Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтемесе жасап.
Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.
Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған:
қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Сонымен қатар, Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:
Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;
Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);
Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;
Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер адам құқықтарын сақтауға берілетін кепілдіктерді арттырады. Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларын күшейту, олардың түзелуіне және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау арқылы сотталған адамдардың түрмедегі жағдайын жақсартуды көздейді.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады