Балық сорпасы тәтті, талап, бірақ, қатты

Жуырда Жанбай ауылдық мәдениет үйінде табиғатты қорғау және оны тиімді пайдалану, Каспий теңізінде балық аулау үдерісін заңдастыру, бірқалыпқа келтіру мәселелері ойынша келелі басқосу өтті.

Жиынға аудан әкімі М.Мурзиев, аудан прокуроры Е.Хисметуллин, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, облыстық көліктік бақылау инспекциясы өкілдері, Жанбай ауылындағы 20/16 әскери бөлімі және аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы, жергілікті полиция қызметі, аудандық бөлім басшылары және одан өзге мүдделі тұлғалар мен мәслихат депутаттары қатысты.

Каспий теңізінің Жанбай ауылдық бөлігі шекара аймағына жататындықтан, облыс прокуратурасының бастамасымен 2017 жылы теңізде заңсыз балық аулаудың алдын алу бойынша жедел іс-қимыл тобы құрылған болатын. Осыған орай бүгінгі күнге дейін Жанбай, Зинеден, Амангелді ауылдарында броконьерлік топтар қозғалыстарын болдырмау, құқықбұзушылықтарға жол бермеу мәселесі бойынша іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл жөнінде облыстық жануарлар дүниесін қорғау басқармасы басшысының орынбасары А.Молдашев айтып берді:

– Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас балықтар барлық жағдайда да, соның ішінде уылдырық шашу кезінде ерекше қорғауға алынады. Заң талаптары барлығына ортақ болғандықтан, мемлекет тарапынан арнайы заңды шешімдер қабылданып, аталған мәселе бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда айыптылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жүр. Сондықтан да Каспий теңізінен балық аулауға машықтанған Жанбай ауылының тұрғындарын заң талаптарына бағынуға шақырамын,-деді.

Ал, 20/16 әскери бөлімі бастығының орынбасары балықшыларды аймақтық сулар және ішкі сулар режимін ұстану кезінде рұқсатнама алу тәртібімен таныстырды. Аталған тәртіп бойынша барлық деңгейдегі тіркелген кемелер мен қайықтар, су көліктері түнгі мезгілде арнайы орынға шығарылып немесе белгіленген қайраңда байлануы тиіс екен. Басқосу соңында осы және өзге де балықшыларды толғандырған мәселелер ортаға салынып, талқыға шығарылды. Жиналысты қорытындылаған аудан әкімі қолданыстағы ережелер мен заң талаптары шеңберінде жылдан-жылға қатайып келе жатқан тәртіпті ұстанудың егжей-тегжейін түсіндіріп, тиісті сала өкілдеріне міндеттер жүктеп, ұсыныстар берді.

Өз тілшіміз

Cуреттерді түсірген Әбілмажан Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT