Басқарма басшысы Исатай ауданындағы спорттық ахуалды бағамдады

Суреттер автордікі

 

Бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқарма басшысының  міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов жұмыс сапарымен Исатай ауданына келіп, өңірдегі спорт инфрақұрылымының жағдайымен танысты,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Іссапар аясында Нұрбол Тұрарұлы алдымен Х.Ерғалиев ауылына барып, ауылдағы спорт кешенінің жұмысымен жан-жақты танысты. Нысанды аралап көріп, жергілікті спорт мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Олар айтқан ой-пайымдардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Содан соң Тұщықұдық ауылындағы спорт кешеніне арнайы барып, ондағы материалдық-техникалық база мен спортшыларға жасалып отырған жағдайды жіті назарға алды. Аудан әкімі Нұрым Мусин жергілікті жастардың командалық спортқа бейім екенін атап өтіп, жеткен жетістіктерін де тілге тиек етті.

 

 

Іссапардың келесі бағыты – аудан орталығы Аққыстау ауылындағы Исатай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі болды. Мұнда басқарма басшысы мектептің ішкі жұмыстарымен танысып қана қоймай, мұндағы дәрігердің еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жас спортшылардың денсаулығын бақылау – ең маңызды міндеттердің бірі.

Сонымен қатар, Нұрбол Сыдықов ауыл спортына, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

– Қазіргі жастарда күш те, қайрат та, ыстық қан да бар. Егер осы қуатты дұрыс бағытқа, яғни спортқа жұмсасақ, олар бос уақытын көше кезіп немесе керексіз істерге емес, өз-өзін шыңдауға, жеңіске жетуге, жаңа биіктерді бағындыруға жұмсайды. Спорт – тек денені ғана емес, мінезді де шынықтырады. Қоғамдағы тәртіпсіздік пен бұзақылықтың алдын алудың ең тиімді жолы – жастарды спортқа баулу. Өйткені спортпен айналысатын адам тәртіпке, жауапкершілікке, мақсат қоюға үйренеді. Сондықтан біз ауыл спортына, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл – болашағымыз үшін жасалып жатқан ең дұрыс инвестиция, – деді Н.Сыдықов.

 

 

Іссапар Жанбай ауылындағы спорт кешенінде жалғасты. Басқарма басшысы кешеннің қазіргі жай-күйін көріп, мекеме директорының алдағы жоспарлары және мақсаттарымен танысты. Облыстық басқармаға қандай да бір ұсыныстар болса, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай орналасқан Исатай ауылындағы спорт кешеніне барып, ондағы жұмыстармен танысты. Бұдан бөлек, биыл құрылысы басталған Зинеден және Нарын ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылыс алаңдарын аралап, мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесті. Нұрбол Тұрарұлы бұл нысандардың балалардың болашағы үшін салынып жатқанын атап өтіп, мердігерлерден жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды сұрады.

 

 

Іссапар соңында басқарма басшысы туризм саласы бойынша бірқатар маңызды мәселелерді аудан әкімі Нұрым Мусинмен бірге талқылау үшін арнайы уақыт бөлетінін жеткізді.

Жалпы, бұл іссапар – спорт инфрақұрылымын дамытуға, ауыл спортын қолдауға және жас буынның спортпен шұғылдануына жасалып отырған қамқорлықтың айқын көрінісі. Ел ертеңі – бүгінгі жастар десек, сол жастардың спорт арқылы шынығып, шыңдалуына жасалып жатқан жағдай аз емес екенін бұл сапар тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT