15-16 жасында велосипедке отырып, алғашқы кәсібін бастаған ауылдың қарапайым қызы – Айгерім Жақсыбаева бүгінде өз кәсібін табысты түрде дамытып отырған жастардың бірі. Студент кезінен бастап еңбекке араласқан оның жолы оңай болмады, бірақ ол өз мақсатына жету үшін аянбай еңбек етіп келеді.
– Студент болып жүріп, кәсіп бастау қаншалықты қиын болды?
-Ең бірінші кезекте қиын болғаны – қорқыныш. Мен ауылдың қарапайым қызымын, бәрі мені сол қарапайым ортадан шыққанымды, өз күшіммен өскенімді біледі. Сондықтан «Адамдар не ойлайды?», «Қолымнан келе ме?» деген сұрақтар мазалайтын. Бірақ сол кезде мен үшін ең үлкен мотивация – ерік-жігерім күшті болды. Өзімнің және отбасымның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін әрекет ету керек екенін түсіндім. Алғашқы кәсібімді үйден суши жасап, оны велосипедпен жеткізуден бастадым. Әрбір жеткізу – бұл жаңа мүмкіндік, жаңа таныстық, жаңа тәжірибе еді.
– Кәсіппен айналысуға не түрткі болды? Бастама ойыңызға қалай келді?
-Бастамалар әрдайым адамдардың қажеттіліктерінен туындайды. Суши жасау кезінде клиенттер маған «Біздің жақта мұндай нәрсені ешкім ұсынбайды» деп жиі айтатын. Осы сөздер маған сұраныс бар екенін ұқтырды. Кейіннен шағын донер дүңгіршегін аштым. Содан соң ауылда караоке-кафе аштым, бұл ауыл тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлады. Қаладан кофейня ашу бастамамды да жүзеге асырдым. Ақырында, жол бойындағы дәмхана мен караоке-кафені біріктіріп, халықаралық автокөлік жолы бойында үлкен жобаны жүзеге асырдым. Әр идея мені жаңа нәрсеге үйретті, жаңа биіктерге жетеледі.
– Кәсіпкерге тән мінез-құлық қалай қалыптасты? Үйреткен, жол көрсеткен тәлімгеріңіз болды ма?
-Шынымды айтсам, нақты тәлімгерім болған жоқ. Бәрін өз бетіммен үйрендім. Бала кезімнен еңбекқор болдым. Ауылдың қарапайым өмірі мені өз қолыңмен бәрін жасауды үйретті. Әкем мен анамның әрқашан маған сенім артуы мені шыңдады. Олар менің қателіктеріме түсіністікпен қарап, «Қорықпа, тек алға қадам жаса!» деп үнемі қолдау көрсетіп отырды.
– Қаншалықты өзіңізді жетілдірумен айналысасыз? Тұралап қалмау үшін шабытты қайдан аласыз?
-Шабытты мен адамдардан аламын. Әр клиенттің алғысы, олардың сөздері менің құлшынысымды арттырады. Сонымен қатар, әрбір істі жаңашылдықпен жасауға тырысамын. Мысалы, жарнама агенттігімді ашқан соң, мен тек өнім ұсынумен шектелмей, адамдардың бизнестерін дамытуға көмектесуді мақсат еттім. Бұл мені күн сайын ізденуге, өзімді жетілдіруге жетелейді.
– Кәсібіңізде қандай қиыншылықтар мен қызықтар кездесті?
-Қиыншылықтар көп болды. Бірақ олардың бәрі мен үшін үлкен сабақ болды. Мысалы, караоке-кафе ашқанымда, қалай жабдықтау керек екенін білмедім. Барлығын тәжірибе арқылы үйрендім. Ал қызықтар жағынан айта кетсем, ауыл тұрғындарының маған деген сенімі мен қолдауы ерекше күш-қуат берді. Олар әрдайым “Айгерім, сен бізге керексің” деп, жақсылыққа итермелейтін.
– Алғашқы инвестицияны қалай құйдыңыз?
-Менің ең алғашқы инвестициям – ниетім мен еңбегім. Үйдегі қарапайым ингредиенттермен суши дайындадым. Ал донер дүңгіршегі мен ауылдағы караоке-кафеге келгенде, алғашқы табысымды жинап, тәуекелге бардым. Қаладан кофейня ашқанда, қарыз алуға тура келді. Бірақ ол қадамнан қорыққан жоқпын, себебі арманыма сендім.
– Бүгінгі жетістіктеріңізді қалай бағалайсыз?
-Бүгін мен өзімді мақтан тұтамын. Қарапайым ауылдан шығып, бірнеше жобаны жүзеге асыра алдым. Әсіресе, жол бойындағы караоке-кафем маған ерекше қуаныш сыйлады. Қазір жарнама саласында жұмыс істеп, адамдардың бизнестеріне көмектесудемін. Мен үшін ең басты жетістік – өзімнің арманымды жүзеге асыру ғана емес, ауылымның мақтанышына айналу. Бүгінде жастардың қай саладан да ойып тұрып алған орны бар. Әсіресе, ел жастары кәсіпкерлік саласында елеулі еңбек етіп келеді. Сол жастардың біразы студент кезден бастау алған кәсібін бүгінде әртүрлі іспен жалғастыруда.
-Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?
-1. Кішкентайдан бастаудан қорықпаңыз.
Үлкен жетістіктер әрдайым шағын қадамдардан басталады. Егер сіздің идеяңыз үлкен қаражат немесе ауқымды дайындықты қажет етсе, шағын жобадан бастауға тырысыңыз. Мысалы, мен үйдегі қолжетімді ингредиенттермен суши дайындадым, велосипедпен жеткіздім. Бастысы – ісіңізді бастап кету. Бастамайынша, ештеңе өзгермейді.
2. Қателіктерден қорықпаңыз.
Қателіктер – дамудың ең жақсы жолы. Әрбір сәтсіздік – жаңа сабақ. Ең бастысы, тоқтап қалмау. Мен өз кәсібімді әртүрлі салаларда сынап көрдім: сушиден бастап, донер дүңгіршегі, караоке-кафе, кофейня аштым. Кейбірі сәтті болды, кейбірінде қиындықтар кездесті. Бірақ қателіктерім мені тәжірибелі әрі табанды етті.
3. Өзіңізге және идеяңызға сеніңіз.
Сенім – табыстың алғашқы қадамы. Өз идеяңызға сенгенде, басқалар да сенеді. Адамдар сіздің сеніміңізді, өз ісіңізге деген құштарлығыңызды сезінеді. Өз-өзіңізді бағалап, «Мен мұны жасай аламын» деген ойды үнемі есте ұстаңыз.
-Айгерім, сұхбатыңыз үшін рахмет! Кәсібіңізге сәттілік тілейміз!
Жұлдыз СЕМБИЕВА