Биылдан бастап елімізде 17 наурыз күні – «Шаңырақ күні» аталып өтеді. Наурыз мерекесін мерекелеудің жаңа тұжырымдамасына енгізілген атаулы күнге орай
Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері отау құрғандарына 50 жыл болған ауыл тұрғыны - 13 немере-жиен сүйіп отырған Хатиетолла ата мен Гүлнәр ананың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Наурыз қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерейгерлерді қуанта барған өнер ұжымы әкелген естелік сыйлықтарын табыстап, әсем әндерін тарту етті. Құрметке дән риза болған ата мен әжей өнерпаздарға ақ батасын беріп, ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім еткен еді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз мейрамын мерекелеудің негізгі мақсаты Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, азаматтарды елдің жасампаз дамуының ортақ міндеті айналасына топтастыру, ортақ мәдени-рухани құндылықтар мен жалпыұлттық сананы қалыптастыру болуға тиіс. Осыған сәйкес Наурызды мерекелеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері әзірленді» деді Нұрғиса Дәуешов жаңа тұжырымдама туралы жасаған мәлімдемесінде.
Вице-министр Наурыз мейрамын тойлауды заман ағымына қарай жаңа форматқа ауыстыратын уақыт келгенін атап өтті.