БЕНЗИН МЕН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

Елімізде жылына 80 млн теңгеден астам мұнай өндіріліп, шикізат және өңделген күйінде шетелге шығарылып, еліміздің бюджетіне қомақты қаржы түсуде. Әрине, еліміздің алға қарыштап дамуына мұнай экспортының қосқан үлесі ерекше. Алайда табиғат-ананың берген байлығын ұтымды пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.

Әсіресе, осындай байлықтың ортасында отырып, мұнай өнімдерінің әлеуетін ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға жұмсай алмай келеміз. Халқымыз күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін өндіруге жұмсалатын мұнай өнімдерінің бағасын реттей алмай, жыл сайын егін жинау кезінде дизель отыны бағасының қымбаттауына жол беріп келеміз. Нәтижесінде дүкендерде, базарларда нан, ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, т.б. азық-түлік өнімдері қымбаттай түсуде.

Әсіресе, көктем сайын жанар-жағармай баяғы дәстүрінше  бір түнде-ақ аспандап шыға келеді. Қазір екі адам бас қосқан жерде жанар-жағармайдың қымбатшылығын айтудан әсте жалығар емес. «Апам да аң- таң, жездем де аң- таң» деген осы болар. Осыдан бір аптадай бұрын Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасап, жанар-жағармай бағасының қымбаттау себебін түсіндірген болатын.

Онда Үкімет басшысы Қазақстанда дизель отынымен бензиннің тұтыну деңгейі  ең жоғары екенін тілге тиек етті. Жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді екен. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді,- дейді.

Яғни Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда. Мысалы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық  деңгейге жеткен. Жалпы соңғы бес жылда бензин өндірісі 70%-ға,  дизель өндірісі 33%-ға дейін өскен.

«Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда -2 есе қымбат. Соның нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр»,- дейді  ол.

Сол себепті оның ойынша, мұндай кезде бензин мен дизель отынының бағасын  одан ары ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ Ә. Смайылов наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 15%-ға өскенін айтты. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына ұрынамыз екен.

Бұл жөнінде ол: -Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Оған қоса Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель отыны толығымен бөлінген. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз әкетудің жолын кесу үшін басқа да тиісті шараларды қабылдайтын болады»,-деген еді.

Әр түрлі баспасөз беттеріндегі экономист сарапшылардың сөзіне құлақ түрсек, олардың айтуына қарағанда, бағаны бұлай ұстап тұрудың арты қымбатшылыққа апаруы мүмкін. Себебі ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін дереу Ресейден шикізатты импорттауға тура келеді. Бұл өз кезегінде бағаны өсіріп қана қомай, өндірістің дамуын да тежейді. Ресейде бізбен салыстырғанда, сұйық отын бағасы екі есе жоғары екен. Қазір еліміз бойынша биылғы 12 сәуірден бастап, бензин-11, дизельдік  отын  20 пайызға қымбаттайды екен деген әңгімелер жиі айтылуда. Осыған орай  барлық облыстарда жанармай бағасын теңестіру жұмыстары да қолға алынып жатқанында естідік. Қалай болғанда да, сарапшылардың сөздеріне сенсек,бензин мен дизельдік отынды қымбаттату тиімсіз. Айталық,  қазір біздің ауданда  АИ-92 маркалы бензиннің литрлік бағасы -170, ал АИ-95 маркалы жанармайдікі -204 теңгеден сатылуда. Бұл әзірге уақытша баға болуы мүмкін. 

Әрине, азық-түлік бәрімізге де керек. Жасқа да, кәріге де, шаруаға да, жұмысшыға да, мұнайшыға да, тіпті министрге де.  Ал жанар-жағармай қалай қымбаттаса, азық-түлік бағасы да солай ұшынып шыға келетінін түсіндіріп жатудың өзі ыңғайсыз болар.

Ал сол өнімдерді өндіріп жатқан шаруаларға немесе қарапайым еңбек адамдарына жан-жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсету арқылы (жанар-жағармай бағасын төмендету, арзан несие беру, субсидиялау, т.б.) азық-түлік өнімдерін арзандатуға атсалысудың орнына, дәл егін жинау науқаны алдында дизель отынының бағасын көтеріп жіберуі тіптен түсініксіз. Бір қызығы, осы мәселе жыл сайын қайталанады. Сондықтан Үкімет өте өзекті бұл мәселені арнайы қарап, ауыл шаруашылығына жұмсалатын жанар-жағармайдың (дизель отыны, бензин, т.б) жеткілікті қорын құрып, оны арзандатылған бағамен шаруаларға жеткізіп беретін жүйені құруы қажет. Бұл – еліміз үшін өте маңызды.

                                                                                                   

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT