Балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің де, қоғамның да алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі, білікті маман, саналы азамат. Сол себепті балалардың зияткерлік, шығармашылық, физикалық және әлеуметтік қабілеттерін дамытуға бағытталған орталықтардың рөлі ерекше. Мұндай орталықтарда балалар өз қызығушылықтарына сай білім алып, бос уақытын тиімді өткізіп, жаңа дағдыларды меңгереді, бұл олардың тұлғалық дамуына оң әсер етеді.
Осы бағытта жеке қаражат тарту арқылы балаларды дамыту орталықтарын салу – тиімді әрі заманауи шешім болып табылады. Бұл тәсіл мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмей, сапалы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жеке инвесторлардың қатысуы құрылыс пен қызмет көрсету сапасының жоғары болуына, жаңа технологиялар мен инновациялық әдістердің енгізілуіне жол ашады. Сонымен қатар, мұндай серіктестік бәсекелестікті арттырып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімді әрі тиімді болуына ықпал етеді.
Нәтижесінде ата-аналар балаларын сенімді, қауіпсіз және дамуға қолайлы ортаға бере алады, ал балалар өз қабілеттерін толық ашуға мүмкіндік алады. Осы тәжірибенің тиімділігін ескере отырып, жеке инвестицияға негізделген балаларды дамыту орталықтарын салу ісін тек бір өңірмен шектемей, басқа аймақтарда да кеңінен қолдану қажет. Бұл өңірлер арасындағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға, балаларға тең мүмкіндік беруге және елдің болашағы үшін сапалы адами капитал қалыптастыруға зор үлес қосады.
Арслан АМИРОВ,
Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі


