Бала тілінің кеш шығуына не себеп?!

Қазақта «Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай бала­ның тілі енді шығып, былдырлағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда, соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады.

Бұған мамандар алаңдаушылық білдіріп отыр. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт еміздік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты қорқып, шошынғаннан тұтығу пайда болуы, ата-ананың баламен ашық түрде сөйлеспеуі, тіпті көпшіліктің пікірі балалардың телефоннан көз алмауы секілді себептерді тізе беруге болады. Кейде жан тыныштығымызды ойлап, баланың қолына телефон беріп қоятынымыз да жасырын емес. Ал, бұл баланың дамуына, денсаулығына кері әсер ететінін ескере бермейміз.

Мамандардың айтуынша, бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал үш жастан асқан соң еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет. Бүгінде тілі уақытынан кеш шығатын балалар саны көп. Жалпы, тілдің дамуының кешігуі қарапайым сөзбен айтқанда, бала өз қатарластарымен салыстырғанда, сөйлеу дағдыларын кеш меңгереді, сөздік қоры аз әрі сөздері түсініксіз болады. Соның салдарынан логопед, дефектолог мамандарға сұраныс артып отыр. Біз осы мәселелер жөнінде мамандардың пікірлерін білдік.

«Өркен» бөбекжай балабақшасындағы «Инклюзив» кабинетінің дефектолог маманы Әсемгүл Бисенғалиева:

-2 жас 8 ай дегенде балаға тіл шықпаса, диагноз қойылады. Қазіргі таңда ерекше балалардың көбеюі немесе тілдің кеш шығуы бала құрсақта жатқанда, анасы өзінің денсаулығына мән бермегендіктен болып отыр. Жүктілік кезінде жиі кездесетін қаназдық, түрлі инфекция жұқтыру, депрессияға түсу секілді аурулар баланың тілі шықпауына әсерін тигізеді. Кейбір жағдайда дәрігерлердің баланы босандыру кезінде жіберетін қателіктерінің кесірінен бас, ми бөлігіне зақым келіп жатады. Тағы бір себебі – ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі.

Бала ұзақ уақыт еміздік емсе, баланың ауыз-бұлшық еттері, еріндері бір қимылдан екінші қимылға ауысып отыруы керек, сонда әріптер мен дыбыстарды айтуға тез дағдыланады. Мысалы, Ш, Ж, Р, З сияқты әріптерге тілі келмей жатады. Бұл артикуляциялық жаттығулар жасалмай, бір бағыттағы қимылдарға дағдыланып кетуінен болады.

Ал, телефонға үңілген бала виртуалды әлемге еніп, экрандағы түрлі іс-қимылға назар аударып, өзге тілдерді өзіне қабылдап алуы мүмкін. 2019 жылдан бері күні бүгінге дейін осы салада қызмет атқарып келемін, балаға көңіл бөліп, жұмыстанса, оң нәтижеге қол жеткізуге болады,-дейді.

Қазіргі қоғамда жас ерекшелігі әртүрлі физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналарды ғана емес, дәрігерлер тіпті психолог, логопед мамандарды да қатты алаңдатып отыр. Бұл жөнінде аудандық білім бөліміне қарасты «№4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КМК меңгерушісі  Сайрангүл Бөлекова: -Жалпы біздің ауданда психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде қазіргі таңда дамуында әртүрлі кемістігі бар 18 жасқа дейінгі 98 ерекше бала білім алуда. Біздегі дәрігер ерекше балалардың денсаулығына байланысты дәрігерлік қорытындысына сәйкес невропатолог, психиатр мамандарына уақытылы қаралуын қадағалап отырады. Себебі олар дәрігердің шешімімен тағайындалған диагноз түрі болғандықтан, жіті бақылауымызда. Ерекше балалар барлық балалармен тең құқылы. Қиындығы да, қызығы да қатар жүретін бұл салада біздер балалардың қоғамнан тыс қалмай, өз орнын табуға барынша жағдай жасап келеміз. Кабинеттің жұмыс жасағанына биыл он сегіз жыл болады. Бұған балаларды облыстық медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестің тұжырымы бойынша арнайы мамандар арқылы бірлесе отырып, туғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз – балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу және түзету ғана. Балалармен жұмыс жасау барысында өзін-өзі басқару дағдыларын қалыптастырып, жалпы және ұсақ қол моторикасын дамыту, физиологиялық және ақыл-ой қабілетін дамыту, түзету арқылы жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ логопед, психолог, емдік дене шынықтыру, монтессори, ойын бөлмесі, сенсорлык бөлмесі, әлеуметтік бөлме бар. Біздің логопед-дефектолог әр баланың психофизиологиялық және эмоционалдық саулығына жағдай жасап, қадағалап, шартты түрде психологпен де жұмыс жасайды. Осы мамандардың қызметі арқасында балалар ішкі кері әсерден, қорқыныш  сезімінен арылып, эмоциялық  жағдайы жақсарып, ата-ана қуанышына бөленуде, яғни балалардың танымдық іс-әрекеті ойын арқылы, ашық түсті ойыншықтар арқылы, берілген тапсырмаларды өздері қызығып орындайды,-дейді.

Баланың денсаулығына әрбір ата-ананың алаңдайтыны анық. Қазақ әуелден бар жақсысын балаға беріп, ұрпағына жағдай жасау үшін өмір сүретін халық. Қазіргі таңда сырқаттанып қалсаң, ем табу да оңай емес, кейбір жағдайда емнің өзі қымбатқа шығып жатады. Ауданымызда ондай да ата-аналар жоқ емес. Мәселен, Аққыстау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлмайда Шарапова баласын апармаған дәрігері қалмағанын айтып, қаржыдан да қиналып жүргенін айтады.

-Менің 4 балам бар. Екінші ұлымның психикалық дамуы кеш. Ол қазір алты жаста мектепалды даярлық тобына барады. Баламның туғаннан тілі кеш шықты. Ойлау қабілеті қатарластарынан әлдеқайда баяу. Сөйлем құрап айта алмайды және сөздері де анық емес, өз ойын ашық жеткізе алмайды. Бұрын Өркен балабақшасына барып жүргенде, апайлары баламен жақсы жұмыс жасаса керек, сәл де болса, ыммен түсіндіруі, кейбір айтылған сөздерді түсінуі қалыптасты. Әзірге шама-шарқымыз жеткенінше Атырау қаласына апарып қараттық. Логопед, невропатолог дәрігерлер қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындады. Уақытылы беріп жүрміз, кейде Астраханнан да дәрілер алғызамыз. Қазіргі кезде бізге жазып берілетін  қажетті дәрі-дәрмек, укол бәрі қымбат. Көмек ретінде не тегін дәрі немесе қаржылай қолдау да жоқ. Баламды  невропотолог дәрігер Күләш Хайдарова, Ақтөбедегі жоғары санатты дәрігер Әдемі Демеуоваға және тағы да басқа мамандарға апарып, ем қабылдадық. Ата-ана ретінде баламыздың денсаулығы алаңдатады. Мамандар аутизм белгілері бар екенін де айтты. Себебі, баламыз өз әлемінде жүріп, айналаға, адамдарға көп назар аудара бермейді. Әлі де толықтай емдеткіміз келеді, бірақ қолдың қысқалығынан, алысқа бара алмаймыз. Жолдасым маусымдық 6 айлық жұмыста (оператор) істейді, өзім болсам қарапайым еден жуушымын,- деп көпбалалы ана мұңын шақты.

Алайда, баланың психикалық дамуында кешеуілдеу байқалса, ұнжырғаңды түсіріп, бірден салыңды суға кетірудің қажеті жоқ. Баланың болашағы үшін соңына дейін күресіп, тиісті мамандарға тексертіп, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Ем шараларын қабылдағаннан кейін баланың денсаулығында оң өзгерістер пайда болғандар да бар. Бұған аққыстаулық Алма Мамбетованың оқиғасы дәлел. Оның да немересінің тілі кеш шыққан. Дәрігерлер оған да баланың психикалық дамуында кешігу бар екенін айтқан. Алайда, бірден уайымға берілмей, баланы мамандарға көрсетіп, Атырау қаласындағы арнайы емдеу орталықтарына апарып, массаж, физиотерапия қабылдаған. Ауылдағы «Өркен» балабақшасындағы дефектолог маман Әсемгүл Бисенғалиевамен де жұмысын үзбеген. -Апайымыздың бізге көп көмегі тиюде, жұмыс уақытынан тыс мезгілде де қарым-қатынас жасап отырады. Соның нәтижесінде немерем аз да болса, сөйлей бастады,-дейді ол. 

Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де тірлігіне қарамастан әрқашан жайдары мінезімен көпшіліктің алғысына бөленген аудандық емхананың педиатр, неонатолог дәрігері Сәуле Қайырденовамен сөйлескен едік.

-Қазіргі таңда педиатр ретінде білетінім, аутизмнің мынадай түрлері болады. Аутизм балалар адамдармен қарым-қатынаста болғысы келмейді. Кейбіреулері тынымсыз, айқайлап шулап жүреді. Ал кейбірі эмоцальный, ортаға араласып кете алатын қабілеті болса, ендібірі өз әлемдерімен бөлек болып, ешнарсеге атсалыспайтын сондай белгілер болады. Біздің алдымызға осындай жағдайдағы балалар келсе, алдымен психологқа, невропотолог, психиатрға жібереміз. Осы соңғы 3 жылға дейін ауданымыз бойынша 1-ақ бала есепте тұрды. Ал қазір 3 жыл ішінде көп бала тіркелді.

Өмірге бала дені сау боп келеді, бәрі де бірдей ауру болмайды. Ананың саулығы баладан басталады. Егерде бала денсаулығында кінәрат болса, ол біріншіден, анаға байланысты. Әлгінде есепте тұрған жүкті аналардың 50-60% қан аздық, созылмалы  инфекциядан болады. Табиғаттан ба, әлде тамақтан ба, әйтеуір ауру балалар саны тежелер емес. Бізде балаларды дамыту бөлмесі жасақталған ішінде 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалармен жұмыс жасайтын мейірбикеміз бар. Мамандарымыз кішкентайларын әкелген әке-анасына, ата-әжесіне оны қалай тамақтандыру керек, емізу керек, баламен қалай тығыз қарым-қатынаста сөйлесу керектігі жөнінде түсіндіреді.

Бір жағынан бізге келушілерден байқап қарап отырсақ, көбісі балаға жылы түрде қарап, көңіл бөле бермейді. Бір жағынан ата-аналардың уақыты болмағандықтан, телефон не болмаса теледидар қосып бере салып, аса қатты тәрбиеге мән бермеуі де ықтимал. Жаңа Қазақстанда медицина жақсы дамып келе жатыр. Сондай-ақ дәрігер алдына ай сайын келген балаларды қарап, 3 айдан кейін скринингтік тексеруден өткіземіз. Бой, салмақ, құлақ, психалық нерв жүйесінің дамуын бәрін қадағалаймыз, аппаратымыз бар. Дамуы тежеу балаларды осы аппарат арқылы табып отырамыз. Биылғы жылы дефектолог кабинетін аштық. Ол да өз нәтижесін беруде, күніне 5-6 баламен жеке жұмыс жасаймыз.

Ең көп кездесетін балалар арасындағы аурулар – тыныс жол аурулары, вирустық инфекциялар (жөтел, мұрыннан су ағу, қызу) көп кездеседі. Мысалы, 1 жаспен 5 жасқа дейінгілерді алар болсақ, солардың 60% осы вируспен ауырады. Жоғары сыныптағы оқушыларда тіс кариесі көптеп кездеседі. Бұның себебі, ананың қан аздығы немесе созылмалы ауруынан, қоршаған ортадан, тағамнан болуы мүмкін, -дейді жоғары санатты дәрігеріміз.

Кеңес және білім беру жұмысы бойынша ұйымдастыру әдістемелік және үйлестіруші рөл атқарады. Мұнда медициналық қызметкерлермен қатар балалардың ата-аналары немесе отбасында ерте шақтағы балаларға күтім көрсететін адамдарда білім алып, дағдылана алады. Дені сау бала кабинеттерінің негізгі міндеті балалар денсаулығын қорғау бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізу. Соның ішінде: медициналық қызметкерлердің білімін үздіксіз жетілдіріп ғана қоймай,  қызмет көрсетеді. Ол жөнінде өз ісінің шебері «Балаларды дамыту» бөлмесінің мейірбикесі Ардақ Кабулова таныстырып өтті.

Біздер әрбір келген баланың салмағын өлшеп ғана шектелмей, жасына сай дамуында тежеліс барма, соңы қадағалаймыз. Қазіргі кезде жас аналар ой-өрісі жақсы, баланы жиі тексеріске әкеледі. Балаға ата-анасы үлгі болады, кішкентайынан бастап санасына құямыз. Баламен көп сөйлессек, дыбыс арқылы анасы, әкесі, әжесі екендігін сезіп, тани бастайды. 3-айдан бастап бала күле бастайды, бір жағына аунай бастайды, ол қалыпты жағдай .Бала туғанда миы тегіс боп шығады, содан соң сыртқы ортаға бейімделеді. Біз осында келген ата-анаға түсіндіріп, баланы әр қарай дамыту жөнінде, 6 айға дейін ана сүтін ему керек, жас ерекшелікке байланысты ойыншықтармен ойнауы керектігі туралы кеңес береміз. Баласы айналаға қарап, гуілдеп сөйлесе, анасы оған мейіріммен жауап беру қажет. Сонымен қатар скринингтік тексеруден өткізіп, денсаулығының сыр беретін жерін анықтау басты міндетіміз. Бала 6 айлығынан бастап қозғалмаса, демек дамуында бір тежеу бар деген сөз. Сол сәттен бастап, «әр ата-анаға оны алдын алу мақсатында қаратып, емін ал» деп түсінік жұмысын жүргіземіз. Оны жергілікті мейірбикелермен байланысу арқылы бақылауда ұстаймыз. Әр балаға ата-ана 1-2 сағат кем дегенде, 10-15 минут уақыт бөлуі тиіс. 3 жастағы бала сөйлемесе, арнайы мамандар кеңесіне жүгініп, дефектологпен тығыз жұмыс жасау қажет,- дейді мейірбике. Ия, шынында да ана мен бала саулығы – қоғамымыздың дамуының кепілі.

                                                                                                   Сағыныш ҚАЙЫР

сурет. ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521