«БИ ӨНЕРІНЕ ҚОЛДАУ ЖЕТІСПЕЙДІ»-дейді хореограф Таңшолпан

Барша ұлт өкілдеріне түсінікті, өнердің ең әдемі, көзге көркем түрі- би. 29 сәуір – Халықаралық би күні. Табиғаты бір-біріне жат, мүлдем таныс емес адамдардың да басын біріктіретін, көңілге қуаныш, жүзге күлкі сыйлап, бойдағы қуатты арттыратын күшке ие өнер түрін кім-кімнің де ұнатары сөзсіз.

 Әрбір қазақ «би» десе,қазақ  би өнерінің падишасы – Шара Жиенқұлованы еріксіз еске түсіреді. Заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов те  «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі», - деп майталман бишінің өнеріне әділ баға берген. Осыған қарап халқымыздың би өнерін ерекше құрметтеп, айрықша бағалайтыны көрінеді. Ал, Шара Жиенқұлова бір сұхбатында «Маған көп адамдар «қазақ халқында би болған ба?», - деп сұрақ қояды. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы, бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына келтіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Халықтық қолөнер - кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимылдары. Мені халқым бірінші биші деп атайды, сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен халықтан жинап жүріп неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шығардым»,-деп қазақ би өнеріне өз бағасын берген.

Біздің өңіріміз де өнерден кемде қалмаған, себебі өнердің қай түрі болмасын қанмен берілгендей әрбір қазақтың бойында тулап тұр. Аудандағы кішкентай бүлдіршіндерге жас та болса бас болып, түрлі би түрін үйретіп,  талай додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мерейін асқақтатып жүрген «Жалын» мәдениет үйі  би үйірмесінің жетекшісі, «Жалын» би тобының хореографы - Таңшолпан Мұғау. Сыршыл өнердің сырын білу үшін Таңшолпан ханыммен сыр-сұхбатты ұсынамыз.

– Ең алғаш би өнеріне қалай келдіңіз?

– Би-маған ерекше ұнайтын өнер түрі. Мектеп  қабырғасында жүріп түрлі мерекелік концерттерге жеке үнді, вальс сияқты билерді билеп жүрдім. 2013 жылы көптеген түлектер сияқты «мұғалім» болатын шығармын деген оймен Орал қаласына барып, оқу орындарын аралап жүргенде “Құрманғазы атындағы саз колледжіне” кіріп, би формасымен билеп жүрген әдемі биші қыздарды көргенде қызығушылығым бірден оянды. Осы колледжге түсіп, 2013-2017 жылдар аралығында оқып, “би үйірмесінің жетекшісі, педагог, хореограф” мамандығын тәмамдадым. Бастапқы ойым ұстаз мамандығынан алыс кетпедім десем де болады, тек өзімнің жан қалауыммен би өнерінің жетекшісі атандым.

– Жасыратыны жоқ, би өнерін көпшілік мамандық ретінде қабылдамай жатады, осы тұрғыда ата-анаңыз қарсылық білдірмеді ме?

– Хореография саласын біздің халық мамандық ретінде қарамауына түрлі себептер бар. Басты себеп, би тек той саласында деп кейбір жандар келте ойлауында деп білемін. Ал, шындығында би өнері ең нәзік те сезімтал сала. Бұл саланы жетік меңгерген жан ешуақытта жұмыссыз немесе қоғам назарынан тыс қалмайды. Оған қоса қазіргі таңда би өнеріне оң қарап, қадір-қасиетін бағалайтын жандардың да саны артуда. Сондықтан да хореография саласын жетік меңгерген жан жұмыссыз қалмасы анық деп ойлаймын. Ал, ата-анама келсек, олар менің қай бастамамды да қолдайды. Сондықтан мамандық таңдауымда да ақ баталарын берген еді.

– Бір би түрінің өмірге келуі қалай жүреді, процесс, дайындық ұзақтығы қалай?

– Әр би әртүрлі уақытта толықтай қойылады. Шабыт келіп тұрса  бір күнде де қоюға болады. Би қай топқа,  жас ерекшелігіне байланысты жүзеге асады. Хореограф болу үшін әркез ізденісте болып, жаңашылдық пен тәуекел жасаудан қорықпау керек. Сонда ғана біз күтпеген керемет дүние шығады деп ойлаймын. Ал, дайындықтың ұзақтығы шәкірттердің үйренуіне қарай болмақ. Тек би шығарып ғана қоймай, шәкірттермен де дұрыс жұмыс жасауды талап етеді.

– Өзіңізге жақын жанр, қай бағыттағы би түрі ұнайды?

– Барлық билер өзіне тән ерекшеліктерімен ұнайды. Әсіресе ұлттық қазақ биіміз ұнайды. Ритмін өзгертіп, қимылдарын заманауи нақышқа келтіру арқылы қазақ биімізді де заманауи етіп өзгертуге болады. Ұлттық билер менің жаныма ерекше жақын.

– Қазіргі қазақ би өнеріне не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Би саласына қолдау жетіспейді, аса мән бермей көпшілік оңай деп қабылдайды. Концерттің көркін келтіретін биге үлкен қолдау білдірсе деймін. Қарапайым ата-ананың балаға деген қолдауынан басталса, басшыларымыз қолдау білдірсе үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Кейбір жандар биді тек той-томалақта ғана болады деп арзан бағалап жатады. Ал, шындығында би дегеніміз өнердің барлық түрі топтасқан өнер түрі. Осындай қате пікірдің болуынан өнер бағаланбай жатады. Оған қоса үлкен сахнада өнер көрсетіп, түрлі додаларда бақ сынау үшін қаражаттың болуы, демеушілердің қолдауы да қажет.

– Шәкірттеріңіздің арасында үміт күттірер биші жастар бар ма және алдағы жоспарларыңыз?

– Иә, жеңістеріміз көп болады деген сенімдемін! Үлкен сахнаға шығып, жақсы етіп өнер көрсетудің өзі  - мен үшін жеңіс! Биден алған білімімді әрдайым түрлі шеберлік сағаттарға қатысып дамыту үстіндемін. Оқушыларымның санын көбейтіп, түрлі концерт жарыстарға қатысып өнер көрсету жоспарда бар. Ал, шәкірттеріме келсек, әр бала өзімше әдемі билейді. Дегенмен ішінде тума таланттары да жоқ емес.

– Шығармашылық табыс тіледім, ашық әңгімеңізге бек рақмет.

Таңшолпан Мұғаудың жағымды жаңалығы да жоқ емес, таяуда ғана Мақат ауданында өткен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ балет бишісі, Н.Топалованың 100 жылдығы, ҚР Халық әртісі Гүлжан Талпақованың  75 жасқа толуына орай, Халықаралық би күніне, облыстық «Сырлы биім- елге сыйым» атты би байқауында ІІІ дәрежемен марапатталса,  Жылой ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында Халықаралық би күніне және ҚР Халық әртісі, биші Г.Талпақованың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Би оркестрі-23» облыстық би байқауына қатысып, Алғыс хат иеленіп, аудан мерейін тағы бір мәрте асқақтатты.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521