Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен биыл алғаш рет жүзеге асырылған «Atyrau Youth Fellowship» жобасы өңір жастарына халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға берілген үлкен мүмкіндік болды. Ел болашағы үшін жауапты жас буынның азаматтық белсенділігі мен көшбасшылық әлеуетін арттыруды көздеген жоба аясында облыстың үздік 10 жасы тағылымдама сапарына жіберілді. Оның 5-еуі Ұлыбританияның Лондон қаласына, қалған 5-еуі Түркияның Стамбул қаласына study tour-ға жолдама алып, елге тың идеялармен оралды.
Сол 5 жастың бірі ретінде мен де Стамбул қаласында бір апта көлемінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым. Бұл сапар бізге тек теориялық білім ғана емес, нағыз өмірлік тәжірибе сыйлады. Жеті күн ішінде біз 9 маңызды кездесу өткізіп, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік жобалар, волонтерлік қозғалыстар, сондай-ақ қайырымдылық қорларымен тікелей жүздестік. Түркиядағы азаматтық қоғамның құрылымы, қоғамдық белсенділердің жұмысы, волонтерлердің адалдығы мен табандылығы – барлығы бізге жаңа көзқарас қалыптастырды. Бастапқыда бұл сапардан ауылдық жерді дамытуға қатысты идеялар іздеп барған едім. Сондықтан Лондон емес, мәдениеті мен тарихы ұқсас, түбі бір түркі жұрты – Түркияны таңдадым. Алайда сапар барысында көргеніміз – бұл тек ауыл емес, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жобаларға жетелер үлкен мектеп болды. Кездескен ұйымдардың көпшілігі бірнеше қалаларда, тіпті шетелдерде филиалдары бар, тәжірибесі толысқан, ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүрген құрылымдар екен. Олардың жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктерін көріп, өзімізде атқаратын жұмыс әлі де көп екенін, алда ауқымды мақсаттар тұрғанын терең түсіндік.
Сапардың ең әсерлі сәттерінің бірі – «Çorbada Tuzun Olsun» атты қайырымдылық ұйымымен кездесу болды. Бұл ұйым Стамбулдағы үйсіз жандарға күн сайын 150 порция ыстық тамақ таратумен айналысады. Біз де еріктілер қатарына қосылып, олардың күнделікті жұмысына қатыстық: ас дайындау, ыдысқа құю, жинақтап, орау, таратудың әр кезеңіне куә болдық. Тамақ тарату алдында ұйым басшысы арнайы тренинг өткізіп, бұл жұмыста кездесетін қиындықтар мен этикалық жағдайлар жайлы егжей-тегжейлі түсіндірді. Қайырымдылық – тек тағам беру емес, адамға деген сыйластық пен адамгершілік үлгісін көрсету екенін тереңінен ұқтық. Кешке қарай біз барған белгілі орында, үйсіз жандар тізіліп, ешқандай тәртіп бұзбай, сабырмен күтіп тұрған көріністі көріп, олардың да өз ішкі мәдениеті, бір-біріне деген түсінігін көріп, риза болдық. Ұйымның атауы – «Çorbada Tuzun Olsun», қазақшаға аударғанда «Сорпада сенің де тұзың болсын» деген мағынаны береді. Түрік мәдениетінде бұл – «Жақсылыққа аз да болса үлес қос» деген терең мәнді ұғым. Бұл бірауыз сөз бүкіл сапарымыздың айнасы іспеттес болды.
Тағылымдамадан соң біз алған білім мен тәжірибені тек өзімізде сақтап қоймай, Атырау жастарына тарату, ортаға салу басты міндетіміз деп шештік. Алдағы уақытта форумдар, вебинарлар, шағын жобалар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бұл бастамалардың әрқайсысы жергілікті жастарды дамытып қана қоймай, өңіріміздегі азаматтық қоғамның негізін нығайтуға қызмет етеді. Әсіресе ауылдық жерлерде үкіметтік емес ұйымдар көп жағдайда ресурсы шектеулі, еріктілер базасы әлсіз болатыны жасырын емес. Алайда Түркияда көрген үлгілерімізден кейін, ауылдан басталатын үлкен істердің нақты қадамын жасай алатынымызға сеніміміз артты. Енді біз де өз «сорпамызға тұз қосуға» дайынбыз! Мұндай тағылымдамалар – жастарға жаңа көзқарас қалыптастырып, әлемді басқа қырынан көруге мүмкіндік береді. Бұл – тек сапар емес, іс-қимыл мен шабытқа толы мектеп. Сондықтан бізге осы мүмкіндікті ұсынып, қолдау білдірген Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына, сондай-ақ жобаны үйлестіруші мамандарға «study tour»-ға барып келген барлық қатысушылар атынан зор алғысымызды білдіреміз. Түркиядан көргеніміз – азаматтық қоғамды дамытудың жолы тек ауқымды идеялар мен қаржылық мүмкіндіктерде емес, адамның адал ниеті мен қоғамға деген жанашырлығында жатқанын көрсетті. Осы бағытта біз де ел игілігі үшін тер төгуге дайынбыз.
Дулат ШЫМАНОВ,
B-elsendi қоғамдық қорының төрағасы