Балаларға арналған аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы өтті

 

Жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің бастамасымен ұйымдастырылатын бүлдіршіндерге арналған қайырымдылық шыршасы биыл Өнер мектебінде өтті. Мерекелік шараға аудан мектептерінен 50 оқушы қатысып, жаңа жылдық көңіл күйді бірге бөлісті.

 

 

Әсерлі қойылымдармен өрілген, сый-сияпатқа толы шырша тойды аудандық білім бөліміне қарасты Өнер мектебінің ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды.

 

 

Әсем безендірілген зал, жарқыраған шамдар мен көңілді әуен балаларды бірден ертегі әлеміне жетеледі.

 

 

Салтанатты кеш барысында аудан әкімі Нұрым Мусин бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Ол жас ұрпақ – ел болашағы екенін атап өтіп, балаларға амандық, шаттық пен жарқын келешек тіледі. Алдағы жыл әр бала үшін қуаныш пен табысқа толы болсын деген ізгі ниетін жеткізді.

 

 

Мерекелік кештің көркін Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері аша түсті.

 

 

Олар балаларға ғажайыпқа толы қойылым ұсынып, ән мен би, көңілді ойындар арқылы мерекелік әсерді күшейтті. 

 

 

Өз кезегінде бүлдіршіндер де тақпақ айтып, ән шырқап, би билеп, кештің сәнін кіргізді.

 

 

Шараға қатысқан Ж. Мырзағалиев мектебінің әлеуметтік педагогы Ақжарқын Шадирова ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

— Оқушылар мерекелік кештен ерекше әсер алып, шаттыққа бөленді. Балалардың қуанышын көрген ата-аналар да бұл шараға дән риза, — деді ол.

 

 

Мерекелік кеш соңында барлық балаларға тәттілер мен ойыншықтар таратылып, олардың жүзіндегі қуаныш одан әрі арта түсті.

 

 

Осындай игі бастамалар балғындардың балалық шағын жарқын естелікке айналдырып, жаңа жыл мерекесінің мәнін айшықтай түседі.

 

 


Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT