Қазысыз айтыс қалай өтті?

С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдық мерекесіне орай өткен республикалық ақындар айтысында елге танымал Бекарыс Шойбеков, Балғымбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, облыс атынан Саадат Нұрманов, Сырымбек Сәрсенбаев, Шалқарбай Ізбасаров сынды ақындар сынға түсті. Айтысты облысымыздың жүйрік ақыны Саадат Нұрманов жүргізді.Еліміздің әр түкпірінен келген ақындарды сахнаға шақырып, таныстырып өткен ол қалың жұртшылықтың алдында өзінің осы өнердегі қапталдасы Атырау айтысының ақтаңгері Салауат Исақаевтың қазасының қайырын тілеп, ақынды еске алып өтті.

Айтыстың шымылдығын ашқан жыр додасын ұйымдастырушы «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы А.Жақсыбеков мұнайшылар мерекесінде ұсынылып жатқан бұл ұлт өнерінің басқарма тарапынан ауыл халқына жасалып жатқан сыйлық екенін атады. Сөз майданын құлсарылық мұнайшы ақын Сырымбек Сәрсенбаев пен Сара Тоқтамысованың жұбы бастады. Алдымен көпшілікпен сәлемдескен Сырымбек Құлсары қаласының ғана емес, облысымыздың ақ алмасындай жарқылдап өткен айтыскер, өзінің ұстазы Салауат Исақаевтың қазасын қабырғасы қайыса жырлап, қалың көрерменге қайғыра көңіл айтты.

- Салауатқа бұйырсын жәннат төрі, Ұстазым, ақыл айтар данышпаным, Ажалдың құрығынан кім құтылған, Айтыстың жерлеп келдік арыстанын, - деп сөз бастаған ол қарсыласын да қалжыңға тартып: - Айтыста Тұмар ханым сен боп тұрсың, Жігіттердің қайырған телпектерін. Сенімен айтысады деген кезде, Бекарыстың көріп ем селт еткенін, Алдыңда құрдай болып жорғалайды Жандарбек Дидардайын тентектерің. Құдай-ау, қасқыр ақын сен болдың ғой, Айтыстың қойша қырған еркектерін, - деп қағытып өтті. - Ақыныңды кешегі. Бүгін жоқтап отырмыз. Жазуына Алланың Шын мүмін айтпас наласын. Бабаларым айтқан ғой, Есік пен төрдей екен деп Бесік пен бейіт арасын, - деп орынды сөз бастаған Сара қыз да ә дегеннен тыңдарманды өзіне баурап әкетті. Айтыстың шарты – шарпысу. Оны жақсы түсінетін ақын қыз қарсыласының өзі туралы айтқан ойына да жауап қатты. Айтпақшы, Сырымбек қаншалықты маңызды екенін қайдам, Сараның косметикалық компанияда қызмет ететінін айта келіп, «Маған да арықтататын бір дәрі ала келмедің бе?» дегендей ой айтқан. Сара болса «аузыңды жапсыратын қағаз ала келдім» деп қарсыласының аузын желімдеймін дегендей ыңғай танытты.

Артынша:

- Аздыратын ем сұрап,

Шошаңдай берме, шошаңдай.

Онсызда бүгін,Сырымбек,

Екі иықты жұлып жеп,

Біраз салмақ тастайсың,

Ақын Сараға ілесе алмай, - деп бір қайырды. Бірақ, бәрі Сара айтқандай болған жоқ. Шаңға көміліп, ілесе алмай қалған Сырымбек жоқ. Өлең құрылысындағы ерекшелігі болмаса, оқ бойы озып кеткен Сараны да байқамадық. Тең дәрежеде, орташа деңгейдегі айтыс болды.

Келесі жұп белгілі ақын Бекарыс Шойбеков пен атыраулық шоумен Шалқарбай Ізбасаров еді. Әдетте жамбасымен жер соғып, қарсыласын қалжыңмен қағыта жөнелетін Шалқарбай бұл жолғы қарсыласының қауқарын сезсе керек, сөзін салмақты оймен бастады. Әсіресе Наркескен Нұралы ақынның тілімен:

- Сендерді мақтап артық сөз таппаспын,

Наркескен Нұралыдай ақыныңнан.

Әкім келе жатқанда шалқаятын,

Ақын келе жатқанда жапырылған, - деген сәтті өрілген жыр жолдары көп көңілінен шығып жатты.

Одан әрі осы айтысқа Салауат ағасының шығуы керектігін, кенеттен ажал құшқан ақынның орнына өзі келіп тұрғанын айта келе:

- Ізбасаров ізіңді басқанменен,

Алмастыра алмайды орыныңды, - деп ағынан жарылды.

Бекарысты мақтап-мақтап, мақтамен бауыздағысы келген жас ақын оның айтыстағы атақ-даңқын жеріне жеткізіп жырлады да, соңынан:

Мақтағанға масайрап кетіп жүрме,

НГДУ-да жасайтын ағалардай, - деп жұртты қыран-топан күлкіге батырды.

Айтыста Бекеңнің сығыр көзі айтылмай қалған ба? Бұл жолы оны қытайға ұқсатқан Шалқарбай «қысықкөзді адамға сенім жоқ» деп, ағасының қытығына бір тиіп қойды. Шаппа-шапта қаймығатын Бекарыс па, іркілместен:

- Көзің сығыр Қытайға ұқсайсың деп,

Әдейі намысымды қайрайсың ба?

Ақын деген халықтың көз-құлағы,

Халықтың көзін шұқып ойнайсың ба?, деп бастады да, өзінің айтыстың киллері деген атағы барын айтып, ойын былай түйіндеді:

- Киллердің көзінде не болушы еді,

Ізгілік жатады деп ойлайсың ба, - деп түйді.

Өнердегі серіктерінің бірі Салауат Исақаевтың қайғысына ортақтасқан ақынның елді сабырға шақырып, көпке көңіл айтуының өзі бұрынғының абыздарын еске салды.

- Қарагерден көз жазып қалғанбысың,

Қара өлеңнің көрсеткен қара күшін?

Езілген еңсеңізді көріп тұрмын,

Бауырыңнан жаралған балаң үшін.

Езілген еңсеңізді келіп тұрмыз,

Ертерек көтеруге жарау үшін.

Қайғысы қалың елдің бұдан былай

Көргені той болсын деп тарау үшін, - деп келген немесе:

- Табылдың айтқан сөзін мен айтайын,

Жанына шипа болсын жамағаттың.

Дәл қазір бір төбе боп жатқанменен,

Өзі бір тау емес пе Салауаттың?, - деген сынды өлең жолдары жөн білетін, жол білетін ақынның айтуы тиіс болған сөзі еді.

- Сен бірақ қайрат жаса, қайран халқым,

Жазғырып, Жаратқанды шендеместен.

Туарсың әлі талай тұлғаларды,

Бітімі басқалардан бөлек өскен.

Бейнамыс адам көрсе безінетін,

Бейбарыс сұлтандардың төрі емес пе ең?

Иісі қазақ мақтанған Махамбетпен,

Исатайды тудырған ел емес пе ең?, - деп құлазыған көңілді көкке көтерген шумақтардың Бекарыстың аузынан шығуы заңды енді. Қойнауы құтқа толған қазыналы өңірді де жеріне жеткізіп жырлаған «киллер»:

- Мұнайы мен газы бар Атыраудың,

Дамудың даңғыл жолын нұсқап тұрған.

Әлемді аласапыран ететұғын,

Доллардың давлениесін ұстап тұрған, - деп, тақырыпты да аша білді.

Жасы кіші болса да дене бітімі өзінен әлдеқайда ірі Шалқарбайға:

- Армысың? тайсойғанның Шалқарбайы,

Анау-мынау шақ келмес арынына.

Қойдың еті аузына тұтас кетіп,

Тайдың еті толмайтын қарынына, - деп қалжың тастады.

Ағасының бұл ойынан мәселе туындатқан Шалқарбай болса:

- Жемқорлық жалмап жатыр жан-жағымды,

Жатыр көп туралықтан тайып данам.

Мен әлі таңғаламын көкелерге,

Ішіп-жеу ауруынан айықпаған.

Түйе жеп, түйілмейді, ал,мен болсам

Азғантай қуырдаққа тойып қалам, - деп әзіл-шыны аралас орынды жауап қатты.

Қысқасы, осы айтыста жоғары деңгейде өнер көрсетті деп осы жұпты атауға болады. Жандарбек пен Айнұрдың айтысын асыға күткендердің ішінде біз де болдық. Жолдың шұңқырын сынға ала сөз бастаған Жандарбек, неге екенін қайдам, осы жолы жеңіл әрі анайы әзілдерін «арқалап әкеліпті». Өзінен едәуір үлкен Айнұр әпкесіне «қыз боламын десең, өз еркің» деп ел алдында еркін ұсыныс тастағаны аздай, апасын аққуға теңей келіп:

- Тауықтың санын күнде жеп жүрміз ғой,

Аққудың саны қандай болады екен? , - дегенде, айтушыны қайдам, сахна сыртынан тыңдап тұрған біз төмен қарап, екі бетімізді шымши бердік. Айнұр да тапқыр ақын ғой, «баланы орнына қояр» деп күткенбіз. Олай болмай шықты. Алдын ала жоспарланған сценарийді бұзбайын деді ме, бар тапқаны:

Қартайып бара жатсам да,

Қырыққа қадам бассам да,

Жағаласам деп жастармен

Жасарып бара жатырмын, - дегені болды.

Иә, қос ақын мереке иелерін де, ауданды да жырына қосудай-ақ қосты. Бірақ, несін жасырайық, Алаштың аяулы ақындарының қазақы әдепті былай қойып, күлдіремін деп бүлдіріп жатқаны бізге ұнай қойған жоқ.

Саадат - әзіл-қалжыңның емес, кесіп түсер түйінді ойдың ақыны. Сондықтан, басқалар сияқты күлдіруден гөрі арқа қоздырар төкпе жырларымен ерекше ол. Осы жолы да сол бағытынан таймаған оның қарсыласы көпке белгілі Балғымбек Имашевтың дайындығы жақсы болмаған секілді. Бәкеңнің де ойып айтқан ештеңесін байқамадық, өкінішке орай. Керісінше, әзілдеймін деп кейбір жерлерде Саадатқа есе жіберіп алып жатты. Мәселен, жолдың шоқалағын көбірек сынаған астаналық ақынға бұл мәселенің облыс бюджетінен шешілмейтіндігін айтқан Саадат:

- Бюджетке азайтсаңдар қол салуды,

Біздер де бастар едік жол салуды, - деп қойып қалды. Атырауда жүргеніне біраз болғанын айтқан Балғымбек болса шұлығын жуатын адам, ең болмаса, су таппай жүр екен. Каспий мен носкиді ұйқастырып, ұятқа қаламын деп ойламаса керек, сірә. Осылайша болғанынан боладысы қызық дүбір де өте шықты. Қазысы болмаған айтысқа - халық таразы. Әйтеуір, өнерге сусаған ағайынның ақындардың қай сөзін де қошеметсіз қалдырмай жатқанын көрдік. Бірақ, айтыскерлеріміз, әсіресе, шеттен келген ақындарымыз бұл додаға жүлдесі жоқ айтыс деді ме, жеңілдеу қараған сықылды. Әлде, талай дүлдүлдерді тудырған топырақта сөз қадірін ұғатын біреу қалмады деп ойлады ма екен? Жүлде демекші, ақындардың барлығына ұйымдастырушылар шапан жапты. Ал, қазақы шапанның қалтасында қанша қаржы бар екенін біле алмадық.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521