Бақсайлық "Ауыл таңы" ансамблі исатайлықтарға тамаша көңіл күй сыйлады

Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған "Ауыл таңы" атты вокалды-аспапты ансамблі Жанбай, Тұщықұдық ауылдарында болып, "Ескірмеген есті әндер" атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Жалпы вокалды-аспаптар ансамблі термині 1960 жылдары кеңес одағында пайда болғаны баршамызға белгілі. Сондай облысымызға атағы белгілі вокалды-аспапты ансамблдеріміздің бірі -"Ауыл таңы" республикамызға танымал десек артық айтпаған болар едік.

 1973 жылы Аққали Рыспалиев құрған ансамбль әлі күнге жергілікті халықты әсем әнмен тербеп келеді. Елу жылдан аса тарихы бар ансамблдің қазіргі құрамы үшінші кезеңде құрылып, ойнаушылар болып саналады. Дегенмен де алғашқы құрылымда болмаса да, 1984 жылдан бері ансамбль құрамында аспапта ойнап келе жатқан өнерпаздар әлі де бар. Былайша айтқанда, олардың сахнада жүргеніне биыл отыз жылдан асып кетті. Мысалы, соло гитарада Маулет Ғабдолла, барабанда  Кенжетай Ерғалиев, бас гитарада Рүстембек Нығметов, 
синтезаторда Қамбар Жакиев.
 Бүгінде ансамбль құрамы ритм гитарада Өмірбек Нәжімеденовпен, жас әншілер Сағын Мамаевпен, Наурызбек Жұмағалиевпен, Гүлсая Меңдігереевамен, Нұрболат Байахметовтермен толыққан. "Ауыл таңы" вокалды-аспапты ансамблінің репертуарында қазақ композиторлары мен халық әндері, сонымен қатар бүгінде ретро әндерге айналған "Саржайлау", "Ләйлім шырақ", "Сағымсың ба сен", "Өкінбе сен","Ойлайсың ба?","Алматы кешінде" сынды отыздан аса әндер бар.
Өмірбек Нәжімеденов, Бақсай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:
-Тұщықұдық ауылы мен Таңдай ауылы арасында көптен бері  мәдени байланыс орнатылған.Аға буын өкілдері салған сол үрдісті жоғалтпау мақсатында бүгін сіздерге  "Ескірмеген есті әндер" атты концерттік бағдарламамызды алып келіп жатырмыз. Күні кеше Жанбай ауылында болдық. Халық ғажап, керемет қарсы алып, өте жақсы қабылдады. Концерт аяқталғанша бірде-бір адам залды тастап кеткен жоқ. Соңына дейін бізбен бірге болып, қолдау білдіріп отырды. Тұщықұдықтық ағайындарға ризашылығым зор. Өнер қонған ауыл ғой. Оларда аяқталғанша билеп, бізбен бірге ән салып, көңілді отырды. Осындай өнерді түсінетін барша исатайлықтарға ансамбль және бақсайлық ағайындар атынан шынайы рақметімізді айтқым келеді.
Концерт соңында аудан тұрғындары атынан аудандық мәслихат төрағасы  Аманжол Рақметов  "Ауыл таңы" вокалды аспапты ансамбль мүшелері мен тобына алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі. Ал Н. Үлкенбаев атындағы мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Алтынай Әділбекова Тұщықұдық ауылдық округі әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыс етті.

 

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT