«Баттасып балшық шығады». Аққыстаулық ауыз су жайын айтты

- Маған тілші керек еді, қайсың барсың?, - деп бір ағамыз кабинетімізге сөйлей кірді.

Өзімді таныстырып, мән-жайды білмек болдым. Аққыстаулық тұрғынның айтар ойы көптің көкейінде жүрген мәселе болып шықты.

- Айтайын дегенім ауыз су мәселесі, - деп бастады тұрғын әңгімесін. - Жалпы үйдегі жуынуға арналған сужылытқыштың сүзгісі кем дегенде жылына бір тазаланып тұруы тиіс. Ал, мен оны екі-үш ай сайын тазартып тұрамын. Соның өзінде сүзгіден кәдімгі лай-балшықтың баттасып жиналып қалғанын көремін. Бұның не екенін сіз білесіз бе?,- деген ағамыз сол күйі ішіп жүрген суымыздан денсаулығымызға қаншалықты зиян келіп жатқанын білмейтінімізді айтады.

Бір бұл ғана емес, соңғы кезде судың тазалығына сын айтатындар көп. Тіпті әлеуметтік желіге кранттан аққан қоңырқай судың бейнежазбасы мен фотосуреттерін қойғандарды да көрдік. Сонда «Осы су тұтынушыларына тазартылып, сүзіліп беріліп отыр ма, әлде, сол келген күйі жіберіліп жатыр ма?» деген сауал көптің аузында жүрді. Газет редакциясына арнайы келген оқырманның да айтары сол. Аты-жөнін сұрап едік, «Сонда өздеріңіз жазбайсыздар ма?» деп таңырқай қарады. Бұл сөзінен есімін айтқысы келмегендігін аңғардық. Бір жағынан, төл басылымына келіп айтқан шағымынан аудан айнасына деген сенімі байқалды. Мәселе жазылса, мамандар оқып, құлақ асса, басшылар болған жайды зерделеп, тиісті орындарға пәрмен берсе дейтін шығар. Айтылып жүрген әңгіме, жазылып жүрген түйткіл көп болғанымен, сала басшыларының жақ ашып, жазылған жайға қатысты газет арқылы жауап беруге жарамай жатқанын қайдан білсін? Жауап беруді айтамыз-ау, оқыса деңіз мақаланы.

Сыңаржақ пікірден алыс болайық деп «Қамысқала су арнасы» мекемесі мамандарына қоңырау шалып, оқырман назын жеткіздік. Бірақ, асығыстау болған мекеме өкілі кейін редакциямызға хабарласатынын айтты. Бәлкім, газет арқылы жауап алып та қалармыз...

Айтпақшы, жаңағы азамат Аққыстау ауылының Ө.Дінбаянұлы көшесінде тұрады екен.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521