АЗАПТЫ ЖОЛДЫ ӨТКЕН жерлес жауынгер туралы не білеміз?

сурет ғаламтордан

 

Ғаламтордан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің архивіндегі екінші дүниежүзілік соғыстың көп жылдан бері құпия түрде сақталып, еш жерде жарияланбаған, соңғы жылдары ғана электрондық базаға енгізілген құжаттарын таптым. Соларға үңіле отырып, олардың ішінен 1941 жылғы 22 маусымда неміс фашистерінің шабуылдарына алғашқы болып қарсы тұрғандардың арасынан бір жерлесіміздің аты-жөнін кездестірдім.

Бұған дейін соғыста қаза тапқандардың құжаттары мен хабарсыз кеткендерді іздестіру туралы сұраныстарын қарастырғанымда, біздің Новобогат ауданының азаматтарын әскери комиссариаттар арқылы шақыру негізінен 1942 жылғы қаңтар айының басынан ғана бастап ұйымдастырылғанын нақтылағанмын. Ал 1919 жылы Нарын құмында дүниеге келген, кейін Новобогат ауылында ер жеткен Амиров Жәрдем жасы 20-ға толар-толмастан, яғни 1939 жылы Бақсай аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына аттанады. Ол қызмет етіп жатқан 137-атқыштар дивизиясының 600-атқыштар полкі Украина жерінде кенеттен шабуылдап, елімізге баса-көктеп кірген жаудың шабуылына барынша тойтарыс береді. Алайда, фашистердің қарқыны бізді көп шығынмен шегінуге мәжбүр етеді.

1941 жылдың 21 қыркүйегінде болған сұрапыл шайқаста мойнына снаряд жарқыншағы тиіп, қатты қансыраған Амиров Жәрдем тұтқынға түседі. Содан 1942 жылға дейін, 3 ай бойына, фашистердің сол Украинадағы концлагерінде, 1942 жылы Польшаның Люблин қаласындағы концлагерьде, ал 1943-1944 жылдары Франциядағы концлагерінде адам төзгісіз түрлі азаптарды бастан кешіреді. 1944 жылдың қыркүйегінде франко-америка әскерлері концлагерьден тұтқындарды босатады. Босатылған тұтқындар 1944 жылдың қыркүйегінен соғыс аяқталғанша одақтастардың түрлі жүк түсіру жұмыстарында болып, жеңістен кейін бұлар кеңес мемлекетіне қайтарылады.

Өз елі соғыс тұтқындарын құшақ жая қарсы алмайтыны онсыз да түсінікті ғой, тұтқынға қалай түскені мен концлагерьде не істегені туралы сан түрлі қатаң тергеу, тексерулерден өткен соң Ж.Амировты бірден Сібірдің Иркутск облысы, Черемхово қаласындағы шахтаға көмір қазуға жібереді. Шахтада 1945-1947 жылдары болып, 2 жылдан соң туған еліне қайтарылады. Бірақ, «қызылкөз» біреулердің «домалақ арызы» себеп болды ма, 3-4 ай өткесін, қайтадан сол шахтаға көмір қазуға аттанады. Сөйтіп, тағы да 8 жылға жуық жер астындағы азапты жұмыста болып, 1955 жылдың 24 тамызында ғана босатылып, елге оралады.

1957 жылдың маусым айындағы Новобогат ауданының әскери комиссары подполковник А.Коровка мен Гурьев облысының әскери комиссары міндетін атқарушы подполковник Рабиновичтің Амиров Жәрдемді соғыстағы ерліктері үшін «За боевые заслуги» медалімен наградтау туралы ұсынысын Оңтүстік-Орал әскери округінің қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры генерал-полковник Я.Г.Крейзер 1957 жылғы 15 шілдеде мақұлдап, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы К.Ворошиловтың 1958 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен бекітіледі. Сонымен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерліктері үшін Амиров Жәрдем «За бое-вые заслуги» медалімен наградталады.

Аудандық әскери комиссариаттың Новобогат ауылының Базарная көшесі, №9 үйде тұрған Амиров Жәрдемді наградтау туралы ұсынысында қалай жараланғаны туралы медициналық эксперттік қорытынды мен жергілікті билік органдарының наградтауға қарсы еместігі жөнінде анықтамасы қоса тіркелгені атап көрсетілген екен (ол жылдары Новобогатта Базарная деп аталатын көше болып тұр ғой).

Алдымен неміс фашистерінің концлагерлерінде азап шеккен, соңынан 10 жыл Сібірдің қақаған аязында жер астындағы тар қапас шахтада тонналап көмір қазған, барлығы 14 жыл бойына соншама қиындық көрген жерлесіміздің туған еліне келгеннен кейінгі өмір жолдары қалай жалғасты екен. Ол жөнінде бір деректер білетіндер болса, аудандық газетке естелік мақала берсе дұрыс болар еді.

 

Еркін ЖҰМАЖАНОВ,

«Мирас» өлкетанушылар клубының мүшесі.

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT