Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — кез келген мемлекеттің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі. Бұл ұғым тек халықты жеткілікті мөлшерде тамақпен қамту ғана емес, сол өнімдердің сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді болуын да білдіреді. Әсіресе қазіргі жаһандық экономикалық тұрақсыздық, климаттық өзгерістер мен геосаяси шиеленістер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Қазақстан үшін бұл бағытта ішкі өндірісті дамыту аса маңызды. Өзіміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, жергілікті фермерлерге қолдау көрсету — сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады. Бұл тек экономикалық тиімділік қана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер етеді. Шетелден келетін өнімдердің бағасы, жеткізілу уақыты мен сапасы әрқашан тұрақты бола бермейді. Сондықтан азық-түліктің негізгі түрлерін ел ішінде өндіру — ең сенімді шешім.
Ішкі өндірістің артуы ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Жаңа технологиялар енгізіліп, өндіріс көлемі ұлғаяды. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашады. Сондай-ақ жергілікті өнімді тұтыну арқылы баға тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, халықтың өмір сүру сапасы артады.
Қазіргі таңда елімізде азық-түлік импортына тәуелділік байқалып отыр. Бұл — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан үлкен тәуекел. Импорт бағасына валюта бағамы әсер етеді, ал ол өз кезегінде инфляцияға ықпал етеді. Сол себепті мемлекет бұл бағытта нақты бағдарламалар қабылдап, аграрлық секторды қолдауды жүйелі түрде жалғастыруы қажет.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — тек аграрлық саясат емес, бұл — ел болашағы мен тұрақты дамуының кепілі.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі

