Қазіргі таңда әкімдердің тұрғындармен кездесуі жиіледі. Әкімдер әр тоқсан сайын халықпен кездесіп отырады. Осындай жиын жуырда Аққыстауда да өтті. Онда алдымен аудан әкімі Полымбет Хасанов аудан бойынша өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен төртінші тоқсан бойынша айтылған ұсыныс-пікірлерлердің орындалу барысына тоқталды.
Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Сол себепті еліміз бойынша соңғы кездері жүзеге асып жатқан реформалар мен бағдарламалардың ауыл тұрғындарының еңсе тіктеуіне бағытталып жатқаны анық.
Қос нысан іске қосылды
Сонымен аудан әкімі П.Максимұлының айтуынша, өткен жыл аудан бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, ең негізгілеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Осы аралықта білім саласы бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Зинеден ауылының Ю.Гагарин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген, аталған нысан 2005 жылы пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл мектепте қазір 250 оқушы білім алуда. Осы бағдарлама шеңберінде Тұщықұдық ауылында өткен жылы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, желтоқсан айында аяқталды. «Ембімұнайгаз» АҚ демеушілігімен аудан орталығы Аққыстау ауылында көпнысаналы спорт алаңының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарына жаңадан кіші аяқ доп алаңы балалар ойын алаңшаларымен қоса салынып, тұрғындар игілігіне тапсырылды. Бұдан бөлек, Нарын, Исатай, Жанбай ауылдарында бұрын салынып, тозығы жеткен шағын футбол алаңшалары толықтай қайтадан жаңартылған. Бұл ауыл балаларына үлкен тарту болып, аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік бергені сөзсіз.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, 2010 жылы пайдалануға берілген Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Бүгінде осы дәрігерлік амбулатория арқылы 4500-дің үстінде адам медициналық қызмет алуда. Бұған қоса, Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты 1973 жылы салынып, сол уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ұзындығы 23 шақырымды құрайтын «Қызылүй» каналының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Аққыстау ауылының теміржол мөлтек ауданында орналасқан екіқабатты тұрғын үйлердегі 146 пәтер мен 10-ға жуық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарға және АТП мөлтек ауданының 6 көшесінің (Х.Ерғалиев, Нарын, Нысанбаев, Е.Қазақстан, С.Сейфуллин, Келте Нарын) электр желілері жаңартылып, әр үйге жаңадан электр желісі қосылған. Сондай-ақ осы ықшам аудандардағы 5 көшеге (3,8 шақырым) көше жарық шамдары жаңадан орнатылды. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында Аққыстау ауылында 30 дана, Тұщықұдық ауылында 6 дана қоқыс алаңшалары орнатылып, Тұщықұдық ауылына осы тазалықты қамтамасыз ету мақсатында 2 дана арнайы техника алынып берілген.
Құрылыс жұмыстарында қозғалыс бар
Аудан басшысы бұдан соң, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына да тоқтала кетті. Өткен жылдан бері Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке 320 орындық жапсаржай құрылысы жүргізілуде. Ғимаратта орын тарлығына байланысты бастауыш сынып оқушыларының бір бөлігі басқа ғимаратта білім алуда. Құрылыс аяқталғасын бұл сыныптар жапсаржай ғимаратқа көшіріледі. Аққыстау ауылы Қаратүбек ықшам ауданында 320 орындық мектеп-гимназияның құрылысы аяқтала келді. Биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қоса, өткен жылдың қараша айында Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебінің құрылысы басталды, құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Аудан орталығындағы Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі 1977 жылы салынған бұрынғы мектеп ғимаратында орналасқан. Саз мектебінде 281 балаға 24 мұғалім сабақ беруде. Ғимарат ескі, санитарлық талаптарға сәйкес емес, орын тапшылығы кедергі болуда. Нысан іске қосылғанда оқушылардың қосымша білім алуына мүмкіндіктер ұлғаяды, қосымша сыныптар, үйірмелер ашылады.
Өткен жылы Өркен елді мекенінде фельдшерлік пункттің құрылысы басталған болатын, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтап, қолданысқа беру жоспарлануда. Қамысқала дәрігерлік амбулаториясы мен Зинеден фельдшерлік пунктіне «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Одан әрі аудан әкімі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен атқарылған жұмыстарды да атап өтті.
-2019 жылы Аққыстауда 3 қабатты 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы басталды, бірақ аяқсыз қалды, мердігердің ісі сотта қаралуда. 2021 жылы Жасқайрат және Қызыл үй елді мекендеріне табиғи газ желісін тарту жұмыстары басталды, 2022 жылы бұл жұмыстар бөлінген қаржыға сай жалғасын тапты, биыл жұмыстарды аяқтап, елді мекендерді газ желісіне қосу жоспарланып отыр. Аталған жобалар аяқталған кезде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 98,5 пайыз болады.
Томан елді мекенінің тоқ желілері ескіріп, тозығы жеткен осы желілерді жаңарту мақсатында аудандық құрылыс бөлімімен жобалау сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, жоба құны – 55 млн. теңге. Алдымен осы елді мекенге 30 шақырымды құрайтын 10 кВ электр желісі Х.Ерғалиев ауылынан тартылуы қажет, бұл жұмыстар облыстық энергетика басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусым айында басталып, жүргізілуде. Аққыстауда ауылішілік 16,2 шақырым (31 көше) автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары 2021 жылы басталды, биыл аяқталады деп күтілуде. Тұщықұдықта ауылішілік 8,3 шақырым (26 көше) автокөлік жолдары және 4,9 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы жүргізілуде. Жанбайда ауылішілік 9,5 шақырым (18 көше) автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, биыл аяқталады деп күтілуде. Исатайда ауылішілік 8,6 шақырым (18 көше) автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Зинеден ауылында ауылішілік 5,1 шақырым (9 көше) автокөлік жолдарын қайта жаңғыру жұмыстары жүргізілуде. Х.Ерғалиевте ауылішілік 8,6 шақырым (13 көше) автокөлік жолдары және 4,9 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы басталуда. Аққыстау ауылындағы кәріз желісінің құрылысы 2018 жылы басталды. Аудан орталығы Аққыстау ауылында бұған дейін кәріз жүйесі 1971 жылы салынған теміржол бойында орналасқан орталықтағы мөлтек аудандарды ғана қамтыды. Нысан құрылысы үстіміздегі жылы аяқталады деп күтілуде. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жанбай ауылында полиция бөлімшесінің құрылысы жүргізілуде,-деді.
ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, биыл да ауданымызда біраз инженерлік инфрақұрылым құрылыстарды салу жоспарда бар көрінеді. Мысалы, биыл Өркен ауылында жаңадан 3 қабатты 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы басталады. Инженерлік-инфрақұрылымдарды жақсарту мақсатында Нарын ауылында 7,2 шақырым су желісінің, Қызыл үй елді мекенінде 13 шақырым электр желісінің, Томан елді мекеніндегі 3 шақырымға жуық электр желісінің құрылыстары жүргізілмекші.
Нарын мен Жаңа Жанбайда 5,6 және Х.Ерғалиев ауылында 26 шақырымды құрайтын көше жарығының құрылысын бастау да жоспарланып отыр. Халықтың ұзақ уақыттан бері сұранысын тудырып келген Тұщықұдық, Х.Ерғалиев, Жанбай ауылдарына жазғы су құбырларын жүргізу үшін қаржысы бөлінген. Осы аталған нысандарға қазіргі таңда конкурстық рәсімдер, яғни тендер өткізуге облыстық қаржы басқармасына тапсырыс берілген. Тұщықұдық ауылында 40,1 шақырым (919 үй), Х.Ерғалиев ауылында 25,3 шақырым (680 үй), Жанбай ауылында 31,5 шақырым (620 үй) жазғы су желісінің құрылысы басталмақ.
Жол қауіпсіздігіне кедергі көп
Кездесуде Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев өткен жылғы төртінші тоқсан бойынша тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалысын баяндады. Оның сөзінше, округ бойынша көптеген игі істер жүзеге асып, округке қарасты Аққыстау, Өркен ауылдары мен Томан елді мекені табиғи газбен толық қамтылған. Аққыстау ауылындағы С.Сейфуллин көшесіне шағын футбол алаңын орнату (монтаждау) жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар жасалынып, тұрғындар игілігіне берілген. Аталған көшеге абаттандыру жұмыстары жасалған. Егемен Қазақстан көшесінде орналасқан алаңшаны жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаржы бөлініп, қаржы толықтай игеріліп, жөндеу жұмыстары аяқталған. «Қазмұнайгаз» АҚ демеушілігімен Аққыстау ауылы, Ынтымақ көшесінен көпнысаналы үлкен спорт алаңы салынған. Қазіргі кезде аталған нысан халық игілігіне пайдалануға берілген. АТП ықшам ауданының ток желілері жаңартылған. Абаттандыру, көше шамдарын қондыру, білім, денсаулық, әлеуметтік, санитариялық жағдайлар бойынша да көптеген істер атқарылып жатқанын тілге тиек еткен әкім жергілікті тұрғындар иелігіндегі малдардың теміржол мен автокөлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп отырғанын да алға тартты. Бұл мәселе бұдан бұрынғы жиындарда да қаншама рет айтылғанымен, еш нәтиже шықпай отырған көрінеді.
ДРЕНАЖ ҚАШАН БІТЕДІ?
Жиында аудан әкіміне тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар да көп болды. Бір тәуірі бұрынғыға қарағанда тұрғындарымыздың белсенділігі едәуір арта түскені бізді қуантып тастады. Олар тіпті қыза-қыза келгенде түскі асты да ұмыта жаздады. Үш сағатқа созылған сауалдарға аудан әкімі Полымбет Максимұлы бір орнынан тапжылмастан дәлелді сөздерімен жауап беруге тырысты. Сондай-ақ кейбір тұрғындар әлеуметтік желі арқылы да аудан әкіміне өз сауалдарын қойып жатты. Сұрақтарының басым көпшілігі инфрақұрылым, көше жарықтары, тазалық, жазғы су құбыры, дренаж, жол мәселелері төңірегінде болды.
Бірінші болып Жүсіпбек Мұханбетов пен Құттығұл Шеруенов аудан басшысына өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын жолдады. Олар С.Сейфуллин көшесіндегі транформатордың айналасын қоршау керек екенін және шарбақтан шығарылған қар үйіндісін алуға техника қажеттігін, дренаж жүйесін Ынтымақ көшесіне қарай ұзарту керектігін және осы көшеде көше жарығы жанбайтынын сөз етті. Құрманғали Мұхтаров «Ынтымақ көшесіндегі 1,3 километр жол құрылысы бақылауға алынса, асфальт төселген жерлерді тиісті орындар қадағаласа» деген ұсынысын жеткізді. Қамария Танауова демеушілер арқылы «отбасылық жатақхана салынса» деді, Руслан Әміров «Селхозтехника» мөлтек ауданынан денешынықтыру кешенін салу жөнінде пікір білдірді. Самат Қабделов ауыл ішіне жазғы су құбырын тартуды тілге тиек етті. Байболат Халидуллин Өркен ауылының шет жағындағы қатты қоқыстарды жою керектігін айтса, Бұрхан Оралбеков Өркендегі денешынықтыру кешенінде орналасқан кітапхананы өз алдына бөлек шығаруды ұсынды.
Осы ретте айта кетерлігі, аудан басшысы тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерін арнайы қабылдауда тыңдап, заң шеңберінде көмек жасайтынын жеткізді. Аудан әкімі сондай-ақ «Атырау-Астрахан» тас жолы мен округтердегі ауылішілік жолдар жөнінде де өз ойын айта келіп, аудан тұрғындары үшін бұл өте маңызды іс екеніне тоқталды.
-Бұл мәселе бүгінгі күні өте өзекті тақырыпқа айналды. Жолды сапалы жасамағаны үшін мердігер мекемемен соттасқан кездеріміз болды. Мердігер мекемелердің айтатын уәжі «бізге мүмкіндіктер беріңдерші» дейді. Алдағы уақытта бүгінгі жиында көтерілген өзекті мәселелер мен тұрғындардың талап-тілектері назарымызда болады,-деді ол. Аудан басшысы сондай-ақ кейбір шешімін күткен түйткілді мәселелерді округтің тиісті мамандары арқылы қайтадан зерттеп-зерделеу мақсатында акт жасап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Аяпберген САЛИХОВ