Азияны мойындатқан Айбол

 

Күні кеше Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында кір тасын көтеруден өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде 14 мемлекеттен келген апайтөс атанған сайыпқырандар өзара мықтыны анықтады. Сол дүбірлі додада +95 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жерлесіміз Айбол Мұханбетов жұлқа көтеру жаттығуында 182 рет нәтижемен күміс, ал серпе көтеруде 60 рет нәтижемен қола жүлдені қанжығасына байлап, елге мерейлі жеңіспен оралды.

95 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбол – «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының гандбол бөлімінің жаттықтырушысы. Бұған дейін де түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі спортшы бұл жолы да биіктен көрініп, аудан мерейін үстем етті.

 

 

– Бұл чемпионат Азия елдері арасында өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дайындық уақыты тым қысқа болғанына қарамастан, бар күшімізді салып, аянып қалмадық. Жарысқа 11 мемлекеттен келген спортшылар қатысты. Әрқайсысы – өз елінің үкілеп қосқан үміті. Қола жүлде бұйырғанына шүкір дейміз. Бұл – мен үшін де, өңір спортшылары үшін де үлкен тәжірибе, жаңа белес. Атырау облысы атынан еркінқалалық Алпамыс Айтмұханов екеуміз қатыстық. Алдағы қазан айында Қытайда өтетін Әлем чемпионатына қатысу жоспарымызда бар. Ол дода – мүлде бөлек деңгей, соған сай тыңғылықты дайындық қажет. Мақсат – ел туын тағы бір мәрте көкке көтеру, – дейді Айбол Мұханбетов.

Айбынды жеңіспен оралған ел мақтанышын – Айбол Мұханбетовты аудан жұртшылығы зор құрметпен қарсы алды. Азия төрінде атой салған жерлес спортшыны «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков бастаған ұжым аудан орталығында сән-салтанатпен күтіп алып, қошемет көрсетті.  Ел үшін тер төгіп, көк байрақты биікте желбіреткен жанға деген шынайы құрметтің белгісі іспетті.

 

 

Жеңіс тұғырынан оралған Айбол Шаймарданұлын аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қабылдап, халықаралық додадан жүлдемен оралғаны үшін жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ тілегін арнады. Көпшілік алдында оның еңбегі еленіп, «Мінсіз қызметі үшін» медалі және Алғыс хатпен марапатталды. Аталмыш марапат Айболға ғана емес, аудан спортшылары мен жастарға көрсетілген зор сенім мен қолдаудың айғағы.

Осындай жеңіс пен құрмет – табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі. Айболдың бұл табысы аудан жастары үшін үлкен өнеге, алдағы жарыстарға серпін болары сөзсіз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT