Бүгінгі күннің жастары ырым-тыйым мен жөн-жоралғының мән-мағынасын түсіне ме?

фото: интернеттен

Қазақтың әр сөзінің  түпкі тамырына терең үңілсек, зор мағына бар.Оны көпті көрген, ақылы толысқан, көзі ашық, көкірегі ояу  жан ғана түсінер. Ал, біздің қазіргі қоғамдағы жастар, яки апа-сіңлілеріміз  жөн-жоралғының мән-маңызын түсіне ме? Әй, қайдам. Әрине, көпке топырақ шашпаймын.

Бірақ, көз көрген жерде бұл шындық. Жастар десем,таяқтың бір ұшы өзіме де тиеді. Әйтсе де, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, үлкендердің  қа-зақы салт-дәстүрге, ырым-тыйымдарға зор мән беріп әрі қатаң ұстануы менің бала кезден-ақ санамда жатталып қалды. Тіпті, жақсы сөздерді жалау етіп, ал жаман әдеттен алшақтатып «тәһ» деп қағып өсірген. Есесіне, жаға ұстар жағымсыз әдеттен аулақ боп, көпті жатырқамай, ортамен етене жақын араласып,тіл табысуым да тез-ақ. Әсіресе, әжеме алғысым шексіз! Үнемі, жанында жүргенде (тізенді құшақтама, бүйірінді таянба, босағаға керілме, үйге қарай жүгірме т.т.с) өте көп ырым-тыйымды айтып, бала көңілімді жамандықтан тежейтін. Ал қазірше... Осындай мәні мен маңызы бар, тәлім-тәрбиені нұсқай білетін,айта білетін ақжаулықты әже мен биязы аналар бар ма? Әлде, оны оң құлағымен тосып, ұға білетін жастар қатары жоқ па?  Ырым-тыйымнан бөлек салт дәстүрдің бәрін білемін демей-ақ қояйын. Бірақ, ішінара көріп өскенім бар. Атақты Бауыржан Момышұлының келіні  Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты кітабы көпке таныс. Дейтұрғанмен бұл кітаптың өзі кітапхана сөрелерінен таптырмасы анық. Бұл кітапта халқымыздың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағы-насын жас ұрпаққа кеңінен түсіндіреді. Осы арқылы бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырады. Кітапта құрсақ шашудан бастап, баланың алғашқы мүшеліне дейінгі аралықта салт-дәстүр, жөн-жоралғылар барынша қамтылған. Бүгінде бізге, кейінгі өскелең жастарға, болашақ ұрпақты тәрбиелер жас аналарға насихаттап жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Қазақы жөн-жоралғы қашанда мән-мағынасын жоғалтпай, ертеңгі елдің тұтқасын ұстар жастарға, бір шаңырақтың түтінін түзеу түтетер жас қыз-келіншектерге үлгі, өнеге болуы шарт. Ал өзім кішкентайымнан әжемнің есті әңгімелерін ести жүріп, азды-көпті  ойға түйіп өскенім бар.Ендеше, ырым-тыйымның мән-мағынасы кеңінен түсіндіріп жазылған «Күретамыр» кітабынан үзіндіні жас буын қыздарға, жас аналардың назарларына ұсынамын.

«Бүйіріңді таянба»

 

Үлкендердің аузынан естілетін бұл тыйымның себебін көпшілігіміз біле бермейміз.Әйтеуір «жаман болады» дей саламыз.Таратып түсінетіндер де некен-саяқ. Бүйірін таяну – амалсыздан, қазаның үстінде қара жамылып отырғанда қажеттіліктен басқа түсетін жағдай.Сондықтан жайшылықта жамандық шақыру, өлім тілеу нышанындай болғандықтан қатал тыйым салынған.

«Кісіге қарап  есінеме, керілме»

 

Тыйым сөздердің барлығы адамды тек жақсылыққа бағыттайды. Адамның іс-кимылы, тұрысының өзі келісті, жарасымды болуы тыйым тәрбиесімен астасып жатады. Мысалы, кісіге қарап есінеу, керілу - ең алдымен, көргенсіздік. Екіншіден, қасыңдағы адамға кесірің тиеді. Қарсы алдындағы адамға қарап есінеп не керілгенде ол лезде бойкүйезденіп мазасы кете бастайды, денесі кұрыстап есінеп, керілгісі келеді. Өйткені есінеген не керілгеннің бойынан таралатын өзіндік қуат күші жанындағы кісіге беріледі. Әрине, әр адамның энергия-сы әртүрлі. Сонда да бұл - жағымсыз әдет, сондықтан тыйым. Кісі отырған жерде амалсыздан есінеуге тура келсе, қолдың сыртымен ауызды қалқалаған жөн.

«Адамды айналма»

 

Ертеде сырқаты меңдеп қиналып әл үстінде жатқан жалғыз ұлын ажалга қия алмаған байқұс ана Жаратқанға жалбарынып: «Я, Алла, баламның орнына менің жанымды ал, мен құрбандық, мен құрбандық!» - деп шырылдап, ауру перзентін айнала беріпті, айнала беріпті. Ақыры ана жан үзіп, жігіт аман қалған екен дейтін аңыз бар. «Адамды айналса, сол кісіге садақа болады, егер абайламай айналып өтсе, жаңағы жүрген жолымен қайта қайту керек» деген тыйым айтылған.

«Бейуақытта ұйықтама», «бейуақытта жылама», «бейуақытта ұрыс-керіс шығарма»,  «бейуақытта қоқыс төкпе», т.б

 

Бұл уақыт екі әлемнің –күн мен түннің, қараңғы мен жарықтың алмасатын, жаратылыстың сырын ішіне бүккен тылсым шағы.Назар аударсаңыз, «бейуақ» сөзінің мағынасы «мезгілсіз», «уақытсыз» болып шығады, яғни не күн емес, не түн емес, дүбәра өтпелі сәт.Ал өтпелі кезеңнің қандайы болсын бей-берекесіз мол қиындықтарды ала келеді.Табиғатпен үндесіп өмір сүрген көшпенді  ата-бабаларымыз бейуақытта болатын өзгерістерді білген.Білгендіктен ұрпағын сақтандырып тыйым салған.Айналаңызға зер салып,жіті қарасаңыз бейуақыттағы тосын жайларды байқауға болады.Мысалы, дімкәс адамдардың ауруы қозады, ал төсек тартып жатқан адамдардың өмірден озатыны осы кезде жиі кездеседі.

«Аяқкиімді төңкерме»

Адам бір күн туып,бір күн өледі,оған үшінші күн бұйырмаған.Бұл –екінің бірі білетін тіршілік ақиқаты.Әне, сондай болмай қалмайтын күн туып, адам өмірден озғанда оның аяқкиімін төңкеріп қояды.Өйткені, жер басып жүрер жолы таусылды, өмір сапары аяқталды.Ал күннің қызылы мен  қызығын көріп тірі жүрген адамның аяқкиімін төңкеру жаман ырым.Сондықтан төңкерілген аяқкиімді көрген кез келген адам оны дереу түзеп қояды.

«Қолыңды төбеңе қойма»

Айналасынан зәбір-жапа көріп,тұрақтайтын тиянақ таба алмай,жанашыр сезімге жар болған адам ел-жұртынан безіп кетуге бел буғанда қолын төбесіне қойған. «Қолыңды төбеңе қойма» деген –тіршіліктен түңілу,дүниеден баз кешу, ел-жұртынан, кіндік қаны тамған туған жерден айырылу секілді қасіретті жағдай кімнің де болса басына түспесін,жамандық аулақ болсын дейтін тілектен шыққан тыйым.

«Аяқты айқастырма»

Қазақтар аяқты айқастырғанды алдағы басып өтер жолын тұйықтау, өзіне-өзі тосқауыл қою санап тыйымдаған. Сонымен бірге аяқты бір-біріне мінгестіруді тұрпайы әдепсіздіктей қабылдаған. Әсілі, бұлай отыру ертедегі көне қазақ қоғамында болмаған екен. Бұл өзі ағаш орындыққа шоқиятын елдерден келген әдет. «Ауру - астан, әдет - достан» дегендей, ешкімді жат көрмейтін кеңқолтық халықпыз, өзгелермен достасқан сайын еліктей бергенбіз гой. Енді, міне, бүгінде ер-әйел демей, жасөспірім бала демей, қыз-қырқын демей, кез келген орында аяқты айқастырып шіренетін болды.

Сөздің қысқасы, қазақтың тәрбие-талғамының үлкен бір саласы болып табылатын тыйым сөздер өте көп.Соның бәріне жеке кітап арнамаса ,бұл жерде түгел қамту мүмкін емес.Тек бала кезден санаға құйылып,зердеге қонақтап қалғандарын,онда да ел ішінде жиі айтылатын кейбіреулеріне ғана тоқталып өттік.

Сағыныш ҚАЙЫР

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521