үлкен сауап екенін ертеде үлкендеріміз айтып отыратын. Сосын, қайтқан адамның артындағы барлық рәсімдеріне (қаделеріне) ет жақын туыс-жегжаттарынан басқа әр үйден 1-2 адамнан қатысатын. Мектеп жасындағы балалар ондай жерге бармайтын.

Қазіргі кезде бұл жағдай күрт өзгеріп кеткен. Өлім айтып келмейді, ол той емес 3-4 ай бұрын дайындалатын. Қапыда ардақтысынан айырылып, аза тұтып жатқан отбасына 200-300, тіпті, одан да көп адамды жинап, жоғарыдағыдай тойханалар жалдап, аста төк қонақтық өткізуді «міндеттеп» қойдық. Артық айтсам кешірерсіздер, «бүгін менің итімнің туған күні» (ондайлар жоқ емес) деп тойлағандарға да итіңе қарғы аларсың деп кем дегенде 5000 теңгеден ақша береді ғой. Ал, енді, осы қонақасыға жиналған 300 адамның бірде-біреуі көк тиын бермейді, жер-жерден жамырап сөйлейді де біреуі қалмастан үйлеріне кетіп тынады. Жұрт сол қонақасыға, тойханаға кеткенде сүйек иесі жоқ үйде, аздаған әйел бала-шағаның қасында қалады. Тіпті, иесіз үйге кілттеп кеткендер де болған. Ертеңгі күні қайтқан адамын соңғы сапарға шығарғалы отырған ол шаңырақтың алдында қандай жұмыстар күтіп тұр және ол қаншама қаржыны талап етеді. Мұны ешқайсымыз ойламаймыз. Сол қонақасыға келген 200 адамның әрбірі қадери-халінше көмек қаржы ұсынса, ол отбасына қаншама көмек болар еді.

Мен барша жұртқа қонақасыны тоқтатыңдар дейтіндей құзырлы адам емеспін. Тек, ең болмағанда, осындай жағдайда халімізге қарай қаржы жинап, аза тұтқан шаңыраққа көмек қолымызды созуды ұсыныс еткім келеді.

Қожантай СДИХОВ,

Аққыстау ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT