Баға сапаға әсер етпеуі тиіс

Жанбай ауылында, салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүрді.

Әлі аяқталмаған бірнеше жоба бар. Мәдениет үйі, спорт кешені де жаңадан салынған. Жол құрылысында да қозғалыс бар.

Бұл жөнінде Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов есеп беру жиынында баяндап берді.

i

- Жанбай ауылдық мәдениет үйінің ауласында, ауылға сән беретін шағын сәулет нысаны ашылды. Заман талабына сай 300 орындық мешіт ғимараты және төрт бөлмелі имам үйі пайдалануға берілді. Мешітке қазақ тарихында айрықша із қалдырған Әйтеке би аты берілді.

Су тазарту орталығындағы құрылғыларға жәй жөндеу жүргізіліп, жаңадан тоқ генераторы орнатылды. Соғыстан оралмағандар ескерткішінің шарбағы жаңартылды, ескерткіштің өзі облыстық ескерткіштерді қорғау иеспекциясының меншігінде болғандықтан жөндеу мүмкін болмады. Инспекияға ескерткішті жөндеу туралы мәселе қойылып келеді.

Сондай-ақ өткен жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді.

Сонымен бірге, Жанбай ауылында 9,5 шақырым жолдың асфальтқа дейінгі қабаты салынып бітті, жоғарғы қабатын осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз,-деді.

Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы жоспарда Нарын көшесі мен тұрғын үй құрылысы үшін жаңадан берілетін жер телімдеріне электр желісі мен көше жарығын тарту, мал моласы құрылысын салу, орталықтағы шағын футбол алаңына жәй жөндеу жұмысын жүргізу, ауыл шетінде орналасқан қатты қалдықтар төгетін орынды қоршау, жазғы су құбырын тарту жұмыстары бар. Аталған жұмыстар қаржының бөлінуіне қарай біртіндеп жүзеге аспақ. 

Жиында Жанбай ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Мырзажан Балпановтың көтерген жұмыспен қамту мәселесіне аудан әкімі Полымбет Хасанов:

i

- Біздерде жаңа жұмыс орнындарын ашуға тек жаңадан кәсіпкерлік нысандар ашу немесе ірі кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру арқылы ғана мүмкіндік болады. Мәселен, өткен жылы құрылысы аяқталған дене шынықтыру кешеніне он адам жұмысқа орналасты.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы аяқталып, ішін толықтай жабдықтаған «Шағала – Атырау» ЖШС балық өңдеу цехы бар. Аталған цехтың өз жұмысын бастауға теңізден балық аулау аймағын ала алмауы кедергі болып келді.

Олар желтоқсан айында аукционға қатысып, балық аулау аймағын алды, енді балық аулауға лимит сұрауға өтініш беріп отыр. Сол лимитті алса, цех өз ісін бастап, осы ауылдың тұрғындарын жұмысқа алады деген үміттеміз. Аталған мекеменің басшысының айтуынша, жұмыс басталса, цехта 80 ге жуық адамды қамтитын жұмыс орны ашылады. Оның басым көпшілігі балықшылар болуы мүмкін. Жанбай ауылы цехқа жақын орналасқандықтан жұмысқа орналасуға мүмкіндіктеріңіз туады,-деді және қазіргі таңда аудандағы басымдық беріліп отырған ең өзекті мәселе жол құрылыстарын сапалы аяқтау, каналдарды күрделі жөндеуден өткізу екенін айтты.

i

Жиында тұрғындар дәрігерлердің жұмысын сынға алды. Сонымен қатар, мұнайлы ауданда бірнеше мұнай компаниясы бола тұра, «жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмысқа қабылдауда қиындықтар бар екені сөз болды. Расында жалақысын мемлекет төлейтін бағдарламаға неге салғырт қарайтындары түсініксіз.

img_2268

Аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайреденов нарықтағы бағаның тез құбылуына байланысты барлық жобалық-сметалық құжаттарды ағымдағы жылдың бағаларымен сәйкестендіріп отыруды қаперге берді. Оның түсіндіруінше, екі жыл бұрынғы бағамен жасалған жоба бойынша жұмыс жүргізілсе, мердігерлер қаржысын жеткізе алмауы салдарынан, қажетті материалдардан үнемдеп, нәтижесінде сапаның төмендеуіне әсер етеді. Сонымен қатар, аудан көлемінде көптеген жобалар жүзеге асқалы тұрғандықтан, техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521