19 наурыз Жаңару күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейтін, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіретіндей істермен үйлесім табар сәт болуымен ерекшеленуі ескерілгенін айтсақ артық емес.
Бұл – ауданымызда да алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастауды, өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақытын, қоғамдық-саяси тұрғыда да «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін істер – ауылдық жерлерде мекемелердің кеңсе үйлері алдына тал егу, сонымен бірге кеңсе үйлерінің қасбеттерін жаңарту, өсіп тұрған тал-теректерге көктемгі күтіп-баптау жұмыстарын атқарумен көрініс тапты.
Бұл жұмыстар жырақтағы Зинеден ауылында да ұйымшылдықпен атқарылды.
– Бұл күнгі сенбілік кезінде округ орталығында, жалпы алғанда, 100 түп тал егу жоспарланған болатын, қазір сол жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ, мекемелердің қасбеттерін жаңарту, өсіп тұрған теректерді түптеу, айналасын тазалау сияқты жұмыстар да атқарылуда. Атаулы күнге орай өтіп жатқан «еңбек мерекесіне» ауылдағы бөбекжай-бақшадан - 40, округ әкімі аппаратынан – 15, ауылдық клубтан – 5, орта мектеп ұжымынан 50 адам қатысуда,-деді бізге Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Адилова.
Мұндай шаралар барлық ауылдық округтер бойынша жүргізіліп, табиғат та дүр сілкініп жатқан шуақты шақтағы ынтымақ-бірлігімізді, жаңаруға, жаңғыруға деген жанашыр көзқарасымызды да таныта түскендей әсер қалдырды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР