Жылдағыша алдағы жылдың баспасөзіне жазылу науқаны басталғалы біздің де көңіл алаңдаулы. Өйткені, ауылдастың рухани азығына айналған «аудан айнасының» алдағы жылғы таралымының қандай болатыны осы екі-үш айға байланып тұр. «Басылым атаулының, оның ішінде ауданның төл басылымының да таралымы жыл сайын кеміп келе жатқан жағдайында оған жазылудың жайы нешік?» деген сауалдың бәрімізді де мазалауы орынды еді.
Шындығы керек, газет атаулы бұрын да елге қызмет етіп келді, бүгін де сол миссиясын ойдағыдай жүзеге асыру жолында деуге болады. Президент Қ.К.Тоқаевтың өзі де: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің бәрінде қалыптасқан дәстүр. Біз ұлттық журналистиканың бай тәжірибесін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет» деулі. Газет бұрын да керек болған, бүгін де керек. Сол бұрынғы уақыттағы басылымдардың да, соның ішінде ауданның төл басылымының да басты бағыты оқырманды кейбір елдік істерден, өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар қылу, әртүрлі салада уақыт талабына сай атқарылып жатқан жұмыстардан, оның кейбір кемшіліктері мен жетістіктерінен, күрмеуі табылмай тұрған тұстарынан құлағдар қылу болып келгені шындық. Бүгін де басылымдар бұл бағытынан алыстап кеткен жоқ, қадери-қалінше көпке қызмет қылып бағуда. Керісінше, жаңалығы көп қазіргідей уақытта елдің керегін екшеп беруге басым көңіл бөлініп отыр, бұл турасында көзі қарақты оқырманның өзі де хабардар болса керек.
Әрине, бәрін бірдей бітіріп тастадық деуден аулақпыз, қозғалмай қалып жатқан жайттар да жоқ емес, кемшін көрініп тұратын тұстарымыз да табылады.
Қалай дегенде де, күрделілеу кезеңдегі оқырманның керегін беруге ұмтылған редакция ұжымы тынымсыз тірлік қылуда. Алайда алдағы жылдың басылымына жазылу басталғалы бергі газетке жазылу жайы тағы да көңіл көншітерлік болмай отырғаны өкінішті. Өткен аптаның бейсенбісіндегі мәліметке қарағанда, аудан бойынша «Нарын таңына» жазылудың барлық көрсеткіші 310 дананы құрағаны шынымен де шымбайға батып кеткен жайт еді. Соның ішінде округтерді бөліп көрсеткенде, Аққыстауда - 169, Исатайда – 38, Зинеденде – 36, Жанбайда – 33, Тұщықұдықта – 31, ал Қамысқалада 26 данаға ғана жазылу жүргені жанды жүдеткен. Әрине, газетке жазылу жөнінде ауылдастарға айтып жеткізіліп те, жазып көрсетіліп жатқанда жағдай осындай. Тіпті облыс әкімінің орынбасары Шамұратовтың аудан, қала әкімдеріне баспасөзге жазылуды насихаттау, қолдау жайында хат жолдауы да теріс емес еді. Осыдан кейін ауыл-ауылдарда округ басшыларының ұйытқы болуымен редакция қызметкерлерінің, газет жанашырларының, жергілікті жерлердегі мекемелер басшыларының қатысуымен баспасөзге, соның ішінде ауданның төл басылымына жазылудың жайы жөнінде жиындар өте бастаған. Өткен аптаның жұмасынан бас-тау алған бұл басқосулар ауданның барлық ауылдық округтерінде өтіп бола келген жайы бар. Әрине, бұл іс алға қарай аудан орталығындағы, жергілікті жерлердегі мекемелерде болу арқылы жалғасын таба бермекші. Айналып келгенде, соның бәрі газетке жаздырудың, ауылдас-ты рухани азығынан құр қалдырмаудың қамы.
Жалғасы газеттің №47 (4260) санында
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

