Португалияның спорт төрінде көк байрағымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатқан тағы бір отандасымыз – Исатай ауданының мақтанышы, дзюдошы Інжу Жұмажан. Ол Еуропа чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл – табанды еңбек пен жүйелі дайындықтың, қайсар рух пен мызғымас сенімнің нәтижесі. Інжу – Исатай аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының түлегі. Бұған дейін де жасөспірімдер арасында өткен талай республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарған дзюдошы қыз бұл жолы құрлықтық додада ел мерейін үстем етті.
– Шаршы алаңдағы алғашқы белдесуінде-ақ Інжу Португалия спортшысын айқын басымдылықпен ұтты. Одан кейінгі айналымда Украина палуанын қапы қалдырып, үшінші белдесуде Швеция, төртінші кездесуде Италия өкілінен айласын асырып, сенімді түрде финалға шықты. Ақтық сында Израиль елінен келген дзюдошыны таза жеңіп, Еуропа чемпионатында топ жарды,-дейді оның бапкері, тәжірибелі жаттықтырушы Тұрар Ризуанов.
Жас спортшының бойынан байқалатын ерік-жігер мен намысшылдық – нағыз чемпионға тән қасиет. Татамидегі әрбір қимылы – шеберлік пен сенімділіктің үлгісі. Бапкерлерінің айтуынша, Інжу жаттығу кезінде де ерекше зейін мен табандылық танытып, әр белдесуге жан-жақты дайындалады.
Исатайлық дзюдошының бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, тұтас ауданның, елдің абыройы. Өйткені ауылдан түлеп ұшқан қаракөз қыздың Еуропа төрінде көк Туды желбіретіп, әлемге қазақтың қайсар қыздары барын дәлелдеуі – жас буынға жігер, өскелең ұрпаққа үлгі.
Інжу Жұмажанның бүгінгі жеңісі – ертеңгі Қазақстан спортындағы жарқын жетістіктердің бастамасы. Оның бойындағы еңбекқорлық, тәртіп пен табандылық оны әлі талай биіктен көрсетері сөзсіз. Алда талай дода бар. Біз чемпион қыздың әрбір жеңісімен мақтанамыз, қолдаймыз, сәттілік тілейміз!
С.Қайыр