БАЛАНЫ КІТАП ОҚУҒА ҚАЛАЙ БАУЛИМЫЗ?

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген қанатты сөзі бүгінде өзектілігін жойған емес. Иә, халқымыз ертеден баланы болашағына балап, оның тәрбиесі мен біліміне ерекше назар аударған. Бүгінгі таңда «қазіргінің балалары...» деген тіркеспен кешегі мен бүгінгінің балаларын салыстырып жатады. Яғни, «бүгінгі балалар кітап оқымайды, ғаламтордың торына түсті»,-деп көңілдері толмай жататыны жасырын емес. Ал, сіз  ата-ана ретінде балаңыздың кітап оқуы үшін, әдеби шығармаларға қызығушылығының артуы үшін қандай әдіс-тәсіл қолдандыңыз? Ертегі тыңдамай өскен, үйінде ата-анасы газет не кітап оқымайтын баланың кітапқа назар аударуы екі талай. Сондықтан, ата-ана баланың кітапқа құмарлана өсуін жастайынан қадағалау абзал болмақ.

 

2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні. Айтулы күнге орай аудандық балалар кітапханасына арнайы ат басын бұрып, сан түрлі сауалдың жауабын іздедік. Кітапхананың іргетасы  1977  жылы қаланған. Сандық деректерге сүйенсек, кітап қоры-14691, соның ішінде балаларға -9617 кітап арналған. Аудандық балалар кітапханасының директоры Мөлдір Манашеваның айтуынша, кітап қоры бір тоқсан сайын жаңарып тұрады екен. Сондықтан әртүрлі жанрдағы кітаптарды да, шетелдік аудармаларды да табуға болады.Кітапхана шағын болғанымен оқырман үшін жайлы әрі әдемі жабдықталған. Ізденімпаз жас оқырманның  талғамы мен талабына сай кітаптар да жеткілікті.

–       Кітап- баланың мәдениетті болып өсуіне тәрбие беріп, рухани дүниесін байытуға атсалысады. Кітап оқыған бала қашан да зерек, алғыр әрі ойы жүйрік болып қалыптасады. Сол себепті, бүлдіршінді жастайынан кітапқа баулу керек.  Жалпы балаға әріп танымай тұрғанда да, кітап оқып беру арқылы қызықтыруға болады. Алғашқыда зеріктіріп алмас үшін жас ерекшелігіне сай, арнайы балаларға арналған суретті кітапты көрсетіп, оны сөйлетіп қызығушылығын жәймен ашу керек. Содан кейін кітап түрін де күрделендіре бересіз. Балаңыз әріптерді толық жаттап, дыбыстарды бір-бірінен ажырата алатын уақытта сөзі оқуға жеңіл, буынға бөлініп оқылатын ертегілерден бастаған жөн.  Мысалы, бәріміздің сүйікті «Мақта қыз бен мысық», «Жеті лақ» сияқты ертегілерді кеңес етемін,-дейді Мөлдір Манашева.

Аталған кітапхана тәжірибесіне сүйеніп, өткен жылы ең көп оқылған,  үздік үш кітаптың тізімін ұсынды. Балалардың ерекше ізденіспен оқыған кітаптар қатарында Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері», халық ертегісі «Алдар көсе» мен Оразақын Асқардың «Ауыл балалары мен қала балалары» атты кітабы болды. Сонымен қатар кітапханада кітапкеміргіш үздік жас оқырмандар да бар. Атап айтқанда, Көркем Берікқызы, Айзере Ерланқызы мен Хақназ Амантай түрлі жанрдағы кітаптарды жарыса оқып, тұрақты үздік оқырманның қатарында тұр. Осы тұрғыда кітапхананың «әттеген-ай» дейтін тұсы да жоқ емес екен. Мөлдір Манашеваның айтуынша, кітапхана сандық форматқа көшу үшін заманауи техникаларға зәру әрі осындай жас оқырмандардың оқу сапасын көтеру үшін  әлі де қызықты басылымдардың қажеттілігін тілге тиек етті.

– Кітапхананың материалдық-техникалық жағдайы әлі алдағы уақытта жақсара түсіп, барлығы дерлік оргтехникамен жабдықталуы және оқырман талабына сай кітаптармен толығуы тиіс деп есептеймін. Бұл мәселенің қаржыға келіп тірелетіні де белгілі. Кітапхананың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, жұмыс сапасын арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отыр. Оқушы  кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы үшін жағдай жасақталуы керек,-дейді аудандық балалар кітапханасының директоры Мөлдір Манашева.

Республикалық Абай оқуларының жүлдегері, облыстық, аудандық сайыстардардың жеңімпазы, Аққыстау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Дильназ Орынбаеваның  әдеби кітапқа қызығушылығы поэзия оқып жүргенде ашылған екен. Жай ғана қызығушылық  әдетке айналып, түрлі жанрдағы кітаптардың тұрақты оқырманы болып, тіпті іздеп жүріп кітап оқи бастаған.

–       Поэзия жазған ақындардың өмірі, өзге де шығармаларын оқығым келе бастады. Кейін қызыққа толы кітаптарды оқуды үйреншікті әдетке айналдырдым. Әдетте психологиялық немесе әдеби кітаптардың кей түрі кітапханада болмай жатады. Кітаптарды көбіне үлкен қалалардан тапсырыс беріп сатып алуға тырысамын. Оқыған кітаптарым өзімде қалып, үйден өзімнің кішкентай кітапхана бұрышымды жасағым келеді. Қолжетімді кітаптарды мектеп кітапханасынан аламын, ол жерден таппасам, аудандық кітапханадан іздеймін. Бүгінде кітап оқу арқылы таным көкжиегімнің өскенін әрі сөздік қорымның молайып, сауатты жазуға машықтанғанымды аңғарудамын. Бұл мен үшін үлкен жетістік,-дейді кітапқұмар Дильназ бізбен болған қысқа әңгімесінде.

Бүлдіршіндерге  арналған оқу керек кітаптарды ұсынсақ, қаламгер Мейіржан Жылқыбайдың «Тауға саяхат» әңгімелер топтамасы мен ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» проза жанрындағы повесін және Тоня Шипулинаның «Шыбын» повесін атауға болады. Баланың сан түрлі жаңа қырын ашу үшін әрі оны одан әрі дамыту үшін кітап оқуға баулыған жөн. Өзіміздің жан тыныштығымыз үшін жылаған баланың жасын гаджет беру арқылы басатынымыз бар, ал есейгенде гаджетпен ғана тілдескен робот жанды баланы көрмейтінімізге кім кепіл?!. Уақытша құлақтың тыныштығы бала есейгенде, үлкен өкінішке әкеліп соқпасын. Сондықтан, бір ай да бір рет болсын, балаңызды жетектеп балалар кітапханасына апарып тұрыңыз дегім келеді сөзімнің соңында, қадірлі  оқырмандарым!.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521