БАЛАЛАРҒА РУХАНИ АЗЫҚ СЫЙЛАДЫ

 Қоғам, мәдениет қайраткерлері – Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры, Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті, «Құрмет» орденінің иегері Әділ Қойтанов пен мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, Атырау облысының және Исатай ауданының Құрметті азаматы Айгүл Үлкенбаева жұмыс сапарымен туған жерге табан тіреп, Тұщықұдық, сондай-ақ, аудан орталығы–Аққыстау ауылдарында болды.

Олар сапар барысында алдымен бір кездері өздері білім алған Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке ат басын бұрып, кейін аудан орталығындағы  Абай атындағы орта мектепке барды. Онда болған кездерінде Әділ Қаженбайұлы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебі кітапханасына 100 кітап, Абай атындағы орта мектебі кітапханасына 150 кітап табыс етті. Кітаптар негізінен қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған туындылары, шет тілінен  қазақшаға  аударылған балалар әдебиеттері, тарихи-танымдық әдебиеттер. Айгүл Нариманқызы болса, өз шығармалары топтастырылған үн табақтарын, сондай-ақ, өте ертеде аз таралыммен басылғандықтан қазір сирек кездесетін күй анасы–Динаның күйлер жинағын табыс етті. Мектептердегі шәкірттермен, ұстаздармен, ардагер мұғалімдермен кездесулер барысында қонақтарды қарсылап алып, жол бастап жүрген өнер жанашыры, ауданның Құрметті азаматы Сәйпеден Сидағалиев жиналғандарға қонақтарды, олармен бірге жүрген сапарластарын таныстырып, іссапар мақсаттарын әңгімеледі, ардагер ұстаздар, мектеп  басшылары  оларға алғыс сезімдерін білдірді. Аудандық саз мектебі шәкірттері алдында жеке өзі де күй шерткен Айгүл Нариманқызы өнерге талпынған өрендермен бірге өзінің ұстазы Шәмшиден Шәріповтың «Ауыл шаттығы», Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерін орындады, ақыл-кеңесін де бүгіп қалмады.

ҚонақтарЖ.Мырзағалиев орта мектептегі пайдалануға берілген жапсаржай құрылысын аралып, біткен іске риза болысса, ауылдағы саз мектебі филиалына берілген жаңа орында да болып, ұстаздар ұжымы мен шәкірттердің қуанышын бөлісті. 

-Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай жиынында қазіргі мектеп кітапханаларының әдеби кітаптарға тапшы екенін, оны кітаппен толықтыру керектігін арнайы айтқан болатын. Осыған орай қазіргі кезде мемлекеттік бағдарлама қабылданып, мектептерге кітаптар жеткізу мәселесі көтеріліп жатыр. Мен де өз тарапымнан екі мектепке, әрбіріне 100-150 кітап әкеліп тапсырдым. Әлі де жетіспей жататын кітаптар болса, жеткізіп беруге уәде етемін,-дейді Әділ Қаженбайұлы.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521