Азаматтық қорғау қызметтері дайындықты пысықтады

суреттер автордікі

 

Төтенше жағдай кезінде әр секундтың мәні зор. Ал азаматтық қорғау саласындағы қырағылық пен үйлесімді әрекет — адам өмірін сақтап қалудың басты шарты.
Осы мақсатта Атырау облысы әкімінің орынбасары Қ.Нұртаевтың бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес, 29-30 қазан күндері Исатай ауданында кешенді оқу-жаттығу жиыны өткізілді.
Аудан әкімі Нұрым Мусиннің қатысуымен өткен оқу-жаттығуда төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл пысықталып, қызметтердің өзара әрекеттестігі мен техникалық әзірлігі тексерілді.

Алдымен аудан орталығындағы теміржол вокзалы ғимаратының алдында  аудандық азаматтық қорғау қызметінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, ауданның тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін тексеру мақсатында саптық тұрғызу ұйымдастырылды.

 

 

Осылайша, «Аудандық азаматтық қорғау қызметтерін құру туралы» шешімімен аудандық азаматтық қорғаудың 11 қызмет түрлері жұмылдырылды. Атап айтқанда, өртке қарсы қызмет (аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №6 өрт сөндіру бөлімі); қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі (аудандық полиция бөлімі); медициналық қызмет (аудандық аурухана); сауда және жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметі (аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі, аудандық аумақтық инспекциясы, аудандық ветеринариялық станциясы); инженерлік, жанар-жағармай материалдары, жолдар және көпірлер қызметі (аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, аудандық құрылыс бөлімі, «Атырау су арнасы» ЖШС аудандық бөлімшесі);энергетика қызметі («Атырау-Жарық» АҚ Исатай аудандық электр жүйесі); коммуналдық-техникалық қызметі («ҚазТрансГазАймақ» АҚ Исатай аудандық газ учаскесі бөлімшесі); көліктік-техникалық қызметі («Жайықмұнайгаз» МГӨБ базасында); Радиациялық қорғау қызметі (аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Атырау облысы бойынша филиалының Исатай аудандық бөлімі); ақпарат және байланыс қызметі (аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі, «Қазақтелеком» АҚ Исатай аудандық желілік техникалық учаскесі, сондай-ақ, БАҚ өкілдері) және эконмика, қаржы қызметтері қатардан табылды.

 

 

Аталмыш шараға Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Рәтбек Демеуберген арнайы келіп қатысты. Ауданның тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін тексеру мақсатындағы саптық жиыннан кейін, арнайы оқу-жаттығу кезеңі бастау алды.  Адамдарды өрттен эвакуациялау, өртенген электр бағаналарын ауыстыру, жол апаты жағдайындағы алғашқы көмек және мал ауруы шыққан тұрғын үйді карантиндік уақытқа жабу сынды әрекеттер үйлестіріліп, азаматтық қорғау қызметтерінің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде жағдай толық бақылауға алынды.

 

 

Сөйтіп аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен оқу-жаттығу жұмыстары сала мамандарын бір пысықтаудан өтіп әрі біліктілігін  шыңдады.

 

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT