Батыр баба ауылы өнерпаздары бейсенбілік берекелі кешті жалғастырды

 

Апта сайын аудан тұрғындары асыға күтетін мерекелік сазды бағдарлама тізгінін бұл жолы исатайлықтар жалғады. Ауданының  95  жылдық   және   Аққыстау  ауылдық  округінің  50 жылдық  мерейтойларына  орай   ұйымдастырылған  «Құт  дарып,  кие  қонған ақ  Нарыным!» атты Исатай  ауылдық  округінің     концертін  тамашалауға жиналған халықтың  қарасы көп болды. Исатайдың сазды сәлемін  аққыстаулықтар өнерпаздарды ерекеше ықыласпен қарсы алды.

Исатай ауылы төрт түлігі сайланған, ата-бабамыздың ізін  жалғастырып, ырыс- несібесін  ырыздыққа айналдырған  киелі өлке. Құмды өлкенің өрендерінің өнерден кем де болмауы да заңдылық. Сондықтан да мерекелік сазды кеште бірінен-бірі өткен әшілер мен күйшілер, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Қартын қазынаға балған исатайлықтардың кешкі бағдарлама шымылдығын халықтық,  дәстүрлі  әндердің  кең  қанат  жаюына  ұйытқы болып  отырған Исатай  ауылындағы «Ақжелең»  әжелер  ансамблі әуезді әнмен ашты. Содан соң отансүйгіштікке тәрбиелейтін, ұлттық мұрамызды насихаттайтын әндер бірінен  соң  бірі халықтың қошеметіне бөленіп орындала берді. Кештің сәнін кіргізген  «Шұғыла» бишілер тобы да көрерменнің көзайымына айналды.

Исатай десе еске еріксіз Тайманның ұлы, өр рухты батыр баба Исатай түсері хақ. Жыл сайын жаңармаса ескірмейтін заңғар тұлға ұлтымыздың мақтанышы. Сазды бағдарламада да қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің  жоғары  санатты  мұғалімі  Бибігүл Байболатқызының дайындаған  «Өтемістен  туған  10 едік» атты көрінісі сахналанды. Жанға қуат беріп, жігерлендіретін, рухты қозғап, тарихқа шолу жасаған көрініс кештің мәнін одан әрі айқындай түсті. Отанға деген ерекше сезіммен қанаттанып отырған көрерменге ізін суытпай Мұхаммед  Бекежанұлының орындауындағы Дәулеткерейдің    күйі  «Кероғлы» темірді қызған кезінде соққандай дөп тиді.

Қасиеті дарыған өлкенің  өз  заманында Аллаға  құлшылығы мен  шексіз  сүйіспеншілігі  арқылы  рух  тазалығына қол  жеткізген  Сәт  ата, Зинеден ата –тарыққанның  тірегі,   қамыққанның  қамқоры  болды. Еммат  Ғарифуллаұлы орындауындағы «Зинеден  ата  ауылы»  әні ауылдың тыныс-тіршілігі мен құт қонған жерінен сыр шеткендей әсер етті.

Тамыз айының алғашқы жексенбісі-теміржолшылар күні. Осындай атаулы күнмен тұспа тұс келген мерекелік кеште кәсіби мереке иелерін назардан тыс жібермей, құттықтай отырып, «Қазақстан теміржолы» атты әні шырқалды. Иә, бірінен бірі өткен ән мен биі жарасқан кеш халықтың ыстық ықыласына, толассыз соғылған қошеметке ие болды.  Кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Полымбет Хасанов исатайлық өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, жиылған халыққа риясыз алғысын жеткізді.

Исатай ауданының құрылғанына 95  жыл және   Аққыстау  ауылдық  округіне 50 жыл толып отыр. Сіздерді  қос мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Айтулы мерейлі күндерді атап өту мақсатында және аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау бағытында аудан әкімдігі арнайы мерекелік бағдарламаның кестесін жасақтап бекіткен болатынбыз. Сол кестеге сай әр аптаның бейсенбісінде күні бүгінге дейін  Хамит Ерғалиев, Тұщықұдық пен Жанбай ауылдық округтері және міне өздеріңіз бүгін куә болған Исатай ауылдық округінің көркем өнерпаздары мерекелік кеш ұсынды. Осы сәтті пайдалана отырып, өзімнің және аудан тұрғындарының атынан өнерпаздарға алғысымыз шексіз. Алдағы апталарда концерттік бағдарламалар өз жалғасын таба бермек. Ендігі кезек Зинеден, Нарын, Аққыстау ауылдық округтерінің еншісінде. Оған қоса 12 тамыз-Жастар күніне орай 9 тамызда аудан жастары өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынады. Жалпы осы бекітілген кестеге сай концерттік бағдарламамыз аяқталғаннан кейін ара жігін үзбей одан әрі жалғастыру жоспарымызда бар. Яғни, қыркүйек айының аяғына дейін  әртүрлі саланың қызметкерлерін жұмылдыра отырып, концерттік бағдарламаларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұндай шаралардың өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Өнерге құрмет көрсетіп, рухани құндылықтарымызды дамытып, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты мақсат. Сонымен қатар аудан тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау. Құрметті жерлестер, осындай жақсы кештеріміз көп болсын. Белсенділік танытып концертке келіп, қолдау танытқандарыңызға бек рахмет. Ауданымыздың әр шаңырағына  бақ-береке, табысты еңбек, жақсы тұрмыс тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын,-деп аудан әкімі Полымбет Максимұлы исатайлық көркемөнерпаздарға арнайы Алғыс хат табыс етті.

Әуезді әнге толы кеште заманауи әндер де шырқалып өз жалғасын тапты. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан Исатай ауылдық округінің өнерпаздары мен жиылған жұртшылыққа ризашылығын білдіре отырып, жекеленген өнерпаздарға Алғыс хат табыс етті. Атап айтсақ, кеш өз өнерін көрсеткен «Ақжелең»  әжелер  ансамблі, Нұрдәулет Мұратоллаұлы,Темірхан Серікұлы Алғыс хат иеленді. Ән мен жырға бөленген аудан тұрғындары мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

                                                                                                                                         Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT