Бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын

Биылғы ақпан айының басында белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қоғам қайраткері Шапхат Хұсынов жетпіс жасқа толады.

Жалпы Шәкең өңір баспасөзінде өзіндік үні бар батыр журналистердің бірі болды. Азат ойлы, тек шындықты ту еткен арда азамат 58 жыл ғана өмір сүрді. «Нарын таңы» газетінің бас редакторы бола жүріп аудан журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Басылымға басшылық еткен жылдары қоғамдағы ең өзекті деген мәселелерді көтеріп, ауданымызда азаматтық қоғам құру ісіне аянбай тер төкті. Ауданның, аймақтың қоғамдық өміріне де белсене қатысты. Сессияларда облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп, тың ойларымен, жаңа идеяларымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кезек күттірмейтін мәселелерін ашық айтып, облыс басшылығы алдына қадау-қадау мәселелерді қойып, оны аяғына дейін жеткізуге бар күш-жігерін жұмсай білді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында экономикалық қиындықтар, әлеуметтік әлсіз топтардың жағдайы, халықты жұмыспен қамтудың жайы ағамызды бейжай қалдырмады.

Қоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қатарынан, заманынан озық туады. Шәкеңді мен де солардың қатарына қосар едім. Ол - қынабынан суырылған өткір қылыш секілді еді. Қай ортаға барса да, өзінің пікірін күлбілтелемей, бүкпесіз ашық айтатын. Өзінің соңынан ізін қуып келе жатқан жас қаламгерлерден де осыны талап ететін. Ол «ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып, көзін жұмып айналып өткен адам айыпты» деген қағидамен ғұмыр кешті. Жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа жүрегі құштар Шәкең «жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйластықтан сымбатты нәрсе жоқ» дейтін. Әрине, жақсылықты, қайырымдылықты, сыйластықты ғұмыр бойы ту етіп ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейтініне талай рет көзіміз жеткен.

Шәкең бойына біткен дарынымен, ұшан-теңіз білімімен көрініп, құйрық жалы сүзілген торы аттай топты жарып, шашасына шаң жұқтырмай өмірден өтті.

Аяпберген САЛИХОВ,

бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521