Қоғамның болашағы – белсенді, ойы сергек, мақсаты айқын жастардың қолында. Ал сол жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, көшбасшылық қабілетін шыңдау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ауданымызда белсенді жастар мен мектеп президенттеріне арналған «Бүгінгі белсенді жас – ертеңгі көшбасшы» тақырыбындағы семинар-тренинг өтті. Аумақтық сайлау комиссиясы мен аудандық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған тағылымды шара сайлау күні аясында өткізіліп, мазмұны мен мәні терең, ой салатын кездесуге айналды.
Семинардың шымылдығын аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали ашып, жастарға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге бейжай қарамай, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы – өркениетті қоғамның басты көрсеткіші екенін атап өтті. Ал аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашев мектеп президенттерінің бүгінгі белсенділігі – ертеңгі саналы сайлаушының қалыптасуы екенін тілге тиек етіп, семинар барысында айтылатын ойлар мен тәжірибелердің жастар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.

Шара барысында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы жастармен ашық әрі шынайы әңгіме өрбітті. Бір рет тағайындалып, екі рет халық сенімімен сайланған әкім ретінде ол көшбасшылық жолындағы жауапкершілік, мақсат қою, табандылық пен белсенді азаматтық ұстанымның мәнін өз өмірлік тәжірибесі арқылы жеткізді. Халық сенімін арқалаған басшы жастармен бір толқында сөйлеп, өз жолын қалай қалыптастырғанын әсерлі сторителлинг арқылы баяндады.

Рафиғат Әнуарбекқызы 2017 жылдан бері Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округін басқарып келеді. 2020–2021 жылдары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білімін жетілдіріп, «Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша үздік магистр атанды. Бұл кезең оның басқару тәжірибесін жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік саясат пен жергілікті басқарудың заманауи тәсілдерін терең меңгеруіне жол ашты. Еңбегі мен нәтижелі қызметі жоғары бағаланып, 2021 жылы облыс бойынша «Үздік ауыл әкімі» атанды. 2021 жылдың 7 қарашасында және 2025 жылдың 26 қазанында өткен тікелей сайлауда ауыл тұрғындарының қолдауына ие болып, екі мәрте әкім болып сайлануы – оның халық алдындағы беделі мен сенімінің айқын көрінісі. 2023 жылы «AMANAT» партиясының саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған республикалық деңгейдегі саяси көшбасшы әйелдерге арналған «Томирис» бағдарламасына конкурс арқылы қабылданып, ҚР Парламенті Мәжілісінде тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ партияның республикалық «Әкімдер мектебі» жобасының сарапшысы ретінде жергілікті басқару саласындағы тәжірибесін бөлісті.

Кездесу барысында мектеп президенттері саясатқа қызығушылық танытып, көшбасшы болу үшін қандай қасиеттер қажет екенін, қоғамға қалай ықпал етуге болатынын сұрап, пікірталасқа белсене араласты. Сұрақтар легі әкім мен жастар арасындағы шынайы диалогтың қалыптасқанын аңғартты. Бұл жүздесу жас буынға тек мотивация емес, нақты өмірлік бағдар берген тағылымды сабаққа айналды.

Ал аудандық «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Жайна Мәлімқожа «Өзіңді таны – мамандықты тап» тақырыбында сөз сөйлеп, кәсіби бағыт-бағдар, тұлғалық даму және дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы туралы ой қозғады. Ол әр адамның өз бойындағы қабілетті, софт скилл бағыттарын дер кезінде танып, дамытуы – болашақта өз орнын табудың басты шарты екенін атап өтті. Жастарға нақты өмірлік мысалдар арқылы ой салған спикердің сөзі қатысушыларды өз болашағына тереңірек үңілуге жетеледі.

Семинарды түйіндеген Анар Нұрбергенқызы «Волонтерлік – жүрек таңдауы» тақырыбында сөйлеп, еріктілік қызметтің қоғамдағы рөлі мен жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырудағы маңызын айқындады. Ол өзінің волонтерлік жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, өзгеге көмектесудің, біреудің қуанышын бөлісудің адамға беретін рухани күшін әсерлі жеткізді.

Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар волонтерлік қызметке деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. «Мен де сіз сияқты ерікті болдым. Біреуді қуантқандағы эмоцияның қандай екенін білемін. Алға қарай тоқтамау үшін қандай кеңес бересіз?» деген сұрақ жастардың жүрегінде ізгілік пен жауапкершілік бар екенін аңғартты.

Семинар барысында ашық диалог алаңы қалыптасып, жастар өз ойларын еркін жеткізіп, пікір алмасты. Қатысушылардың белсенділігі, сұрақтарының мазмұны мен тереңдігі олардың көшбасшылыққа, қоғамдық өмірге бейжай қарамайтынын көрсетті. Мұндай кездесулер жастардың тәжірибе алмасуына, өз мүмкіндігін тануына, азаматтық белсенділігін арттыруға және көшбасшылық дағдыларын дамытуға кең мүмкіндік беретіні анық.

Шара соңында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдаулет Ателов қорытынды сөз сөйлеп, семинардың тәрбиелік әрі практикалық мәніне тоқталды. Спикерлердің таңдауы бойынша ең белсенді болған екі жасқа сый-сияпат табысталып, олардың ізденісі мен белсенділігі ерекше атап өтілді.

Бұл семинар-тренинг – жастарға бағытталған кезекті шара ғана емес, олардың болашаққа деген көзқарасын айқындайтын, өз жолын табуға жетелейтін маңызды рухани алаң болды. Бүгінгі белсенді жас – ертеңгі көшбасшы екені осы кездесуде тағы бір мәрте дәлелденді. Ал саналы, жауапты, мақсатшыл жастар бар жерде елдің ертеңі де берік болары сөзсіз.

Е.ЗИНЕДЕНОВ



