Мемлекеттік қызметтің қай түрінің де түпкі мақсаты бір, ол – халықтың игілігіне қайырлы іс қылу. Тіпті, әкім болсаңыз да сол, миссияңыз - мемлекет аманаттаған қол астыңыздағы қалың бұқараның қамын күйттеу.
Ол көрсетілетін қызметтер елге қолайлы, мейлінше ашық болуы тиіс. Бұл - мемлекет жүктеп отырған міндет, заман қойып отырған талап. Ал, бұл қаншалықты жүзеге асып жатыр? Сол жайлы білмек болған Атырау облыстық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адиева бүгін Исатай ауданында болып, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен дәріханаларды аралап, қоғамдық бақылау жасады.
Сапарын Қамысқала, Тұщықұдық ауылдық округтерінен бастаған ол Аққыстау ауылындағы аудандық орталық аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, Аққыстау ауылдық округі әкімдігі, аудан әкімдігі, аудандық дербес бөлімдер ғимараттарына да бас сұқты. Кем-кетік тұстарымыз да айтылды.
- Аудандық аурухана ғимаратында пандус сыртқы есіктен қашық орналасқан. Одан бөлек есік алдында дыбыс беру тетігі жоқ. Бұл - арбамен келген адамның іштегі қызметкерлерге белгі беруі үшін қажет нәрсе. Біз оларға оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек қой, - деген кеңсе жетекшісі аудандық халыққа көмек көрсету орталығында да осындай олқылықтың барын байқапты. - «Адалдық алаңының» мақсаты – қоғамдағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін тәуекелділікке төтеп беріп, оларды болдырмау. Бұл ең біріншіден қоғамда парасаттылықты дамытуды, екіншіден халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруды көздейді. Былайша айтқанда, халыққа қолжетімді, қолайлы орта қалыптастыру, мемлекеттік қызметтегі ашықтықты қамтамасыз етуге жұмыстанамыз. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың алға қойған басым бағыттарының бірі де халықтың үніне құлақ асу, яғни, естуші мемлекет болып қалыптасу емес пе? - дейді ол.
Осы мақсатта «Адалдық алаңы» былтыр өңірде «Ашық әкімдік» атты жүйені қалыптастыруды ұсынған болатын. Қоғамдық бақылаушының айтуынша, еліміздің басқа аймақтарында 60 пайыз «Ашық әкімдік» жүйесі ашылып, халыққа өз жұмысын ұсынып жатқан көрінеді. Сондай-ақ ол облысымыздағы көрсеткіштің өте төмен екенін де жасырмады.
«Ашық әкімдіктің» атқаратын қызметі қандай? Енді соған келейік. Альфия Адиеваның айтқанынан түсінгеніміз мынау: «Ашық әкімдік» жүйесінің міндеті - тұрғындарға бір жерден, қалаған мемлекеттік қызмет түрін көрсету және оларға қолайлы жағдай жасау. Тіпті, шаруасымен келген тұрғынға күту залы, ол адамның қасында ойын баласы болса, оның көңілін бөлетін балалар бөлмесі жұмыс жасап тұруы, wi-fi арқылы интернет те қарастырылуы тиіс. Қысқасы, шаруасы түсіп келген адам шарқ ұрып әр маманның есігін қағып жүрмей, төменгі қабаттағы бір залдан кез келген мемлекеттік қызмет түрін алып, қалаған сала маманына жолыға алатындай деңгейге жетуіміз керек. Ал, біздің аудандағы дербес бөлімдер ғимараты өз алдына бөлек болғандықтан, «Ашық әкімдік» залы сол нысанның төменгі қабатына жабдықталып жатыр екен. Жақында жұмысын бастап та қалар.
Төменгі қабат демекші, басшы біткен биікке ұмтылмай, кабинетін төменнен сайлауы керек дейтін және талап бар. Иә, басшылардың қолжетімділігін көздейтін бұл қағида аудан әкімдеріне де қатысты. Кейбір адамдардың түсінігіндей, бұл басшылықты төмендетуге жатпайды. Әйтпесе, бөлмесі биікте орналасқанымен, ел алдындағы беделі бірінші қатардан аспайтын әкімдер де аз емес қой.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ