Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық мүдде

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің азық-түлік нарығындағы күрделі мәселелерге ерекше назар аударылды. Соның ішінде, Қазақстанның бірқатар негізгі азық-түлік өнімдері бойынша шетелге әлі де тәуелді екендігі – Үкімет пен қоғам үшін үлкен алаңдаушылық тудыратын жайт екені атап өтілді.

Президенттің айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық маңызы бар бағыт. Импортқа тәуелділікті мүмкіндігінше азайту – Үкімет пен ауыл шаруашылығы саласындағы жауапты органдардың басты міндеті. Иә, барлық өнім түрлерін 100 пайыз өзімізде өндіру міндетті емес шығар, бірақ негізгі, күнделікті тұтынатын тауарлар бойынша өз-өзімізді қамтамасыз ете алу – елдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы тұрақсыз, кейбір тауарлар бойынша сырттан келетін өнімдерге тым қатты тәуелді болып отырмыз. Бұл жағдай ел ішінде инфляцияның өсуіне, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан бұл мәселені кешіктірмей шешу қажет.

Үкіметке отандық өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығындағы тиімді жобаларды қолдау, фермерлерге нақты көмек көрсету және қайта өңдеу саласын күшейту міндеті жүктелді. Шикізатты экспорттауға емес, өз елімізде өңделіп, қосымша құны жоғары өнім шығаруға басымдық берілгені жөн.

Осы арқылы азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға болады. Бұл – тек аграрлық сектор үшін ғана емес, бүкіл елдің ұлттық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды бағыт. Президент атап өткендей, ендігі жерде бұл салада нақты нәтижелер қажет.

 

Ринат ЕСҚАЛИ,

Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT