Жастардың бойында бір шоқ үміт, санасында сұрақ көп. Ал олардың сауалын шынайы, өмірлік тәжірибеге сүйене отырып тыңдап, нақты жауап бере алатын тұлғалармен ашық диалог құру — бүгінгі күннің ең үлкен қажеттіліктерінің бірі. Жақында аудандық Жастар ресурстық орталығы дәл осы мақсатта TEDx форматындағы ерекше кездесуді ұйымдастырып, жастар мен мемлекеттік қызмет өкілдерінің арасындағы көпірді нығайтуға тағы бір қадам жасады.
Кешке құрметті қонақ ретінде аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов, 2024 жылдың «Ең үздік мемлекеттік қызметкері» атанған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынзер Сапаева, сондай-ақ Тұщықұдық ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы және коммуналдық шаруашылық бөлім басшысы Ералы Сералиев қатысты. Бұл кездесу ресми жиын болудан гөрі өмірлік тәжірибе мен көзқарас, жас буынның толғанысын ортаға салған шынайы диалог алаңына айналды. Арманбек Махмутов Мемлекеттік басқару академиясында алған білімі мен студенттік жылдардағы өмірлік сабақтары туралы ашық айтып, жастарға бағыт-бағдар боларлық әңгіме өрбітті. Өз сөзінде ол үш кітапты ерекше атап өтті: Қажығали Омаровтың «Әке» романы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» еңбегі және Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясы. Бұл шығармалар арқылы өзінің өмірлік ұстанымдарын қалыптастырғанын, кітаппен сырласу адамның ішкі дүниесін тереңдететінін жеткізді.
Мемлекет алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі — ел экономикасын ілгерілету. Ал бұл бағытта еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Алтынзер Сапаева — көпке үлгі. Қаржы саласындағы 33 жылдан аса үздіксіз қызметі — тек еңбек қана емес, нағыз адалдық пен табандылықтың айғағы. Ол жастарға нақты фактілермен, мысалдармен бүгінгі қаржы жүйесінің маңызын түсіндірді. Бұл кездесуде жастарды толғандырған басты сұрақтардың бірі — жас мамандардың жетіспеушілігі. Бұл мәселеге байланыс-ты Алтынзер Сапаева жас буынның тұрақсыздығын, бір орында ұзақ уақыт жұмыс істегісі келмейтінін атап өтті. Жастардың көзқарасын түсіне отырып, ол мемлекеттік қызметтің тек мансап емес, миссия екенін тілге тиек етті. Кеш барысында биылғы жылға арнайы бекітілген «Жұмысшы мамандықтар жылы» да назардан тыс қалмады. Бұл тақырыпты Ералы Сералиев тереңірек тарқатып, ауылдық округтегі нақты мысалдар арқылы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен қажеттілігін көрсетті.
Кештің басты ерекшелігі — оның шынайылығы. Жастар ашық сұрақ қойып, қонақтар дайын жауап емес, жүректен шыққан шынайы әңгіме арқылы жауап қатты. Бұл – TEDx форматындағы кездесудің ең үлкен жетістігі.
Мұндай жүздесулер жастардың сенімін арттырып, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Ал тәжірибелі мамандармен болған әрбір әңгіме — болашақ таңдау жолында бағыт беретін шамшырақ.
Сағыныш ҚАЙЫР