Балаларымыз сапалы білім алуы тиіс


Пандемия салдарынан басталған қашықтықтан білім беруге көшу біраз қиындықтар келтіргені мәлім.

Ең басты қиындық барлық отбасыларына интернеттің қолжетімді болмауы, компьютерлік құрылғылардың жетіспеушілігі еді. Біздің мектеп ұжымы сапалы білім беруге ұмтылып, жаз айларында үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 64 отбасына интернет желісін қостыруға (роутер модем алуға) жалпы оқу қорынан 1 856 000 теңге берілсе, демеушілер арқылы 10 отбасына дәл осындай көмек көрсетілді. 100 отбасына мектеп есебіндегі компьютерлік құрылғылар таратылып берілді. Бұл отбасыларында мектеп жасындағы 300-ден астам бала бар екен. Педагогикалық кадрлар да онлайн білім беру технологияларын пысықтап, білім жетілдіру курстарынан өтті. Ата-аналармен, педагогтармен онлайн вебинарлар өткізіліп, психологиялық тұрғыдан дайындық шаралары ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар ауданымыздың барлық білім беру мекемелерінде де жүзеге асты. Нәтижесінде ауданымыздың білім беру мекемелері жаңа оқу жылын сәтті бастады.

Дейтұрғанмен, жас ұрпаққа сапалы білім беруде әлі де кедергілер бар. Ол, Жолдауда Мемлекет басшысы дөп басып айтқандай, қашықтан білім беру үшін әлі нақты бір онлайн-платформа жасалмағандығы. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» екенін баса айтты. Сонымен қатар, Жолдаудан туындайтын 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен 100 пайыз қамту, үздіксіз білім беру концепциясын дайындау, дені сау, жан-жақты қабілеттері дамыған, өмір сүруге бейім жас ұрпақты кәсіпкерлікке дайындау мақсатында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту, бұқаралық спортты дамытып, үйірмелер жұмысын жандандыру сияқты тапсырмалар атқарушы билік пен педагог кадрлардың алдына жаңа міндеттер жүктейді.

Жолдаудың соңғы ХІ бөлімінде айтылған ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастырудағы басты 6 адами сапа да білім мен тәрбие беру саласының қызметкерлері мен ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ғұбайдолла АХМЕТЖАНОВ,

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің құқық пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT