Құқықтық саясаттың іске асырылуы аясында осы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан сотында неке-отбасылық қатынастардан туындайтын даулар бойынша азаматтық істер қаралу қарқыны артты. Некені бұзу, алимент өндіру және бала күтіміне байланысты талап-арыздардың көбеюі отбасы институтының әлсіреу үрдісін көрсетіп отыр.
Статистикалық деректер ажырасу себептерінің негізінде тұрмыстық түсініспеушіліктер, зорлық-зомбылық, материал-дық қиындықтар сияқты әлеуметтік мәселелер жатқанын айқындайды. Бұл жағдай құқықтық саясаттың отбасылық тұрақтылықты сақтау бағытындағы шараларын күшейтудің өзектілігін дәлелдейді.
Отбасы – ұлттық руханияттың, мәдени дәстүрдің және адамгершілік құндылықтардың бастауы. Ал қазақта «Отан отбасынан басталады» деген ұғым да әрбір шаңырақтың қоғамдағы рөлін айқындайды. Өйткені баланың мінез-құлқы, алғашқы тәрбие мен адамгершілік қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Бұл ретте отбасының тұрақтылығы мен тыныштығы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі.
Қазіргі уақытта отбасы институтының әлсіреуі қоғам назарына ілігіп отыр. Тіркелмеген некелердің көбеюі, жалғызбасты ата-аналардың артуы, ажырасу көрсеткіштерінің жыл сайын өсуі – әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан күрделі мәселелер. Республика көлемінде әрбір үшінші неке бұзылатыны бұл проблеманың ауқымын айқын көрсетеді.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіне сәйкес, некені бұзу, алимент өндіру, баласы үш жасқа толғанға дейінгі күтіп-бағуға байланысты талаптар сот тәртібімен қаралады. Осы жылдың 1-ші жартыжылдығында Исатай аудандық сотында неке бұзу туралы 24 азаматтық іс тіркелген. Ал оны тарқата айтқанда, 2 талап арыз талап қоюшыға кері қайтарылған, 11 іс бойынша некені бұзу туралы шешім шыққан, 9 іс қараусыз қалдырылған, 2 іс сот өндірісінде қалған.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, ажырасудың негізгі себептері – ерлі-зайыптылардың тұрмыста бірін-бірі түсінбеуі, маскүнемдікке салыну, опасыздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және материалдық қиындықтар. Бұл мәселелердің барлығы ең алдымен бала тағдырына, оның психологиялық жағдайына әсер етеді.
Сәби өмірге бақытты болу үшін келеді. Оның толыққанды отбасында, әке-шешесінің мейіріміне бөленіп өсуге құқығы бар. Сондықтан ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар ең алдымен баланың болашағын ойлап, мәселені эмоциямен емес, саналы түрде шешуге ұмтылғаны жөн.
Қорыта айтқанда, отбасы – қоғамның берік іргетасы. Шаңырақтың тұрақтылығы елдің тұрақтылығына әсер етеді. Отбасын сақтау, баланың мүддесін қорғау – құқықтық саясаттың басты бағыты.
Назерке ҚЫСТАУБАЕВА,
аудандық соттың жетекші маманы


