Халықаралық балаларды қорғау күні – балалардың жай ғана мейрамы емес, бұл – олардың өмір сүру, білім алу, ойнау және дамуға деген құқықтарын құрметтеу күні. Осы орайда сейсенбі күні аудандық білім бөліміне қарасты №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шара өтті.
Атаулы күнге орай түзету кабинетінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мерекелік іс-шара шымылдығы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиеваның алғы сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде әр бала махаббат пен қамқорлыққа лайық екенін атап өтіп, олардың жарқын болашағына сенім білдірді. Сонымен қатар аудандық музыкалық-шығармашылық «Біздің таланттар» конкурсынан жүлделі бірінші орын иеленіп, ал облыстық байқаудан түрлі номинация бойынша жүлделі екінші орын алған өнерлі балаларға Алғыс хат табыстады.
Кеш барысында балғын жүзді балалар түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысты. Би билеп, ән айтқан бүлдіршіндердің жүзінен шаттық пен қуаныш байқалды. Сонымен қатар облысқа дейін түрлі байқауларға қатысып жүрген балалардың шулы аспаптарда ойнауы көпке ерекше қуаныш сыйлады. Ата-аналар мен педагогтар шараға белсенді атсалысып, балалардың көңілді әрі мағыналы уақыт өткізуіне үлес қосты. Сондай-ақ бұл іс-шарада арнайы келген қоғам белсендісі, аудандық маслихаттың депутаты, кәсіпкер,түзету кабинетінің тұрақты демеушісі Ақмарал Мәдиқызы балаларды айтулы мерекемен құттықтады. Әрі «Біздің таланттар» музыкалық шығармашылық конкурсының жеңімпаздарына демеушілік танытып, сыйлықтарын үлестіріп, мерекелік көңіл-күйін еселей түсті.
Іс-шара соңында барлық балаларға тәтті лер мен сыйлықтар табысталды. Бұл күн балалар үшін ғана емес, үлкендер үшін де жүрекке жылу сыйлаған ерекше мереке болды.
Сағыныш ҚАЙЫР