-Иә, ұстаз есімі кім-кімге де ыстық. Біздің балалық шағымыздың сағынышқа толы ескірмес естелігінде қатталып, жадымызда жатталып қалған, үнемі еске алып отыратын аяулы да ардақты жандарымыз - мектеп қабырғасындағы ұстаздарымыз. Ұстаздың ұлылығы сол, саған тек білім үйретіп қана қоймайды, жүрегіңе жол тауып, өмірлік сабақ болатын бағыт-бағдар береді. Білімін өмір бойына азық етсек, ілімін бойымызға дұрыс сіңіре алсақ, қандай да қиындықтарды жарып шығып, алға жол табуымызға үлкен себепші. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп бекер айтылмаса керек, біз ұстазға қарап бой түзедік. Менің жадымдағы ұстаздар – соның куәсі.
Ең алғаш қолыма қалам ұстатып, әріп танытқан, алғашқы білім нәрімен сусындатқан ұстазым М.Горький орта мектебінде (қазіргі Ж.Мырзағалиев) қызмет жасаған Гумарова Жанжамила апай болатын. Апайдың әдемі келбеті, шуақ шашқан нұрлы жүзі, мейірімді бейнесі әлі көз алдымда. Адам болғасын түрлі мінез-құлық та, құбылыс та болатыны шын, бірақ менің жадымда Жанжамила апайдың бір балаға қабақ шытып ұрысқаны, не шаршаған бейнесі емес, сені өзіне баурап ала қоятын әдемі жымиысы мен бауырына тартатын ыстық құшағы ғана жатталып қалыпты. Біз ол кісіден мол тағылым алып, бастауышпен қоштасып, жоғары сыныпқа қадам бастық. Алғашқы білім негізі берік болып, дұрыс қаланса, шәкірт бойындағы білуге деген құштарлық арта түсері хақ. Біз де Жанжамила апайымыздың арқасында биікке ұмтылып, білім алудан жалықпадық.
Жоғарғы сыныптағы ұстаз бейнесі марқұм Нүрия Темирова апай еді. Ол кісі біліммен қатар, шығармашылық қырымызды да аша білген бірден-бір мықты ұстаз болатын. Біздің мектепке жаңадан келген жас ұстаз кезі болу керек, көркемдігі мен шеберлігі жарасымды, сөйлеу мәнері өзгеше, сондай тартымды жан болды. Менің шығармашылыққа деген қабілетімді ашып, қиялыма қанат бітірген, шәкірт жүрегіме жол таба білген нағыз ұстаз дер едім апайды. Жүрегімдегі кішкентай ғана шырақты көре білді, жаға білді, мамандықты дұрыс таңдауыма себепші бола алды. Мен апайымды мақтан етемін, ол кісінің мәңгілік бейнесі жүрегімізде.
Мен сол жылдардағы қай-қай ұстазға да басымды иіп тұрып алғыс айтамын! Әр ұстаздың, сенің болашағың үшін төккен тері мен еңбегі, бойыңа сіңірген білімі, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп Абай атамыз айтпақшы, өмірден өз орнымызды табуымызға қосқан үлестері ұшан-теңіз. Қазір өзім де ұстазбын, мектеп қабырғасындағы, жоғары оқу орнындағы ұстаздарымның берген білімдері мен үлгілерін, ақылдарын өміріме сабақ етіп келемін.
Ұстаздың ұлылығы оның шәкіртінің жетістігімен де өлшенеді екен. Сондықтан әрбір жетістігімде сол ұстаздарымның да еңбегі бар деп білемін, іштей алғыс айтып жүремін. Сол ұстаздардан көрген өнегемді, тәрбиемді, білімімді шәкірттерімнің болашақта жақсы азамат болуына, өзіндік тұлға болып қалыптасуына жұмсап келемін.
Қазіргі қоғамдағы ұстаз да - сол ұстаз. Тек талап та, жауапкершілік те зор, мүмкіндік те мол. Қазіргі заманғы ұстаздар жаңа технология-ларды жақсы меңгеріп, оны тиімді қолдана алады. Ол баланы ғана емес, қоғамды да алға жетелеп, ұлттың болашағын қалыптастыруға еңбек етеді. Өйткені олардың алдында отырған бүгінгі шәкірт - ертең ел тізгінін ұстар азамат.
Қамажай ЗАЙНОВА,
«Қарлығаш» бөбекжай бақшасының хореографы, «Аққайың», «Қамажай» би топтарының жетекшісі