Азаттық жолындағы күрескер

Биыл – халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл. Ел азаттығы жолында қол бастаған даңқты тұлғаның мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Атаулы дата аясында «Исатай батыр Тайманұлы – азаттық жолындағы күрескер» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев жүргізген алқалы жиынға тарихшы ғалымдар, исатайтанушылар, партия ардагерлері, батыр ұрпақтары мен жастар қатысты. «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласында айтылған мағыналы ойлардың бірі. Яғни, өткенсіз бүгін жоқ. Тарихи тұлғалар ұрпақтар жадында мәңгі жатталып қалуы тиіс. Облыстық конференция көздеген меже де осы.

– Биыл – еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік – бабаларымыздың асыл арманы. Тәуелсіздік алу қиын. Ал, оны сақтап қалу одан да қиын» деген болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдағы уақыттағы даму жолымыз бен көзқарасымыз ұлттық құндылықтарымызға сай болуы қажет деп атап өтті, - деген Нұрлыбек Ожаев конференция көздеген мақсат-міндеттерге тоқталды. Исатайтану ғылымына жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнес Сарай елеулі үлес қосты. Сол секілді аталған тақырыпты тереңнен зерттеп жүрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, исатайтанушы-ғалым, Қазақстан Республикасы тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Амангелді Шамғонов Исатай батыр тақырыбына қатысты жан-жақты сөз қозғап, бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. «Шындығында, старшина Исатай Тайманұлына көтеріліске шығатындай не жетпеді? Оның бір басына, бүкіл әулетіне жететін байлығы, старшина деген лауазымы болды.

Егер тек Шыңғыс хан тұқымдары хан сайланатынын ескерсек, Исатай Жәңгір ханның орнын басып хан болмайтындығын жақсы білді және ол Жәңгірді өлтіруді еш уақытта алдына мақсат етіп қойған жоқ» деген баяндамашы Исатайдың көздегені бостандық пен тәуелсіздік екенін айрықша атады. Сонымен қатар, 21 жасында старшина болып тағайындалу себептеріне тоқталып, немере ағасы, старшина Жабал Бегаліұлының қайтыс болуымен қатар, ар-намысқа берік, жауына қатал, өз еліне мейірімді, жалпақ жұртты соңынан ерткен нағыз көшбасшы екенін айтты. Исатай мен Махамбет батырлар бастаған халық көтерілісінің негізгі себептерін саралап, еуропалық және азиялық кезеңдерден тұратынын жеткізді. Оған қоса, танымал тарихшы өткенді бұрмаламау қажеттігі жөнінде сөз қозғап, оқулықтардағы олқылықтарды да баяндады.

Есімі ел есінде жатталған батырды ұлықтау мақсатында бүгінде зерттеулер жүргізіліп, Ақтөбе облысы, Қобда ауданында Исатай батырдың кесенесі бой көтерді. Бұл да – тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен елдік маңызы зор жетістік. Аталған кесененің тұрғызылуына зор еңбек сіңірген Нұрлыбек Ожаев сол жылдары батыр атындағы ауданды басқарған-ды. Қазіргі кезде Қобда ауданының әкімшілігі кесенені күтіп-бақылауда.

Алдағы уақытта Исатай мен Махамбеттің жақын серіктеріне сол жерде стелла қою жоспарланған. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар қасиетті орындар қатарына қосу да – келер күндердің еншісінде. Бұл күнде Исатай батыр атында аудан, елді мекен, мектептер мен көшелер бар. Оралда, Аққыстауда, Махамбетте, Қобдада ескерткіштері тұрғызылған. Конференция барысында саяси ғылымдар докторы, профессор Киікбай Жаулин, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин, профессор, доктор, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Жамиға Таңатаровалар сөз алып, батыр тұлғасының жан-жақты ашыла түсуі жолында мазмұнды баяндамалар жасап, тың деректер келтірді. Батыр ерлігі, өмір жолын ел арасында насихаттау жұмысына зор еңбек сіңіргендердің бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Сарайшық» журналының редакторы Исатай Балмағамбетов.

«Батырды ұлықтау – елдікті ұлықтау» тақырыбында баяндама жасаған ол бүгінгі жиынның ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған елеулі шара болғанын айрықша атады. Бұдан соң, Қазақстан Жазушылар, Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Төлеген Жаңабайұлы сөз алды. Ал, «Құрмет» орденінің, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Өтепберген Әлімгереев (суретте): «5 арал туралы әңгіме болғанда. Нәубет Көшекбаев, Исатай Кенжалиев ағаларымыз Котяевтың шығыс бетіндегі Түйеарал, Утера, Күйген, Қара қамыс аралдарын Исатайдың аралдары деп белгілеп жүрді. Бұл шындыққа жанаспайды. Ал, ақиқатында Исатай батыр 12 разъездің оңтүстік шығысындағы, яғни, Бәйгетөбе жеріндегі Байсары, Күйген, Кенелі, Қара қамыс, Көлденең деген аралдарынан айрылып қалған» деді. Шара соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында қазақтың қайсар батыры Исатай Тайманұлының 230 жылдығына орай исатайтанушы-ғалым Амангелді Шамғоновтың «Ұлы Дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» кітабының тұсауы кесілді.

Салтанатты рәсімді «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов және кітап авторы жасап, шара қатысушыларына таратылды. Кеш көрігін күмбірлеген күй мен жыр-термелер қыздыра түсті.

Конференция соңында халық батыры Исатай Тайманұлының 230 жылдығы және 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтерілістің 185 жылдығын атап өту барысында Атырау өңірінде халық азаттығы жолындағы күресті дәріптейтін, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге көмектесетін шаралар өткізу туралы ұсыныстар айтылып, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс туралы деректер жинақталған Санкт-Петербург, Мәскеу, Астрахан және басқа қалалардағы архивтерге ғылыми экспедиция және басқа да маңызды шаралар легін ұйымдастыру мәселелері көтерілді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT