Соңғы кездерде елімізде жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты түрлі алып қашпа әңгімелер айтылып жүр. Бұған меніңше, бірден-бір себеп болып отырған жайт- бензин мен дизель отынының заңсыз жолмен шетелге сатылуы.
Ал көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жанар-жағармай бағасының көрсеткіші бізге қарағанда, едәуір өскен. Сол себепті мемлекетіміз бензин мен дизель отыны бағасын қымбаттауға мәжбүр болуда.
Біздіңше үкіметіміз бағаны өзгертпейінше тапшылық бәрібір жойылмайды. Сондықтан жанар-жағармайды сыртқа жіберудің жалғыз жолы -бағаларды теңестіру. Баға төмен болып тұра берсе, онда көрші елдер таси береді. Олар өздері тұтыну үшін ғана емес, апарып сату үшін де алып кетіп жатыр. Мұны экономикадан хабар аз қарапайым адамдар түсіне бермейді. Яғни біз қоғамды арзан өнімдерге үйретіп тастағанбыз. Егер Түрікменстан сияқты жабық ел болсақ мұндай саясат бізге жарасар еді. Олар ешкімге ештеңе бермейді, алмайды, өз-өзімен өмір сүреді. Ал біз әлем елдерімен тығыз байланыстамыз. Алыс-беріс деңгейі жоғары. Қазір мұнай өндіруші компаниялар өнімдерін сыртқа жібереді.Ішкі нарыққа мұнай жіберу -компаниялардың қалауы емес. Мемлекет талап қойған соң мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай құю бекеттеріне бензин арзан бағаға келіп жатыр. Одан олар еш пайда таппайды. Инвестиция құйылмайды. Мұндай жұмыс әрине оларды қызықтырмайды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛАЕВА,
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Исатай аудандық филиалының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты.