Ауданымызда кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіруге және саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға арналған көшпелі мәжіліс өтті. Маңызы зор басқосу мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті кәсіпкерлерді толғандырған нақты мәселелерге жауап беруге бағытталды.
Көшпелі мәжіліске облыстық деңгейдегі бірқатар салалық басқармалар мен мекемелердің басшылары және жауапты мамандары қатысып, аудан кәсіпкерлерімен тікелей жүздесті. Атап айтсақ, Атырау облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімі, Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Атырау облыстық Бизнесті қолдау орталығы «Атырау-Атамекен» ЖШС, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалы, облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, сондай-ақ Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің 2 камералдық мониторинг бөлімі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Жиынның басты артықшылығы – ресми баяндамалармен шектелмей, ашық диалог форматында өтуі. Кәсіпкерлер өз ойларын еркін айтып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сауалдарын тікелей сала өкілдеріне қоюға мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері, қаржыландыру көздері, жұмыспен қамту бағдарламалары, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және өндіріс салаларындағы мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді. Әрбір мекеме өз бағыты бойынша қолданыстағы бағдарламалар мен жаңашылдықтарға тоқталып, кәсіпкерлерге нақты бағыт-бағдар берді.
Жиын аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы тақырыпта облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Емберген заңнамадағы өзгерістер мен жаңартылған талаптар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесінің кеңейтілуі – баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және негізсіз жоғары сауда үстемесін қолданатын делдалдардың жолын кесуге бағытталған нақты қадам.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тауарлар тізбесі баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және жоғары сауда үстемесін көтеретін делдалдарды болдырмау мақсатында кеңейтілді. Бұл, бір жағынан, өндірушілер үшін өндіріс көлемін ұлғайтуға және қуатты арттыруға қосымша ынталандыру болса, екінші жағынан, сауда субъектілерінің 15 пайыздан аспайтын үстеме бағаны сақтауы халық үшін өнімнің түпкілікті құнын төмендетуге мүмкіндік береді,-деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, қабылданып жатқан бұл шаралар нарықтағы тұрақтылықты сақтауға, тұтынушылардың құқығын қорғауға және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Көшпелі мәжіліс барысында көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, кейбір түйткілдер бойынша нақты түсіндірмелер мен ұсыныстар айтылды. Бұл кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімін арттырып, өз ісін дамытуға деген ынтасын күшейтті.
Жиын қорытындысында көшпелі мәжілістің кәсіпкерлердің ақпараттану деңгейін арттырумен қатар, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға оң ықпал еткені атап өтілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс нығайып, алдағы уақытта нақты мәселелерді бірлесе шешуге жол ашылды.
Осындай мазмұнды әрі нәтижелі кездесулер жергілікті бизнестің дамуына серпін беріп, аудан экономикасының тұрақты өсуіне негіз болары сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


