Жаңа жыл – ересектерге жаңа үміттің, жаңа арман-мақсаттың бастауы болса, ал балаларға асыға күтетін қуанышқа толы мереке.
Жаңа жылдың қарсаңында тәттілерді балаларға тарту ету басталып та кетті. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасы, ерекше балаларды назардан тыс қалдырмау мақсатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Сондай-ақ, "Карат" ЖШС компаниясы мен "Дәулет нан" өндіріс басшысының бастамасымен 216 балаға жаңа жылдық сыйлықтар әкелінді.
Алдымен, мерекелік шара "Жалын" мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған ертегілер қойылыммен басталды.
Кейін сахна төріне Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин шақырылып, кеш қонақтарына, балаларға шынайы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған компания басшыларына аудан әкімі ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат пен естелік сыйлығын ұсынды.
Айта кетейік, бұл «Дәулет» индустриялық аймағы осыдан сегіз жыл бұрын 2016 жылы құрылтайшы Ибрагим Шияпұлы мен Райхан Ахметжанқызы құрған еді.
Сондай-ақ, осы жылдың ішінде аудан орталығы Аққыстау ауылында "Дәулет" дүкені ашылып, халықтың ықыласына бөленіп, саудасы қызу жүріп тұрғаны көпке мәлім.
Сонымен қатар, кешке арнайы облыстан келген мейманымыз "Дәулет нан" өндірісінің басшысы Дарынбек Қабдірахманов та құттықтау тілегін білдірді.
- Баршамызға келе жатқан жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Біздің "Карат" компаниясының ұсынысын қабылдап, қолдау білдіріп жатқан аудан басшыларына ризашылық білдіреміз.Сондай-ақ, бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлаған мәдениет үйінің ұжымдарына да алғыс айтамын.
Еліміздің ертеңі, біздің болашағымыз - балалар.Сондықтан, осы бүлдіршіндердің дені сау,саналы ұрпақ қатарында жүріп, болашағы жарқын болып, лайым айы оңынан туып,аман жүрсін!.Әрбір баланы қуанту біздің де міндетіміз деп ойлаймын.Сол себепті бүгін аз да болса, шынайы ниетімізбен қуантқымыз келді- деді ол өз сөзінде.
Осылайша, жаңа жылдық мереке қарсаңында демеушілік танытып әрі жақсылық жасау арқылы балаларға қуаныш сезімін сыйлаған кәсіпкерлерге ата-аналардың алғысы шексіз.
Сағыныш Қайыр