АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ АСПАНДАЙ БЕРЕДІ. НЕГЕ?

Еліміздегі көптеген өңірде азық-түлік бағасы күрт өскенін байқап жүрміз. Халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы күн сайын еселене түсуде. Әзірге бұл қымбатшылыққа айтарлықтай тоқтау салынбай тұр. Бағаның көтерілуіне тауарға деген сұраныстың жоғары болуы маңызды. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов жауап берді.  Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жүргізген кезде инфляцияны қадағалау үшін сұраныс пен ұсыныстың арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысатындығын атап өтті.

- Әрине, ұсыныс өсіп жатқан сұранысты дер кезінде қамтамасыз ете алмайтын болса, онда баға өседі. Сондықтан базалық мөлшерлемені көтеру арқылы халықтың артық сұранысын шектеуге болады. Сұраныс көбірек өсе берсе, ал ұсыныс дер кезінде қамтамасыз етілмесе баға өседі,-деді Ұлттық банк төрағасы.

Жыл сайын азық-түлік бағасының өзгеріп отыруы қалыпты жағдайға айналды. Алайда, өткен жылдарға қарағанда, биыл азық-түлік өнімдерінің тым қымбаттап кетуі халықтың қалтасына ауыртпалық салуда. Мәселен, 2021 жылы маңызы жоғары азық-түліктердің бағамы 9,6 пайызды құраған. Өткен жылдың шілдесінде азық-түлік тауарларының бағасы 19,7 пайызға көтерілген. Соңғы екі жылмен салыстырғанда азық-түлік  23,4 пайызға қымбаттаған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен айдағы баға өсімінде азық-түлік бағасы 1,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,9 пайызға өскен. Өткен айда қияр 22,4 пайызға, пияз 16,7 пайызға, қызанақ 8,8 пайызға, тәтті бұрыш 6,5 пайызға қымбаттады. Ал, күріш – 2,9 пайызға, мұздатылған балық – 1,8 пайыз, қара бидай наны, жұмыртқа – 1,7 пайыз, сұлы жармасы, айран – 1,6 пайыз, тауықтың төс еті, сүт, тұзды ірімшіктер, жемістер, ауыз су 1,4 пайызға өскені байқалды.

Қорыта келгенде, адамның қалыпты өмір сүруіне азық-түліктің рөлі басым екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі, маңызды өнімдердің бағасының өсуі сынды мәселелер жақын арада кешенді шаралар қабылдау қажеттілігі туындағанын ұқтырып тұрғандай.

 

                                                                                                                                              Саябек ЕРҒАЛИЕВ

сурет: ашық дерекөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521