«Би – өнері биікте, биіктей бер»

 

Көктемнің соңғы күндері көңілге шаттық сыйлап, өнердің әсем бір әлеміне жетеледі. 29 сәуір – Халықаралық би күніне орай Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде «Би – өнері биікте, биіктей бер» атты әсерлі концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Сахна төрінде өнер мен өрнек қатар өрілген бұл кеш көптің көңілінен шығып, көрермен жүрегінен орын алды.

Мерекелік іс-шараны би өнерінің шынайы жанашыры, ауданымызға танымал хореограф, «Үздік мәдениет қызметкері», педагог-сарапшы Қамажай Мұғауқызының жетекшілігімен және мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы ұйымдастырды.

 

 

Кеш шымылдығын ашқан кішкентай бүлдіршіндердің қимылынан-ақ балғын сезім мен таза эмоция аңғарылып тұрды. Әр би – тұтас бір хикая. Мың бұралған биші қыздарымыз ұлттық нақышты, әсем үйлесімді, нәзік қимылмен жеткізіп, сахнаны шынайы өнер алаңына айналдырды. Әр қимыл – жанның сөзсіз тілі іспетті, көрерменді үнсіз сүйсіндіріп, терең әсерге бөледі.

 

 

Кеш тек концерт емес, жан мен тәннің үндестігін, тәрбие мен талғамның тоғысқан тұсын көрсеткен өнер мерекесі болды. Қамажай Мұғауқызы жетекшілік еткен әрбір қойылымда кәсіби шеберлік пен би өнеріне деген зор құрмет анық сезілді.

 

 

Салтанатты кеште аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали, Тұщықұдық  ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы және мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат сахнаға шығып, мерекемен құттықтады. Олар би өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Қамажай Мұғауқызына шынайы ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі.

 

 

Қамажай Мұғауқызы – бұл саланың сырын да, сымбатын да терең меңгерген тұлға. Оның жетекшілігімен талай шәкірт би өнерінің биігіне жол тартты. Осы кеш соның айғағы іспетті болды. Шара соңында көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, өнерпаздарға деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

«Би – сөзсіз тіл. Ол жүрекпен сезіледі» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен бұл кеш – үнсіз сөйлеген өнердің жарқын көрінісі болды.

 

 

Осындай рухани кештер көп болып, би өнері асқақтай берсін!

 

Әсел Табиғатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT