Қазақ халқы ежелден-ақ елін қорғайтын ерге ерекше құрметпен қарайды. Сондықтан бұрынғылар «Ер – елінің қорғаны» деп дана сөз де қалдырған. Бүгінде бұл ұғым тек ауызекі айтылатын тәмсіл болмауы керек – ол нақты іспен дәлелденетін өмірлік ұстанымға айналуы тиіс. Себебі ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Ал ұрпақты Отан алдындағы адалдыққа, әскери тәртіпке баулу – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Осы орайда Аққыстау орта мектебінде жұмыс істеп келе жатқан «Барыс» әскери-патриоттық клубы – тек үйірме емес, болашақ сарбаздарды шыңдайтын рухани әрі тәртіп мектебі десек, артық айтқандық емес.
Шын патриот сөзбен емес, іспен дәлелдейді
«Барыс» клубы 2004 жылы құрылған. Клуб жетекшісі – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ермек Жұмалиев. Ол бұл істі жай ғана пән мұғалімі ретінде емес, өз ісіне берілген шын жанашыр ретінде жүргізіп келеді.
– Біздің басты мақсат – оқушыларды әскери өмірге бейімдеу, патриоттық рухты бойына сіңіру. Жасөспірімдерге елге адал қызмет етудің не екенін түсіндіру,-дейді Ермек ұстаз.
Қазір клубта ресми тіркелген 15 оқушы бар. Оның ішінде 10-ы – ұл, 5-еуі – қыз бала. Алайда қызығушылық танытушы жасөспірімдердің саны бұдан әлдеқайда көп екен. Әсіресе жарыстар мен арнайы іс-шаралар кезінде қатысушылар қатары 30-40 балаға дейін жетеді. Бұл – бір жағынан қуанышты, екінші жағынан жауапкершілік арттыратын көрсеткіш.
«Барыс» клубында жастар саптық дайындық, әскери ұғымдар, салтанатты шеру, тудың мәні, автоматты бұзып-жинау, пневматикалық винтовкамен ату, противогаз кию сияқты маңызды машықтарды меңгереді. Мұның бәрі ойын емес – әскери өмірдің нақты элементтері. Әр жаттығу баланы сабырлылыққа, жауапкершілікке, ептілік пен төзімділікке баулиды.
– Үйірмеге көбіне 7-сыныптан бастап қабылдаймын. Алғашында тентектеу, тәртіпке көнбейтін, жауапкершіліктен қашатын балалар да болады. Бірақ уақыт өте келе олардың көзқарасы мен мінезі өзгеріп, бірте-бірте тәртіпке бейімделе бастайды. Бұл – үйірменің ең үлкен жеңісі,-дейді жетекші.
Шынында да, тәртіпсіздікке бейім, ойыннан басы айналған баланың бірнеше айдан кейін шенді сарбаздай түзеліп шығуы – ең үлкен нәтиже.
Нәтиже бар ма? Бар!
«Барыс» клубының жас сарбаздары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыс-тарда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, Аққыстау орта мектебінің оқушысы Әлішер Сұлтан – аудан тарихында «Айбын» сайысына тұңғыш қатысқан батыл жас. Ол 2019 жылы халықаралық деңгейде 1-орын иеленіп, ауылдың абыройын асқақтатты. Одан бөлек Бекасыл Самигуллин, Уәлитхан Зұлхарнайын сынды оқушылар да республикалық деңгейдегі жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Бір оқушы қатарынан екі-үш жыл үздіксіз қатысып, клубтың тұрақты әрі нәтижелі жұмысын айқын көрсетіп отыр. Ал биыл облыстық «Барыс» командасы «Жас құтқарушы» байқауында 2-орынды иеленді. Мұның өзі – үлкен дайындықтың, жүйелі еңбектің жемісі. Бүгінде осы клубтан тәрбиеленіп шыққан түлектердің біразы өрт сөндіру қызметінде, ішкі істер саласында және әскери оқу орындарында еңбек етуде. Мұның бәрі – «Барыс» клубы берген тәрбиенің нәтижесі. Бұл – сөзсіз ұстаз Ермек Бауыржанұлының еңбегіне қойылған әділ баға.
– Балалар үйірмеге келіп қана қоймай, осында қалыптасады. Олар рухани да, физикалық та мықты азамат болып өседі. Клуб олардың бойына жігер мен жауапкершілік ұялатады. Сондықтан болашағына сенемін,-дейді Ермек Бауыржанұлы.
Түйін
«Барыс» жай ғана үйірме емес. Бұл – тәртіп пен тәрбие, елжандылық пен ептілік, сабыр мен сенімнің мектебі. Мұнда оқушылар ерік-жігерін шыңдап, нағыз азамат болып қалыптасады. Әскер тек форма киіп, қару ұстау емес. Ол – ішкі тәртіп, рухани беріктік, Отанға деген адалдық. Бүгінгі таңда мұндай клубтардың көбеюі – мемлекетке қажет қадам. Себебі ел қорғайтын ер – бүгін мектеп партасында отырған бала. Ол болашақта қай салаға барса да, жүрегінде елге қызмет ету идеясын ұмытпауы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік тек шекарадағы сарбазбен емес, әр жүректе басталуы керек. Ал ол жүрек бала күнінен Отанға деген сүйіспеншілікпен толуы тиіс. «Барыс» сынды ұйымдар осыны іске асырып отыр. Сондықтан мұндай үйірмелерге тек мектеп қабырғасында емес, мемлекеттік деңгейде де қолдау көрсетілуі қажет. Себебі болашақ сарбаз – бүгінгі оқушы. Ал олардың бойында патриоттық рух оянбайынша, елдің ертеңі де көмескі болмақ.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА