Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді» – деп алаяқтыққа қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Неге десеңіз, елімізде алаяқтық тыйылмай тұр.
Бүгінгі цифрлы дәуір, бір жағынан, адам өмірін жеңілдетсе, екінші жағынан қауіп пен қатерге толы. Әсіресе, интернет пен ұялы байланыс арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің қарқыны өршіп тұр. Сандық технологияның тілін жетік меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдау-арбау әдіс-тәсілдері күн санап мың құбылуда. Кеше ғана қоңырау шалу арқылы карта деректерін сұраса, бүгінде жалған сайттар, фейк парақшалар мен мобильді қосымшалар арқылы тұзақ құрып отыр.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы бес айында интернет-алаяқтыққа байланысты 21 дерек тіркелген. Оның ішінде 8 іс сотқа жолданып, 7 қылмыстық іс бойынша тергеу мерзімі үзіліп тұр. Бұл ретте қылмыстың ашылу көрсеткіші – 53,3 пайыз. Салыстырмалы түрде алсақ, 2024 жылдың осы кезеңінде 17 дерек тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 23,5 пайызға өсіп отыр. Бұл – ауданда интернет алаяқтық қылмыстарының жылдан-жылға белең алып келе жатқанын білдіреді.Аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетовтің айтуынша, көбінесе орта жастағы адамдар алаяқтардың арбауына түседі екен.
– Аудандық полиция бөлімі тұрғындарға әркез аталған қылмыстарды болдырмау, алдын алу мақсатында жеке дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақыру туралы жадынамалар таратып, аудандық желі сайттарында ескерту хабарламаларын жариялап келеміз. Әлеуметтік желіге компьютер арқылы кіргенде сақ болу қажет. Десе де, алаяқтық дерегі азаймай тұр. Әсіресе, алданғандар қатарында жоғары білімді мұғалімдердің болуы тіптен қызық. «Телеграм» канал арқылы келетін жарнаманың да жетегінде кететіндер көп.Ескерте кетер жайт, ешқандай банк сіздің шотыңызда жүзеге асырылайын деп жатқан операциялар бойынша қоңырау шалмайды және құпия сөзді сұрамайды. Алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, алдымен мекен-жайыңыз бойынша полиция бөліміне келіп арыз жазасыз. Одан соң іс тергеліп, сотта қаралған соң Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабы аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылады.Егер сіз интернет алаяқтарына тап болсаңыз немесе күдікті әрекеттер байқасаңыз, дереу 102 арнасына хабарласыңыз, - дейді полиция бөлімінің криминалдық полиция өкілі.
Интернеттің пайдасы орасан, алайда зияны да шаш-етектен екені белгілі. Бұл қылмыс жасаушы алаяқ тұлғалар дипломы жоқ психологтар десек те болады. Мамандардың айтуынша, алаяқтардың құрығына тек егде жастағы адамдар ғана емес, жоғары білімі бар, ақыл-парасаты мен IQ деңгейі жоғары азаматтар да оңай түсіп қалып жатыр. Себебі бұл – білімнің немесе әлеуметтік статустың кемшілігі емес, алаяқтардың адамның эмоциясы мен психологиясын шебер пайдаланатын манипуляциялық тактикасының нәтижесі. Олар адамның үрейін ұшырып немесе керісінше, үмітін оятып, қуантып отырып әрекет етеді. Бір сәттік сенім – алаяқтың ең үлкен қаруы. Әсіресе, өздерін банк қызметкері, полиция немесе туысыңыздың танысы ретінде таныстыратын әккілер әңгімені сенім тудыратындай етіп жүргізіп, ақыл тоқтатқан адамның өзін тұзаққа түсіреді. Бұл – заманауи психологиялық шабуылдың жарқын көрінісі.
Қазір сандық заман – мүмкіндіктер дәуірі. Алайда бұл мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатер де қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Әсіресе, онлайн әлемде киберқауіпсіздік ережелерін әрбір азамат білуі – уақыт талабы. Себебі алаяқтар адам сенімін пайдалануды кәсіпке айналдырып, сезімге әсер ету арқылы сананы тұмшалауда. Ақпараттық сауаттылық пен ұдайы сақтық – кибершабуылдардан қорғанудың ең тиімді жолы.
«Сақтансаң – сақтайды» деген халық даналығы бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан сандық кеңістікте де сергек болайық, саналы әрекет етейік!
Сағыныш ҚАЙЫР