БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

 

Біз кейде ерлікті дауылды мінберлерден, үлкен сахналар мен көрнекті жетістіктерден іздейміз. Алайда шынайы ерлік – дәл қазір, дәл қасымызда үнсіз өтіп жатқан өмірде. Арамызда тағдырдың тосын сыйына тап болса да, мойымай, керісінше алға ұмтылып, өз орнын табуға талпынып жүрген жандар бар. Олар – өзгеден артық емесі анық, бірақ басқаша өмір сүретін, басқаша сезінетін, жүрегімен еңбек ететін адамдар.

Қоғам оларды «мүгедектігі бар азаматтар» деп сипаттайды. Бірақ шын мәнінде оларды ерекше ететін – денсаулықтарындағы өзгешелік емес, өмірге деген көзқарасы, жігері, күреске толы тыныш табандылығы.  Кейде біз адамның сыртқы қалпына қарап баға беруге үйреніп қалғанбыз. Қимылы баяу ма – әлсіз көреміз. Ерекше қажеттілігі бар ма – бірдеңеге жарамайтын адамдай көреміз. Бірақ біз байқамайтын бір дүние бар: ол – ішкі күрес. Бұл күрес  көптің қолынан келе бермейтін, тек жүректе ғана өрбитін ерекше күш. Қоғамда өз орнын табу, мойындалу, еңбек ету – бұл жандар үшін күн сайынғы ерлікпен пара-пар.

Ауданда да осындай жүрегімен тіршілік етіп, табысқа жетіп жүрген жандар жетерлік. Тұщықұдық ауылында тұратын Өсиет Мүслиматұлы – солардың бірі. Ол 2024 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алып, дәнекерлеу ісін бастады. Қазір ауылдастары оның еңбегіне сеніп, түрлі жұмыстарын тапсырып жүр. Кейіпкеріміздің еңбегі жай темір балқыту емес, өмірге деген қарсылығын емес, қабілетін дәлелдеудің жолы. «Қол қусырып отырғаннан гөрі еңбек етіп, өз күшіңмен алға жылжу адамды рухани тұрғыдан да өсіреді»,-дейді өзі.

Ал аққыстаулық Гүлбану Ахметжанова да өткен жылы осындай грант иегері атанып, өз шеберханасын ашты. Оның шебер қолынан шыққан ұлттық нақыштағы және күнделікті киімдер – тек тігіс емес, жүректің жұмысы. Өйткені әрбір бұйымына шебер өз жанын, өз болмысын сіңіреді. Бұл – бала күнгі арман мен өмірлік жолды тоғыстырған шынайы табыс хикаясы. Оның кәсібі – табыс табудың ғана емес, өз орнын табудың жарқын мысалы.

Көлік жөндеумен айналысатын Жайсанбек Идеяттолаұлы да өз ісіне адал азамат. Оның шеберханасына ауылдастары сеніммен келеді. Себебі шынайы еңбек – сөзге емес, іске қарай бағаланады. Ал Тұщықұдық ауылынан шыққан Нұрғали Жауынов 2025 жылы қайтарымсыз грант ұтып алып, дәнекерлеу ісін қолға алған. Қазір кәсібін кеңейтіп, шеберханасын жаңартып жатыр. Бұл – тек табыс көзі емес, өз жолын табу, қоғамға пайда келтіру ниетімен атқарылып жатқан еңбек.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Джумалиева осы жандардың табандылығына ерекше ықыласпен қарайды.

–       Мемлекеттік қайта-рымсыз грантты өз жобаларына сай қорғап, жаңа кәсіп ашып, табысты жұмыс жүргізіп жатқан азаматтар бар. Жалпы Исатай ауданында 868 мүгедектігі бар адам тіркелсе, олардың 498-і еңбекке жарамды әрі жұмыс істеп жүр. Біздің мақсатымыз – оларды аяу не мүсіркеу емес, керісінше қоғамдағы орнын мойындап, мүмкіндігін бағалау.Біз үшін басты мақсат – оларды қоғамнан оқшауламай, керісінше, әрқайсының бойындағы мүмкіндікті көріп, өз ісін бастауына, тұлғалық дамуына жағдай жасау. Шектеуге емес, қолдауға негізделген ұстаным – жұмысымыздың өзегі, - дейді бөлім басшысы.

Иә, бұл жандарға қарап отырып, бір шындыққа көзің жетеді: адамды мықты ететін – дененің саулығы емес, жүректегі жалын. Көзі көрмесе де – көкірек көзі ояу. Аяғы жүрмесе де – арманы алға жетелейді. Қолы істемесе де – ақылы мен ниеті жол сілтейді. Олар – тек өз отбасына емес, бүкіл қоғамға мотивация. Мүсіркеуді емес – мойындауды, шеттетуді емес – қатардан танылуды қажет ететін тұлғалар. Өйткені олар – «ерекше қажеттілігі бар» емес, ерекше рух иелері.

 

Камилла  ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT