Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске биыл 78 жыл толса да жырақта қалған сол ауыр жылдардың жаңғырығы ұрпақтар санасынан жоғалар емес. Ол қасіретті жылдар көрінісі болып көз алдымызға келеді, майдан мен тылдағы ерлік істер болып та еске түседі. Жан берісіп-жан алысқан қан майданда елім деп көз жұмса да ескерусіз қалып, белгісіз болып келген батырларымыз қаншама? Одан бері ондаған жылдар озса да сол бір боздақтар жайлы бір дерек табуға жалықпастан жұмыс қылып жүрген жандарға бек риза боласың. Солардың бірі – аққыстаулық азамат Еркін Жұмажановтың ісіне ел риза.
- Ереке, сіздің белгісіз батырларымызды «тірілтіп», елге мұра болған ерлікті де насихаттап жүргеніңізден ауылдастарыңыз аудандық газеттегі жарияланымдарыңыз арқылы жан-жақты хабардар деп білеміз. Жалпы, осы бір іспен айналысуыңызға не себепші болды?
- Мектепте тарих сабағын жақсы көрдім, мақтанғаным емес, «өте жақсы» деген бағаға оқыдым. Тіпті, тарихшы да болғым келген. Алайда, әулетімізде алдымен марқұм әкем Жаңбырбай Жұмажанұлы 12 жасынан бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейін тура 48 жыл есепші болып жемісті еңбек етсе, әкемнің інісі, марқұм Дәулетқали аға мен қарындасы Салиха апам да есепші болған. Осының әсері болар, әйтеуір, осы экономика-есеп мамандығын таңдадым.
Өзімнің атам Жұмажан Қамидоллаұлы, інілері Әбу мен Мұтдахиден де соғыстан оралмады. Соғысқа аттанған төрт ағайындыдан кішісі Нәби көкеміз ғана елге аман келді. Ол кісі Новобогат ауданынан соғысқа аттанған жерлестеріміздің ішінен алғашқы болып 1942 жылдың мамыр айының басында «Совет Одағының Батыры» атағына лайық ерлік көрсетсе де, жүз мыңдаған жауынгердің ішінен бірен-сараны ғана марапатталатын қиын кезде «Ерлігі үшін» медалімен ғана наградталды. Артынан екі рет ауыр жараланып, госпитальде емделгеннен кейін қайтадан қатарға қосылып, соғыс аяқталар алдында ғана сол ауыр жарақаттардың әсері-нен 2-топ мүгедегі болып оралған.
Жұмажан атамның қаза тапқан жері туралы әскери мұрағаттардан біраз жылдар бойы іздеп, ешқандай дерек таба алмадым. «Хабарсыз кетті» деген жаттанды хабар ғана келді. Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болғандар мен хабарсыз кеткендер туралы көп жылдар бойы құпия сақталып келген барлық мәліметтер Ресей Федерациясы Президенті В.В.Путиннің 2003 жылғы 23 сәуірдегі №698 тапсырмасы мен 2006 жылғы 22 қаңтардағы №37 Жарлығына сәйкес Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігімен жалпылама компьютерлік банкке көшірілуде ғой. Төрт жылғы соғыста жинақталған мұрағаттағы қаншама тонна құжаттар қазіргі заманауи технологиямен компьютерлік бағдарламаларға, арнайы базаға қолмен құйылып отыр. Осының арқасында көп жыл бойына «хабарсыз кеткен» деп саналып келген атамның қаза тапқан жері жайлы мәліметті таптым. Тағы бір қуаныштысы, атамның туған інісі Әбу де өзімен бірге соғысып, бір село үшін шайқаста қаза тауып, бауырластар зиратына бірге жерленген екен. Жеңістің 70 жылдығында аталарымның бейітіне барып, тағзым етіп келдік. Соғыстан оралмаған аталарын, ағайындарын іздеушілер маған телефон арқылы хабарласып, аяқтай да келіп өтініш білдіретін болды. Бірнешеуінің аталары, ағалары туралы деректер көп кешікпей табылып, жерленген жерлеріне барып та келді. Осыдан кейін ауданымыздан соғысқа аттанып қаза тапқандар туралы мәліметті ғаламтор арқылы іздеп, табылғандарын аудандық газетте жариялай бастадым.
- Өзіңіз айтқандай, тонналаған құжаттарда қатталған деректер арасынан керегіңді іздеп табу «инемен құдық қазғандай» дейтін тірлік емес пе? Әлде, оның өзіндік жолдары, тәсілдері бар ма?
- Көпшілік ауылдастар да «өзіміздің де сауатымыз бар, ғаламтормен жұмыс та жасаймыз, бірақ атамыз жөніндегі деректі таба алмадық, сен қалай таптың» деп сұрайды. Оның ешқандай құпиясы жоқ, тек уақытыңды бөліп, ыждағаттылықпен ізденсең, сәтін салып, табылуы мүмкін.
Алдымен айтарым, қаза тапқандар туралы құжатты толтыратын әскери бөлімнің штабындағылар қазақша тегі мен есімін түсінбегендіктен дұрыс жаза алмайды, сөйтіп қате толтырады. Ал ғаламтордағы деректер базасына сол қате жазбамен құйылған. Мен де атамды «Камидуллин Жумажан» деп іздегенімде табылмады, базада «Камидулеен Жумаша» деп жазылған екен. Әскерге шақырылған әскери комиссариаты мен мекен-жайы дұрыс жазылыпты, әжеміздің есімінде бір әріптен қате кетіпті. Інісінің де дерегі «Камидулин Абул» деп жазылған.
Ғаламторда «ОБД-мемориал», «Память народа» және «Подвиг народа» деген сайттар бойынша жұмыс жасаймын. Соңғысында әскери наградалар туралы деректер құйылған. Бір жерлес атамыз туралы мәлімет алдыңғы екі сайттан табылмай, осы наградасы арқылы табылды. Награда берген әскери бөлімнің соғыс жылдарындағы қаза тапқандары туралы мәліметті жылы мен айлары бо-йынша ретімен тексеріп, ақыры тауып алдым. Сол майдангердің бүгінде жасы 80-нен асқан ұлы алыс жолға бара алмай, сол кісінің өтініші бойынша немересімен бірге барып, тағзым етіп келгеніміз бар.
- Қай жұмыстың да нәтижесін көру адамға қуаныш сыйлайтыны рас. Сізге ризашылықтарын білдіріп, еңбегіңізді елеушілер баршылық болар?
- Көп жылғы ізденісімнің нәтижесінде көп адам әкесінің, атасының бейіттеріне барып келді, көпшілігі жағдайларына байланысты бара алмайтынын айтып, «көмусіз қалмаған екен, оған да шүкіршілік етеміз» деп аяқтай келіп, алғысын білдіруде. Қаза болған боздақтардың Ресейде жерленген жеріне көп адамдар барып келуде, өзіммен құрдас бір азамат Белоруссияда қаза тапқан атасының бейітіне ұрпақтары болып барып келді. Барған жандардың барлығының да «бейіттер күтулі екен, ол жақтың басшылары бізді аса зор құрметпен күтіп алды» деген ризашылықтарын естіп, қуаныштарын сезінген сайын өзім де қуанып отырамын.
Газетке жарияланған мәліметтердің ішінен соғыстан тірі келген кейбір жерлестеріміз туралы да деректер шықты. Ол соғыстың аласапыран кезінде хабарсыз кеткен кейбіреуді штабтағылар өлдіге жатқызуы мүмкін ғой деген ойымызды нақтылай түсетін жайттар. Ал ол жауынгер ауыр жараланып, тұтқынға түскен болып шығады. Сондықтан мен өзім анықтаған деректегі адамды соғыстан аман келген ардагерлер мен қаза тапқандардың тізімдерімен салыстыра қарайтын болдым.
-Әңгімеңізге рахмет, ізденісіңіз сәтті бола берсін!
Сұхбаттасқан
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР